Кеш жарық, қымбатты оқырман!
Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз ✅
“Болашақ” стипендиясына құжат қабылдау 3 наурызда басталады
“Болашақ” халықаралық стипендиясына құжат қабылдау және конкурсты өткізу мерзімін бекіту туралы Ғылым және жоғары білім министрі бұйрығының жобасы “Ашық НҚА” порталында жарияланды.
Жобада “Болашақ” халықаралық стипендиясына құжат қабылдау 2025 жылғы 3 наурыз бен 17 қазан аралығында жүргізу жоспарланып отыр. Ал конкурсты өткізу 2025 жылғы 1 сәуір мен 31 желтоқсан аралығы болып бекітілсін делінген министрдің бұйрығында.
Құжат жобасы биыл 23 қаңтарға дейін қоғамның талқысына ұсынылып отыр.
Құлаққағыс!🗣️
Қазақстандық жас әнші Ержан Максим Дубайда өткен халықаралық байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды
Өнер иесі SANREMO BEST SONG 2025 байқауының бас жүлдесін жеңіп алды.
Қуанышты жаңалықты ол Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады.
“SANREMO BEST SONG 2025 DUBAI халықаралық әншілер конкурсын бағындыру бұйырған екен, қадірменді ағайын! Ендеше, ерекше сезіммен барлық менің өнерімді бағалап, осы күнге дейін мені қолдап жүретін қазақ еліме басымды иемін. Бірақ, осы жолы бесіктен осы күнге дейін мәпелеп өсірген, өнеріме бар өмірін арнаған анам мен әкешіме де арнағым келеді. Тума-туыс пен жақындарыма, ұстаздарым мен достарыма және барлық қолдау білдірген жан ағаларыма алғысым шексіз. Жеңісті күндеріміз көп, болашағымыз жарқын болсын!” – деп жазды ол.
Ержанның жұлдызы жанды!🔥
2024 жылы Қазақстанда 80 млн теңгеден астап жалған ақша тәркіленді
Қаржылық мониторинг агенттігі валюталық операцияларды жүзеге асыру кезінде сақтық шараларын сақтаудың маңыздылығына ел азаматтарының назарын аударады. Агенттіктің мәліметінше, 2024 жылдың басынан бастап Қазақстан аумағында айналымнан 2 мыңға жуық жалған банкнота алынған.
Жалпы алынған жалған ақшалардың сомасы 80 миллион теңгеден асты.
Жалған банкнота жасаумен және сатумен айналысқан 8 адам сотталған. Олар 5 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылған.
«Мұндай жағдайларды болдырмау үшін ақшалай операциялар кезінде банкноталарды тексеріңіз. Ақша қағазының сапасына, қорғаныш элементтеріне (мөртаңбасы, микроэлементтер, белгілі бір жарықта көрінетін белгілері) және текстура мен шрифтіне назар аударыңыз. Жалған ақша жасаушылардың құрбаны болып қалмау және қылмыстық қудалауға түспеу үшін, бөтен адамдармен ақша алмастырып, валюта айырбастау бойынша қолайлы курс ұсынса да делдалдармен мәміле жасамағаныңыз дұрыс», — делінген ҚМА хабарламасында.
Мәссаған!😮
Астаналық оқушы халықаралық олимпиададан абсолютті жеңімпаз атанды
Астана қаласындағы Шейх Халифа бен Заид әл-Нахаян атындағы №84 мектеп-лицейдің 9-сынып оқушысы Саулебек Алидан халықаралық аренада ғылыми олимпиадаға қатысып, абсолютті жеңімпаз атанды.
Астана әкімдігінің ресми сайтының мәліметінше, әлемнің түкпір-түкпірінен жүздеген дарынды оқушылар қатысқан СОРЕRNICUS олимпиадасы физика, химия, биология, география пәндері бойынша өтті. Елордалық оқушы химия пәні бойынша сайысқа түсті.
Құтты болсын!👍
Банк ЦентрКредит доллар операцияларына қойылған шектеуді 31 қаңтарға дейін ұзартты
Жыл басында Банк ЦентрКредит банкоматтары арқылы АҚШ долларын алу мүмкіндігі уақытша тоқтатылған болатын. Банк бұл шектеудің бастапқыда 15 қаңтарға дейін енгізілгенін мәлімдеген еді. Алайда енді бұл мерзім 31 қаңтарға дейін ұзартылды.
“Банк ЦентрКредит банкоматтарында АҚШ долларымен ақша алу, толықтыру және айырбастау операциялары уақытша қолжетімсіз екенін хабарлаймыз. Бұл операциялар 2025 жылдың 31 қаңтарына дейін қайта іске қосылады деп жоспарлануда. Келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз және түсіністік танытқандарыңызға рақмет”, – делінген қаржы ұйымының ресми хабарламасында.
Шектеудің нақты себебі банк тарапынан түсіндірілмеген.
Айта кетейік, 1 қаңтардан бастап Қазақстанда доллар сатып алуға қатысты жаңа талаптар күшіне енді. Енді қазақстандық компаниялар бір күн ішінде 50 000 АҚШ долларынан астам сомада қолма-қол ақшасыз шетел валютасын сатып алу үшін бұл әрекетінің мақсатын көрсетуі және валюталық шартты ұсынуы қажет.
Ескере жүріңіз! Әлі де уақыт бар📍