Кеш жарық, құрметті оқырман!
Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз ✅
“Болашақ” бағдарламасы бойынша бакалаврға 10-20 грант бөлінеді – Саясат Нұрбек
Қазақстанның ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек “Болашақ” бағдарламасы шеңберінде бакалавриатқа бөлінетін гранттар саны туралы мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми байқаулардың жеңімпаздары шетелде тегін білім алу мүмкіндігіне ие болуы үшін заңнамаға өзгерістер енгізілді. Алайда бұл жүйе 2024 жылы іске қосылмайды.
“Қазір заңға өзгерістер енгізілді. Бірақ биыл оны жүзеге асыруға үлгермейміз, егжей-тегжейлі қарастыру қажет,” – деді Нұрбек үкіметтегі брифингте.
Бакалавриатқа бөлінетін гранттар саны жыл сайын өзгеріп отырады, алайда оның ауқымы шектеулі болмақ.
“Стипендия саны жыл сайын өзгеруі мүмкін, бірақ 10-20 гранттан аспайды. Себебі халықаралық жарыстардың жеңімпаздарын шетелдік университеттер бірден қабылдап кетуге тырысады. Біз де оларды елге қайтарудың жолдарын қарастыруымыз керек,” – деді министр.
Айта кетейік, қаңтар айында Сенат білім беру заңнамасына енгізілген түзетулерді мақұлдаған болатын. Соған сәйкес, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда топ жарған оқушылар “Болашақ” бағдарламасы арқылы тегін оқуға мүмкіндік алады.
Санаулы грант кімдерге бұйырар екен?👍
“Келешек” бағдарламасымен жоғары білімге 50% жеңілдік алуға болады
Қазақстанның ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек “Келешек” бағдарламасы аясында жоғары оқу орындарында білім алу үшін 50%-ға дейін жеңілдік қарастырылғанын мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, биылдан бастап жоғары білімге қаржы жинауды жеңілдететін жаңа жүйе іске қосылды. Бұл бастама ата-аналар арасында үлкен қызығушылық тудырып отыр.
“Бірнеше ай ішінде “Келешек” бағдарламасы арқылы 70 мыңнан астам есепшот ашылды. Жүйенің қарқынды дамуы біз үшін де үлкен жауапкершілік жүктейді, себебі енді алғашқы салымдар мен жинақтарды есептеу қажет,” – деді Нұрбек үкіметтегі брифинг барысында.
Бағдарламаға жоғары оқу орындары да қолдау білдіруде. Қазіргі таңда оған Еуразия ұлттық университеті, Қазақ ұлттық университеті, Сәтбаев университеті және бірқатар жекеменшік университеттер қосылды.
“Ең үлкен жеңілдікті Сәтбаев университеті ұсынып отыр. Бұл оқу орны “Келешек” бағдарламасы аясында білім алатын студенттерге 50%-ға дейін жеңілдік беруге дайын,” – деп атап өтті министр.
Айта кетейік, “Келешек” бағдарламасы бойынша бес жастан бастап жоғары білімге қаржы жинауға болады. Бұл жүйеде бастапқы капитал, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс қарастырылған.
Жақсы мүмкіндік екен!🔥
Көктемгі каникулда оқушылар 11 күн демалады
Қазақстандық мектептерде көктемгі каникул күнтізбелік 11 күнге созылады. Оқушылар 21 наурыздан 31 наурызға дейін демалады. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігі хабарлады.
«Мектеп оқушыларының көктемгі демалыстағы бос уақытын тиімді өткізу және жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту мақсатында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында іс-шаралар жоспары жасалды. Сондай-ақ 1-4, 5-9 және 10-11 сынып оқушыларына арналған гайдбук әзірленді. Онда әр демалыс күні Наурызнаманың онкүндігімен байланысты және қоғамның маңызды аспектілеріне: отбасылық құндылықтарға, мәдениетке, ұлттық дәстүрлерге, қайырымдылыққа, спортқа мән берілді», — дейді министрліктегілер.
Мектептерде бірқатар білім беру, спорттық, мәдени және шығармашылық іс-шаралар өткізу жоспарланған:
театр фестивальдері мен қойылымдары;
шеберлік сабақтары;
қауіпсіздік сабақтары;
мұражайларға, ғылыми орталықтарға және тарихи ескерткіштерге танымдық экскурсиялар;
спорттық ойындар;
қайырымдылық акциялары және басқа да шаралар.
Ең бастысы — балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы мақсатта ата-аналармен бірге жол-көлік жарақаттарының алдын алуға, мектептің ішкі тәртібін сақтауға, балалардың көшедегі қауіпсіздігіне, үйдегі өрт қауіпсіздігі және киберқауіпсіздікке ерекше назар аударылады.
