Бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтары

Автор: редактор 18 марта, 2025


Баршаға сәлем, қымбатты оқырман!

Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз📍

Астанада бір мезетте 3 мыңнан астам оқушы “Қамажай” биін биледі

Бүгін, 18 наурызда, QAZAQSTAN жеңіл атлетика кешенінде астаналық 3 мыңнан астам оқушы қыз бір мезетте «Қамажай» халық биін билеп, жаппай орындау бойынша рекорд орнатты.

Елорда әкімдігінің мәліметінше, флешмоб «Науразнама» онкүндігі аясында өтіп, Ұлттық киім күніне орайластырылды. Ұйымдастырушылар – елордалық Білім басқармасы мен Техникалық және көркем шығармашылық орталығы.

«Қамажай» – қазақтың ұлттық билерінің бірі. Ол нәзіктікті, әдемілікті бейнелейді. Ал мұндай ауқымда өнер көрсету ерекше әсер қалдырумен қатар, мәдениетімізді кеңінен насихаттау үшін де маңызды. Қыздар дайындықтарының жоғары деңгейде екенін көрсетті, біз олардың өнерін мақтан тұтамыз, — дейді «ШАШУ» фольклорлық ансамблінің шығармашылық жетекшісі Рахат Тәуіржан.

Флешмоб ерекше сәтпен аяқталды: көрермендер би билеген оқушы қыздарға қосылып, олардың қимылын қайталады. Сол сияқты биші қыздар қызғалдақ гүліне ұқсап, әдемі көрініс жасады.
Сонымен қатар, іс-шарада ұлттық киімдердің сән көрсетілімі өтті, онда Астана колледждерінің студенттері қазақтың дәстүрлі киімдерін көрсетті.

Айта кетейік, 14 наурызда Қазақстанда.
Наурыз мейрамын тойлауға арналған Наурызнама онкүндігі басталды. Осы 10 күн ішінде Астанада мерекеге орай 200-ден астам ауқымды шара – концерттер, көрмелер, қойылымдар, шығармашылық кештер және т.б. өтеді.

Тамашаладыңыз ба?😍

Алматылық жүргізуші ChatGPT-дің көмегімен сотта жеңіске жетті

Алматылық жүргізуші ChatGPT көмегімен айыппұлдың күшін жойды

Алматы қаласының 23 жастағы тұрғыны Кенжебек Исмаилов жасанды интеллекттің көмегімен жол ережесін бұзғаны үшін салынған айыппұлды заңсыз деп тауып, оны жоюға қол жеткізді. Бұл туралы El.kz агенттігі мәлімдеді.

Оқиға былтырғы желтоқсан айында орын алған. Жас жүргізуші әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін 5800 теңге көлемінде айыппұл төлеген. Алайда бейнежазбаны көрген соң, айыппұлдың негізсіз салынғанына күмәнданып, оны даулауға бел буған.

Алдымен полицияға шағым түсіргенімен, оң нәтиже шықпаған соң, сотқа талап арыз беруді ұйғарған. Осы ретте Исмаилов ChatGPT-дің көмегіне жүгініп, талап арызын жасанды интеллект арқылы дайындаған.

Оның айтуынша, жол қозғалысы кезінде алдындағы көлік кенеттен тоқтап, апатты жағдай туғызған. Қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында Кенжебек көлікті айналып өтуге мәжбүр болған.

Сот жүргізушінің уәждерін негізді деп тауып, оның пайдасына шешім шығарды. Нәтижесінде айыппұлдың күші жойылды.

Мәссаған, ChatGPT үлкен іс атқарыпты👍

Қаңтар-ақпан айларында экономиканың өсімі 5,4 пайызды құрады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады.

Президентке еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, өркендеудің жаңа бағыттары және экономикалық реформаларды жүзеге асыру жұмыстары жөнінде баяндалды. Биылғы қаңтар-ақпан айларында экономиканың өсімі 5,4 пайызды құрады.

Премьер-министр Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында мемлекет басшысы жүктеген ірі инфрақұрылымдық және энергетикалық жобаларды іске асыруға, цифрландыру мен адами капиталды дамытуға қатысты міндеттерді орындау үшін қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімет берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет басшысы жетекшілік ететін Республикалық штабтың су тасқынына қарсы іс-шаралар жөніндегі есебін тыңдады. Жағдай тәулік бойы бақылауға алынған. 37 мыңнан астам қызметкер мен 13 мың техника дайындалды.
Кездесу соңында мемлекет басшысы экономиканың нақты секторын қолдау, инвестиция тарту және әлеуметтік саясатты жетілдіру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді📍

Тоқаевтың жарлығымен Атом энергиясы жөніндегі агенттік құрылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» жарлыққа қол қойды.
Жарлыққа сәйкес Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі құрылды.
Ведомство Қазақстан Республикасының президентіне тікелей бағынады және есеп береді. Оған Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің уран өндіру бөлігінде жер қойнауын пайдалану, атом энергиясын пайдалану, халықтың радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру және оның жұмыс істеуі салаларындағы функциялары және өкілеттіктері беріледі.

«Агенттік берілетін функциялар мен өкілеттіктер шегінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің құқықтары мен міндеттемелерінің құқықтық мирасқоры болып айқындалсын», — деп жазылған құжатта.
Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Жарлыққа қол қойылыпты📌


preload imagepreload image