Бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтары

Автор: редактор 20 марта, 2025


Баршаға сәлем, қымбатты оқырман!

Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз📍Баршаға сәлем, қымбатты оқырман!

Бір миллионға жуық бала бір мезетте күй тартты

Еліміздің түкпір-түкпірінен бір мезетте 1 миллионға жуық оқушы қазақтың күйін күмбірлетті. «Адал азамат» біртұтас тәрбие және «Наурызнама» іс-шаралары аясында еліміздің барлық білім беру ұйымдарында «Күй күмбірі» республикалық челленджі өтті.

Өнерлі жастар «Балбырауын», «Адай», «Сарыарқа», «Тепең көк», «Әлқисса», «Ерке сылқым» сынды ел ішінде белгілі күйлерді күмбірлетті. Салт-дәстүрге деген сүйіспеншілік мектеп оқушыларын, колледж студенттерін тіпті балабақша тәрбиеленушілерін де бір мақсатқа тоғыстырған.

«Челлендждің ең кішкентай қатысушысы — 4 жастағы Жұмабек Самир. Ол Қостанай облысы Қарабалық ауылындағы «Айналайын» балабақшасының тәрбиеленушісі», — деп жазады Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі. ️

Алматы қаласы Бостандық ауданының 1000 оқушысы ашық аспан астында атақты күйлерді орындады.

Ал Павлодар, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында оқушылар қобыз, дауылпаз сияқты ежелгі ұлттық аспаптарда танымал композицияларды әуелетті.

Тамаша!😍

Алматыда 1700-ге жуық әлеуметтік қызметкердің жалақысына 30% үстемеақы қосылады

Алматыда медициналық-әлеуметтік мекеме қызметкерлерінің лауазымдық жалақысына 2015 жылдан бері алғаш рет 30% үстемеақы қосылады.

Бұл шешім мәслихаттың XXVIII сессиясында депутаттар тарапынан қолдау тапты. 1 632 қызметкер қосымша төлем алады, алайда бұл өзгеріс медицина қызметкерлеріне қатысты емес.

Әлеуметтік қызметкерлердің жұмысы маңызды болғанымен, олардың жалақысы төмен деңгейде қалып отыр. Үстемеақының енгізілуі қызметкерлердің ынтасын арттырып, әлеуметтік мекемелердегі кадр тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

«Жалақының төмен болуына байланысты әлеуметтік қызметкерлер арасында білікті мамандардың кетуі байқалады. Бұған кәсіби күйзеліс пен жеке сектордағы жоғары жалақы бәсекелестігі әсер етеді», — дейді Алматы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов.

Қазіргі уақытта Алматыда 13 әлеуметтік мекеме жұмыс істейді екен👍

Ұлттық Банк инфляция болжамын қайта қарады: 2025 жылы 10-12%-ға жетуі мүмкін

Қазақстан Ұлттық Банкі ақша-несие саясаты туралы тоқсан сайынғы есебін жариялады. Құжатта базалық мөлшерлемені 16,50%-ға көтеру туралы шешімнің негіздері мен жаңартылған инфляция болжамдары ұсынылған.

Инфляция өсімі жалғасады

2025 жылға арналған инфляция деңгейі жоғарылайтыны қайта қаралды. Жыл соңында оның 10-12% аралығында болуы мүмкін. Бұл үрдіске ішкі және сыртқы факторлар әсер етеді.

Сыртқы факторлар:

• Әлемдік азық-түлік нарығындағы баға өсімі (жылына 7,3%);
• Ресейдегі инфляция деңгейінің 6,8% болуы және оның Қазақстан экономикасына ықпалы.

Ішкі факторлар:

• Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер тарифтерінің 15-20%-ға өсуі;
• Өндірістік шығындардың 10-12%-ға артуы;
• Импорттық тауарлар мен жанар-жағармайдың 12-18% аралығында қымбаттауы;
• ЖЖМ бағасының өсуі, бұл көлік тасымалы мен өндірістік шығындарға әсер етеді.

Экономист Ғалымжан Айтқазин бұл үрдістер макроэкономикалық тұрақтылыққа тәуекел тудыратынын атап өтті. Оның айтуынша, инфляция болжамдары алдыңғы деректермен салыстырғанда айтарлықтай нашарлаған.

2026-2027 жылдардағы инфляция

Ұлттық Банк болжамынша, 2026-2027 жылдары инфляция біртіндеп төмендейді, бірақ бұрынғы күтілген деңгейден баяу қарқынмен жүреді. Бұл кезеңдегі негізгі факторлар:

• 2026 жылы ҚҚС мөлшерлемесінің 16%-ға дейін көтерілуі, бұл бағалардың 1,5-2 пайыздық тармаққа артуына әсер етеді;
• Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер тарифтерінің жылына 10-15%-ға өсуі;
• Жанар-жағармай бағасының қымбаттауы, көлік тасымалы шығындарының 8-10%-ға артуы.