Тамаша!📆
14 наурыздан бастап жалпыұлттық Наурызнама онкүндігі басталады
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, биыл Наурызнама бұрынғыдан да терең мағынаға ие болмақ. 2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматы – Наурызнама онкүндігі, сондай-ақ мерекенің жаңа логотипі бекітілді.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарлауынша, «Наурыз» бірыңғай логотипіндегі үш қызғалдақ – уақыттың үш кезеңін, яғни еліміздің кешегі тарихын, қазіргі дамуын және келешек бағдарын бейнелейді. Тарихи тұрғыдан, Наурызнама – мыңжылдықтардан бастау алатын халқымыздың мәдени мұрасы.
Қазақ мәдениетінде Наурызды тойлау дәстүрі ешқашан бір күнмен шектелмеген. Егер Наурыз Орталық Азияда, Таяу Шығыста, Кавказда, Балқан елдерінде халықаралық деңгейде аталып өтетін мейрам болса, онда Наурызнама – кемінде 8 күнге созылатын Ұлы даланың халықтық мерекесі. Бұл туралы кезінде Абай Құнанбайұлы, белгілі этнограф-ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жазған.
Осылайша, Наурызнама – жасанды жаңашылдық емес, керісінше, көпкүндік мерекелеу арқылы оның қыр-сырын ашып, дәстүрлі сипатын дамытуға бағытталған.
«2024 жылы онкүндік аясында елімізде 800-ден астам іс-шара, соның ішінде көрмелер, фестивальдар, әдеби-музыкалық кештер, қайырымдылық акциялары, мәдени-спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Бірегей мереке әртүрлі жастағы және әлеуметтік топтағы тұрғындарды ұлттық дәстүр төңірегіне біріктіріп, өзара түсіністік пен құрмет атмосферасын қалыптастырады», делінген хабарламада.
Береке мен бірліктің мерекесі Наурыз – өткен мен бүгіннің, Қазақстанның түрлі мәдениеттері мен дәстүрлерінің арасындағы көпір. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтауында оның маңызын ерекше атап өтті.
«Бабаларымыз ежелгі заманнан бері Ұлыс күнін жыл басы ретінде атап өткен. Қазір Әз Наурыз күллі халыққа ортақ жалпыұлттық мерекеге айналды. Оны ұлтына, дініне қарамастан барша жұртымыз ерекше күтеді, бірге атап өтеді», – деді Президент.
Наурызнаманың әрбір күні қоғам өмірінің жекелеген аспектіне арналған. Бұл мерекенің мағынасы мен мәнін тереңдетуге мүмкіндік береді. Жаңару жеке қарым-қатынастардан бастап қоғамдық құндылықтарға дейінгі барлық салаларды қамтуы тиіс.
«Көрісу – Амал мерекесі» (аман-саулық сұрасып, ағайынмен кездесулер және игі тілектер күні), «Қайырымдылық» (қайырымды істер күні), «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр» (ұлттық салт-дәстүр мен мәдениет күні), «Шаңырақ» (отбасы күні), «Ұлттық киім» күні, «Жаңару» күні, «Ұлттық спорт» күні, «Ынтымақ» (бірлік пен ынтымақ күні), «Жыл басы» және «Тазару» күні сияқты тақырыптық күндер қазақстандық мәдениет пен құндылықтардың маңызын айшықтайды.
«Наурызнама – ел бірлігін нығайтудың маңызды ішкі факторы ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның сыртқы саясаттағы ұстанымын бекітудің маңызды элементі. Бай тарихы бар, жаңару мен бірліктің символына айналған Наурызнама Рио-де-Жанейро карнавалына, Жапониядағы сакура гүлдеуі мерекесіне, Үндістандағы Холи фестиваліне, Германиядағы Октоберфестке, Испаниядағы Сан-Фермин немесе Томатина фестивальдеріне ұқсас Қазақстанның негізгі туристік бренді бола алады», деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, мерекенің онкүндік форматы фестиваль циклін құруға мүмкіндік береді, онда күн сайын туристерге қазақтың салт-дәстүрін, ұлттық тағамдарын, ойындарын, музыкасын, қолөнері мен заманауи өнерін таныстыратын жаңа қызықты іс-шаралар ұсынуға болады.
Биыл Наурызнама онкүндігі аясында еліміз бойынша халықтың дәстүрлерін, мәдениеті мен тарихын насихаттауға бағытталған 1,5 мыңнан астам іс-шара өткізу жоспарланған. Атап айтқанда, Астана қаласында «Қамажай» флешмобы, Ақмола облысында креативті индустрия өкілдері мен қолданбалы өнер шеберлерінің қатысуымен «Наурыз – Арбат» жобасы, Көкшетауда мыңнан астам әйел қатысатын «Кимешектер шеруі», Ақтөбеде «Ұлттық киім – ұлт бейнесі» атты ұлттық киімдер шеруі, халықтың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын оятуға бағытталған басқа да көптеген ауқымды іс-шаралар өтеді.
Биыл Наурыз мейрамы ерекше аталып өтпек😍