Бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтары

Автор: редактор 05 марта, 2025


Баршаға сәлем, қымбатты оқырман!

Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз📍

Қазақстанда тіс дәрігерлерінің табысы 210 млрд теңгеге жетті

2024 жылы Қазақстанда стоматологиялық қызметтердің жалпы көлемі 209,9 млрд теңгені құрап, соңғы бес жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есе артық.

Бірінші несие бюросының мәліметінше, 2021 және 2022 жылдары стоматологиялық клиникалардың табысы жыл сайын екі есеге жуық өскен, алайда 2023 жылы салада белгілі бір баяулау байқалған. 2024 жылы керісінше, айтарлықтай серпіліс болды.

“Стоматологиялық қызметтерге сұраныстың артуына зейнетақы жинақтарын алу шарттарына қатысты белгісіздік әсер еткен. Зейнетақы қорынан қаражат шешіп алуға шектеу енгізілуі мүмкін деген алаңдаушылық халықтың медициналық қызметтерге, соның ішінде тіс емдеуге белсенді қаражат жұмсауына себепші болған”, – деп түсіндірді бюро сарапшылары.

Қазақстанда стоматологиялық қызметтердің 80%-ы жеке қаражат есебінен төленеді, бұл саланың табысының артуына ықпал етті. Сонымен қатар, бағаның тұрақты өсуі де маңызды фактор болып отыр. 2021–2024 жылдары стоматологиялық қызметтердің құны жылына орта есеппен 11,5%-ға қымбаттаған, ал 2022 жылы ең жоғары өсім – 18,3% тіркелген.

Табыстары 1,5 есеге өсіпті😍👍

Қазақстандықтар қосымша құн салығын 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап төлейді

ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жаңа салық жүйесіне қатысты пікір білдірді.

Министрдің айтуынша, заң әлі күшіне енбеген, бірақ қабылданған жағдайда оның қазақстандықтарға әсері 2026 жылдың наурызынан бастап сезіле бастайды, яғни төлем мерзімі келген кезде байқалады. Сонымен қатар, мемлекет бизнеске қолайлы жағдай жасауға басымдық бермек.

Жаңа салық жүйесі аясында ҚҚС мөлшері 16% деңгейінде белгіленеді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер бұл салықтан толықтай босатылады. Сондай-ақ, денсаулық сақтау, IT, туризм, креативті индустрия және азық-түлік өндірісі салалары үшін төмендетілген 10%-дық мөлшерлеме ұсынылып отыр.

Осылайша, жаңа ҚҚС реформасы экономикаға оң әсерін тигізуді көздейді, салаларға сараланған мөлшерлеме енгізу арқылы бизнесті қолдау жоспарланған.

Ескере жүріңіздер!✔️

Депутат зейнеткерлердің қарызын кешіруді ұсынды

Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевқа жолдаған сауалында қарызға белшесінен батқан азаматтарға көмек көрсету механизмдерінің дұрыс жұмыс істемей тұрғанын айтты.

Оның айтуынша, банкроттық туралы заң мен «Е-өтініш» қосымшасы арқылы өтініш беру тетігі тиімсіз. Өтініштер қанағаттандырылмай, зейнеткерлер зейнетақысынан айырылып, сот орындаушылары есепшоттарын бұғаттап, шетелге шығуына шектеу қойып отыр.

Зейнетақы кіріс көзі ретінде қарастырылады, сондықтан ол әлеуметтік қорғалған есепшот санатына жатпайды. Бұл зейнеткерлердің банктік есепшоттарынан қаражатты автоматты түрде алуға мүмкіндік береді. Балабиевтің айтуынша, тек «Kaspi Bank», «Halyk Bank» және «ЦентрКредит» банктерінде ғана әлеуметтік қорғалған есепшот ашуға болады, ал «Қазпошта» бұл тізімге енбеген.

Сонымен қатар, депутат микроқаржы ұйымдарының қызметін бақылауды күшейту керектігін айтты. Олар шағын несие алып, оны төлей алмаған азаматтарды бірнеше есе өсіммен қарызға батырып жатыр.

Балабиев үкіметке бірнеше ұсыныс жасады:
• Зейнеткерлердің есепшоттарын бұғаттаудан босату
• Банктерде қарызы бар зейнеткерлерді анықтау
• Сот және соттан тыс банкроттық рәсімін жеңілдету
• Қарыздарды кешіру
• Барлық банктер мен «Қазпоштада» әлеуметтік қорғалған есепшоттар ашу

Депутаттың айтуынша, зейнеткерлердің қаржылық жағдайын жақсарту – мемлекеттің міндеті, ал олардың зейнетақысынан айырылуы – елдігімізге сын.

Бұған не дейсіз?🤔

Пәтеріне шектен тыс адам тіркеген пәтер иелеріне жаза күшейтіледі — Жұманғарин

Пәтеріне шектен тыс адам тіркегендерге жаза күшейтіледі – Жұманғарин

Үкімет пәтеріне шектен тыс адам тіркеген меншік иелеріне қатысты жазаны күшейтуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Мәжіліс кулуарында мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұзушылық жасағандарға айыппұл салынады, алайда оның көлемі мен заңның нақты қашан күшіне енетіні әлі талқылану үстінде. Қазіргі уақытта жұмыс тобы әкімшілік кодекске енгізілетін өзгерістерді пысықтап жатыр.

Жаңа заң енгізілмек📌