Ұлттық Банк есебінде ҚҚС өсімі инфляциялық күтулерді күшейтуі мүмкін екені айтылған. Дегенмен, қатаң ақша-несие саясаты инфляцияны тұрақтандыруға ықпал етеді.

Инфляция деңгейі бойынша болжамдар:
• 2025 жыл – 10-12%;
• 2026 жыл – 9-11%;
• 2027 жыл – 5,5-7,5%.

Экономикалық өсім перспективалары

2025 жылы ЖІӨ өсімі 4,2-5,2% аралығында қалыптасады деп күтіледі. Бұл ішкі сұраныстың сақталуы, фискалдық ынталандыру және тұтынушылық несиелендірудің арқасында мүмкін болады.

Экономикалық өсімнің негізгі драйверлері:
• Теңіз кен орнындағы кеңейту жобалары есебінен мұнай өндірісінің 6-8%-ға ұлғаюы;
• Бөлшек сауда айналымының 9,8%-ға артуы;
• Экспорт көлемінің 3-5%-ға өсуі.

Алайда 2026 жылы салық реформасы мен фискалдық шоғырландырудың әсерінен экономикалық өсім қарқыны бәсеңдейді.

ЖІӨ өсімінің болжамдары:
• 2026 жыл – 4,2-5,2%;
• 2027 жыл – 3,5-4,5%.

Сарапшылардың пікірінше, 2024 жылы Қазақстанда фискалдық саясат ынталандырушы сипатқа ие болған. Бұл экономикадағы сұраныстың артуына және бағаның күрт өсуіне ықпал етті.

2026 жылдан бастап экономикалық өсім қарқыны бәсеңдеп, 2027 жылы экономика инфляциялық қысымның төмендеуімен тұрақтылыққа бет алады деп күтіледі.

Сұмдық😯

Қазақстанда алдағы уақытта той шығындары бақылауға алынады: салық органдары тексерісті күшейтпек

Қазақстанда тойларға салықтық бақылау күшейеді: азаматтардың шығыны тексерілмек

Қазақстанда алдағы уақытта үйлену тойлары мен басқа да мерекелік шаралардың саны күрт азаюы мүмкін. Себебі салық органдары бұл саладағы бақылауды күшейтпек. Бұдан былай тек мейрамханалар мен тойханалар ғана емес, той ұйымдастыратын азаматтардың өздері де тексеруден өтеді.

Той шығындары қалай бақыланады?

Қаржы министрлігі азаматтардың ресми табысы мен олардың шығыстары арасындағы сәйкессіздіктерді анықтау мақсатында жаңа бақылау жүйесін енгізбек. Бұған дейін Мемлекеттік кірістер комитеті мерекелік шаралармен байланысты ақша аударымдары назарда болатынын мәлімдеген еді. Енді бұл бақылау ауқымы кеңейіп, тойға кеткен шығындардың өзі сүзгіден өтпек.

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов бұл бастаманы растады. Оның айтуынша, тексеру тек танымал тұлғалар мен блогерлерді ғана емес, қарапайым азаматтарды да қамтиды.

“Егер азаматтың ресми табысы оның шығындарымен сәйкес келмесе, бұл салық органдарының күдігін тудырады. Мұндай жағдайда қаржы көзін анықтау үшін тексеріс жүргізіледі”, – деді Біржанов.

Соманың қандай мөлшері күдік тудырады?

Әзірге салық органдары қандай шығын көлемі “күдікке” ілінетіні туралы нақты критерийлерді жариялаған жоқ. Дегенмен, табысы аз азаматтардың аса қымбат той жасауы немесе ауқымды шараларға үлкен қаражат жұмсауы тексеру жүргізуге себеп болуы мүмкін.

Бұл ретте мемлекет экономиканың тұрақтылығына әсер ететін негізгі факторлардың бірі ретінде халықтың шамадан тыс несие алуын да қарастырып отыр. Сарапшылардың пікірінше, той жасау үшін алынған несиелер инфляцияның өсуіне ықпал етеді. Сондықтан мұндай шығындарды бақылау – экономикалық саясаттың бір бөлігі болуы ықтимал.

Той өткізуге несие алу қысқаруы мүмкін

Үкімет қазіргі уақытта инфляцияны бақылау мен несие нарығындағы тәуекелдерді азайтуды басты мақсат етіп отыр. Осыған байланысты салық органдары жүргізетін тексерістер халықтың той өткізу үшін несие алу көрсеткіштерін де айқындайтын болады.

Сарапшылардың пікірінше, бұл бастама қоғамда үлкен пікірталас тудыруы мүмкін. Себебі қазақ халқы үшін той – мәдениет пен дәстүрдің ажырамас бөлігі. Дегенмен, мемлекет қаржы айналымының ашықтығын қамтамасыз ету және көлеңкелі экономиканы қысқарту мақсатында осындай қадамдарға барып отыр.

Мәссаған, енді елімізде той саны азаюы мүмкін😨