Бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтары

Автор: редактор 17 марта, 2025


Кеш жарық, құрметті оқырман!

Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз ✅

Президенттің «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқасында 9 мың сәби дүниеге келді

Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың “Ілгерілеуге бастаған алты жыл: Қазақстан орнықты даму жолында” атты мақаласында айтылған.

2019 жылдан бастап өмір сүру ұзақтығы 73 жастан 75 жасқа дейін ұлғайды. Жалпы өлім-жітім 7,8%-ға, ана өлімі – 26,3%-ға, нәрестелердің шетінеп кету көрсеткіші – 15,8%-ға төмендеді. Бұған профилактиканың тиімділігін арттыру және скринингпен қамту деңгейін кеңейту ықпал етті.

2019 жылдан бастап бүкіл еліміз бойынша 955 денсаулық сақтау нысаны салынды. Олардың ішінде Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық және Ұлттық жедел медициналық үйлестіру орталығы сияқты маңызды мекемелер бар.

Президенттің «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасының арқасында, бала сүйе алмаған отбасыларда 2021 жылдан бері 9 мыңнан астам сәби дүниеге келді.
Денсаулық сақтау жүйесінің кадрлық әлеуетін арттыруға, әсіресе ауылдық жерлерді қажетті мамандармен қамтуға ерекше назар аударылып келеді.
Мәселен, ауылдық елді мекендерге кемінде 5 жыл мерзімге жұмысқа келген медицина қызметкерлеріне 8,5 миллион теңге мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем енгізілді. Тұрғын үй мәселелерін шешудің қолжетімді құралдары бар.

Тамаша!😍

Қазақстан әйелдер құрамасының боксшысы Елдана Тәліпова әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды

Қазақстан әйелдер құрамасының боксшысы Елдана Тәліпова Сербияның Ниш қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында екінші орынды иеленді.

Қазақстандық боксшы 81 келіден жоғары салмақта ел намысын қорғады.
Отандасымыз финалда Қытай спортшысы Чжан Иляньмен жұдырықтасты. Төрешілердің шешімі бойынша Чжан Илянь басым түсті.
Осылайша Қазақстан құрамасы әлем біріншілігінде үш алтын медаль жеңіп алды. Бұған дейін Назым Қызайбай (48 келі), Алуа Балқыбекова (50 келі) және Аида Әбікеева (63 келі) алтыннан алқа тақса, Виктория Графеева (60 келі) екінші, Наталья Богданова (70 келі) үшінші нәтиже көрсеткен болатын.

Құтты болсын!👏🏻

Наурыз айындағы ҰБТ: алматылық түлек 139 балл жинады

Наурыз айындағы ҰБТ-ның екі аптасында 54 мыңнан астам адам тест тапсырды.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, шекті балды 67%-ға жуық талапкер жинады. Тестілеу нәтижесі бойынша орташа балл 62 балды (бес пән бойынша) құрады. Ең жоғары балл – 139, оны Алматы қаласы талапкері жинады.
Тестілеуге қатысушылардың 67,4%-ы қазақ тілінде, 32,5%-ы орыс тілінде, 84 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті. Талапкерлердің басым бөлігі, атап айтқанда, 18,6%-ы «Математика-Физика» пәндер комбинациясын тапсырды. 14,7%-ы «Шығармашылық емтихан», 13,3% «Биология-Химия» комбинациясын таңдаған. Ең аз таңдалған комбинация – «Химия-Физика», оны 65 адам тапсырған. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында наурыз ҰБТ-сына 169 талапкер қатысты.

Талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алады, бұл жағдайда сертификат апелляция туралы шешім қабылданғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.
Қазіргі таңда 57 адамның нәтижесі жойылды. Оның ішінде 26 талапкер смартфон және шпаргалка сияқты тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды, ал тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 31 адам шығарылды. Тестке басқа адамды кіргізу фактілері анықталған жоқ.
Естеріңізге сала кетсек, наурыз ҰБТ-сы 1 наурыз бен 6 сәуір аралығында өтеді. Тестілеуге қатысуға 163 мыңға жуық талапкер ниет білдірген.

Барша түлекке сәттілік тілейміз!👍

Интерпол Қазақстанға елден заңсыз шығарылған заңсыз активтерді қайтаруға көмектеспек

ИНТЕРПОЛ Қазақстаннан шығарылған заңсыз активтерді қайтаруға көмектеседі

Қазақстан заңсыз иемденілген активтерді елге қайтару бойынша халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуде. Осы мақсатта Францияның Лион қаласында ҚР Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитеті мен ИНТЕРПОЛ-дың қазақстандық бюросы өзара келісімге қол қойды. Бұл құжат Интерполдың Қазақстан шегінен тысқары шығарылған активтерді іздеуге, тыйым салуға, тәркілеуге және қайтаруға көмектесуін көздейді.

ҚР Бас прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметінше, сапар барысында Жаһандық ақпараттық-ағартушылық қызмет және өңірлік қолдау басқармасының басшысы Абдулазиз Обайдалла және Қаржылық қылмыстар мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес орталығының (IFCACC) басшысы Теос Баде сынды Интерпол өкілдерімен екіжақты кездесулер өтті. Кездесулерде қаржылық қылмыстарға қарсы күресті күшейту, тәжірибе алмасу мақсатында оқыту іс-шаралары мен іссапарлық миссиялар ұйымдастыру мәселелері талқыланды.

ИНТЕРПОЛ Бас хатшылығының өкілдері қазақстандық делегацияны жаңа “Күміс хабарлама” жүйесімен, IFCACC орталығының цифрлық және жедел мүмкіндіктерімен таныстырды.

Енді бақылау қатаңдатылады📌