Бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтары

Автор: редактор 14 марта, 2025


Баршаға сәлем, қымбатты оқырман!

Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз📍

Елімізде «Қазақстан балалары» бағдарламасы қабылданады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың қауіпсіздігі мен тәрбиесіне қатысты жұмысты жүйелеу мақсатында “Қазақстан балалары” атты бірыңғай бағдарламаны қабылдауды ұсынды. Бұл туралы ол Ұлттық құрылтай отырысында мәлімдеді.

Президенттің айтуынша, қазіргі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстары әртүрлі құжаттармен реттеліп, бірізділік жоқ. Сонымен қатар, бұл мәселеде жергілікті билік өкілдері мен қоғам белсенділерінің рөлі әлсіз.

“Бәрі шашыраңқы күйде. Сондықтан осы бағыттағы барлық шараларды бір бағдарлама аясында жүйелеу қажет. Осыған байланысты “Қазақстан балалары” атты бірыңғай бағдарлама қабылдаған жөн деп санаймын,” – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сапалы білім беру мен дұрыс тәрбие қатар жүруі керектігін атап өтті.

“Бұған дейін бала оқытуда білімге баса мән беріліп, тәрбие мәселесі екінші орынға қалып қойды. Бұл – үлкен қателік. “Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы” деген сөз бар. Сондықтан оқу жүйесінде тәрбиеге ерекше көңіл бөлу қажет,” – деді Президент.

Сонымен қатар, құрылтай мүшелері қазіргі “Біртұтас тәрбие” бағдарламасының атауын “Адал азамат” деп өзгертуді ұсынды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманы қолдап, бағдарламаның түпкі мақсаты – отаншыл, білімді, жасампаз ұрпақ тәрбиелеу екенін айтты.

“Бұл – адал азаматқа тән қасиеттер,” – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.

Тамаша!😍

«Air Astana» былтыр 9 млн адам тасымалдады

“Air Astana” АҚ өткен жылдың негізгі көрсеткіштерін жариялап, 2024 жылғы жұмыс нәтижелерін қорытындылады.

Компания мәліметінше, 2023 жылмен салыстырғанда тасымалданған жолаушылар саны 11,2%-ға артып, 9 миллион адамға жеткен.

“Бір реттік баптарды есепке алмағанда, жалпы және өзге де кірістер өткен жылмен салыстырғанда 12,4%-ға ұлғайып, 1 308 миллион АҚШ долларын құрады. Сондай-ақ, түзетілген EBITDAR көрсеткіші 16,1%-ға өсіп, 338,6 миллион АҚШ долларына жетті. EBITDAR көрсеткішінің маржасы 25,9% болды,” – делінген компания хабарламасында.

Сонымен қатар, директорлар кеңесі рекордтық деңгейдегі дивидендтерді төлеуді ұсынды. Ол қарапайым және арнайы дивидендтерден тұрады. Бір жай акция үшін 53,7 теңге, ал ЖДҚ (жаһандық депозитарлық қолхат) бойынша 214,8 теңге көлемінде төленбек.

Бұл ұсынысты акционерлердің жылдық жалпы жиналысы 2025 жылғы 31 мамырдан кешіктірмей қарастырады. Дивидендтерді төлеу 2025 жылдың ортасына жоспарланып отыр.

Мәссаған! 😮

Қазақстан сырттан жұмыртқа әкелуге уақытша тыйым салады

Қазақстан үшінші елдерден және Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінен тауық жұмыртқасын әкелуге жарты жылға тыйым салмақ. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің “Ашық НҚА” порталында жарияланған бұйрығында айтылған.

Құжатқа сәйкес, тыйым барлық көлік түрлерімен тасымалданатын жұмыртқаға қатысты. Алайда Қазақстан аумағы арқылы транзиттік тасымалдау және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасындағы жүктердің Қазақстан арқылы өтуі бұл шектеуге жатпайды.

Министрлік бұл бастаманың теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарға әкелмейтінін атап өтті.

“Импортты шектеу елдегі жұмыртқа өндірісінің дамуына оң әсер етеді, сондай-ақ баға белгілеу процесінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Батыс өңірлерге жұмыртқа жеткізу мәселесі Меморандум аясында шешілетін болады. Онда нарықтағы ойыншылар саны реттеліп, бағаның жоғарғы шегі белгіленеді. Бұл өндірушілерге қысымды төмендетіп, алыпсатарлыққа жол бермеуге көмектеседі,” – деп мәлімдеді Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Бұйрық жобасы 20 наурызға дейін талқыланады, ал қабылданған жағдайда 2025 жылдың сәуірінен қыркүйекке дейін күшінде болады.

Қазіргі таңда Қазақстанда 70 құс фабрикасы жұмыс істейді. Оның ішінде 34-і жұмыртқа өндірісімен, 29-ы ет бағытында, ал 7-еуі асыл тұқымды құстарды репродукциялаумен айналысады.

Ресми статистикаға сәйкес, 2024 жылы Қазақстан 43,2 миллион дана жұмыртқа экспорттап, 87,4 миллион дана жұмыртқа импорттаған. Дегенмен ішкі нарықтың 99%-ы отандық өндіріс есебінен қамтамасыз етіліп отыр.

Ескере жүріңіздер!📌

Наурыз мерекесінде оқушылар бір мезгілде күй тартады

20 наурыз күні сағат 11:00-де Наурыз мейрамына орай барлық мектепте республикалық челлендж өтеді.

Челленджде оқушылар бір мезгілде күй тартады.
Домбырашылар челленджі – бұл балалар, жастар, педагогтер мен ата-аналардың музыкалық шеберлігін танытатын және бүкіл елді домбыра үнімен біріктіретін ерекше шара.

«Оған барлық тілек білдіруші қатыса алады. 2023 жылдан бастап челлендж барлық білім беру ұйымдарында ұйымдастырылып келеді және ол маңызды мәдени оқиғаға айналды. Челлендж «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы мен «Наурызнама» іс-шаралар жоспары аясында ұйымдастырылады», — дейді тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Ерлан Қалмақов.

Шараның мақсаты – өскелең ұрпақтың бойында рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру, патриотизмді нығайту, ұлттық мәдени мұраны сақтау және балалар арасында домбыра өнерін насихаттау.

Министрлік мәліметінше, Наурыз мейрамын мерекелеу 14-23 наурыз аралығында еліміздің барлық мектептерінде өтеді. Бұл күндері тақырыптық челлендждер, экологиялық акциялар және ұлттық ойындар бойынша жарыстар ұйымдастырылады.

Тамаша көрініс болайын деп тұр👍