Бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтары

Автор: редактор 27 марта, 2025


Баршаға сәлем, қымбатты оқырман!

Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз📍Баршаға сәлем, қымбатты оқырман!

“Құны — 540 теңге”. Италияда үйлер өте арзан бағада сатылып жатыр

Италияда бір еуроға сатылып жатқан көне үйлер әлем назарын аударды. туралы Daily Mail басылымы мәлімдеді.

Соңғы жылдары бұл бастама елдің түрлі өңірлерінде кең таралып, Сицилия мен Калабрия сияқты аймақтарда жүзеге асырылуда. Бағдарлама алғаш рет 2017 жылы іске қосылған. Оның негізгі мақсаты – халқы азайған ауыл-аймақтарға жаңа тұрғындарды тарту және жергілікті экономиканы жандандыру.

1 еуроға үй сатып алу мүмкіндігі қызықты болғанымен, сатып алушылар белгілі бір талаптарды орындауы тиіс. Үй иесі жөндеу жоспарын бір жылдың ішінде жасап, тіркеу мен нотариалдық қызметтерге қажетті төлемдерді өтеуі керек. Сонымен қатар, көп жағдайда үйлердің жағдайы сын көтермейді. Электр жүйесі, сантехника, жылыту және желдету жүйелері мүлде жоқ болғандықтан, күрделі жөндеу қажет.

Мысалы, Сицилиядағы Муссомели қаласында XVII ғасырда салынған бес тарихи үй 1 еуроға сатылымға шыққан. Олардың бірі – екі жатын бөлмесі мен бір жуынатын бөлмесі бар шағын үй. Алайда суреттерден оның әбден ескіргенін аңғаруға болады.

Бағдарлама аясында 100-ден астам үй жаңа иесін тапқан, ал мұндай баспаналарға сұраныс күн сайын артып келеді. Бірақ арзан бағаға қызыққан жандар үйдің жөндеу жұмыстарына кететін шығындарын да есепке алуы керек.

Мәссаған, ал сіз сатып алар ма едіңіз?😍

28 наурыздан бастап елімізде жаңа дизайндағы 1 000 теңгелік банкноталар айналымға шығады

Бұл — «Сақ стилі» сериясымен шыққан төртінші жаңа банкнота.
Ол қазақы ою-өрнектің түп негізі саналатын және көшпенділердің бірегей мәдениетінен бастап бүгінгі Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнелейтін «Сақ стилі» элементтеріне негізделген.
«Дегенмен, банкноталар жаппай қолданысқа 2025 жылдың екінші жартысында беріле бастайды. Себебі оларды еліміздің барлық аймағына жеткізу үшін және жабдықтарды (банкоматтар, терминалдар және басқа да кассалық техникалар) бейімдеу үшін қосымша уақыт қажет», делінген Ұлттық Банк хабарламасында.

Ақша белгісінің дизайны мен формасы туралы
Банкноталардың түсі – қоңыр және ашық қоңыр.
Банкнотаның бет жағында:
* көкте қалықтап ұшқан құспен «Өмір ағашының» бұтағы (Есік қорғаны, б. з. д. 5-4 ғғ., Алтын адам бас киімінің бір бөлігі, табиғат пен наным байланысының қасиетті мағынасы);
* ДНҚ спиралін және адамның табиғатпен байланысын білдіретін ою-өрнекпен стильдендірілген шексіздік символы;
* артефакт – төс айыл (тартпа) элементі бұралған жыртқыш формасымен беріктік пен төзімділіктің символы ретінде (Бесоба қорғаны, б. з. д. 6-4 ғғ., Орал өңірі, Батыс Қазақстан).
Банкнотаның артқы жағында:
* ою-өрнекпен стильденген қалқан фонында Төбет пен Тазы тұқымдас иттер;
* дөңгелек қазақ халқының ою-өрнегі, «қалқан» бейнесі – құндылықтарды қорғау нышаны, ежелгі символ – төрт тарап, ортасындағы күн белгісі – жасампаздық энергиясы мен өмір нышаны.
*
Сондай-ақ, банкнотаның сырт жағында артефакт, төс айыл (тартпа) элементі бұралған жыртқыш формасымен беріктік пен төзімділіктің символын (Қырық-Оба қорғаны, б. з. д. 7-6 ғғ., Батыс Қазақстан) көрсетеді. Банкнотаның ортасында фон ретінде ою-өрнек стилінде бейнеленген шексіздік символына тән Қазақстанның дала жоталары берілген.
«Номиналы 1 000 теңгелік жаңа банкноталар 2025 жылғы 28 наурыздан бастап айналымға енеді және айналымда жүрген 2014 жылғы үлгідегі номиналы 1 000 теңгелік ұлттық валюта банкноталарымен (бұдан әрі – ескі үлгідегі банкнота) екі жыл бойыауыстырылады. Яғни, ескі үлгідегі барлық банкнота екі жыл ішінде айналымнан біртіндеп алынады. Тиісінше, банкноталар айналымда қатар жүрген уақытта халыққа ескі үлгідегі банкноталарды екінші деңгейлі банктердегі немесе ҚҰБ филиалдарындағы жаңа банкноталарға айырбастаудың қажеті жоқ. Жаңа және ескі үлгідегі банкноталардың айналымда қатар жүру кезеңі 2025 жылдың 28 наурызынан 2027 жылдың 27 наурызына дейінгі аралықты қамтиды», делінген Ұлттық Банк хабарламасында.

Дизайны ұнады ма?🤔

Маңғыстау – Қазақстандағы ең кедей өңір ретінде анықталды

Halyk Finance сарапшыларының есебіне сәйкес, Қазақстанда кедейлік ең алдымен көпбалалы отбасылар мен ауыл тұрғындарына ауыр тиіп отыр. 2024 жылдың IV-тоқсанындағы көрсеткіштерге сүйенсек, елдегі кедейлік деңгейі 4,8%-ды құраған. Түркістан (8,4%) және Маңғыстау (7,9%) облыстарында жағдай тіпті күрделі.

Сарапшылардың пікірінше, табыс жан басына шаққанда азайып, көпбалалы отбасылардың өмір сүру сапасы төмендеуде. Егер бір адамнан тұратын үй шаруашылығында кедейлік деңгейі 0,12% болса, бес немесе одан көп мүшесі бар отбасыларда бұл көрсеткіш 8,92%-ға дейін өседі.

Аймақтардағы кедейлік деңгейінің алшақтығы да байқалады. Алматыда ең бай 10% халық ең кедей 10%-ға қарағанда 7,31 есе көп табыс табады, Астанада бұл айырмашылық – 5,98 есе. Ал ауылдық жерлерде жағдай тіпті күрделі: Маңғыстау облысының ауылдық аймақтарында кедейлік деңгейі 11,9%-ға жеткен.

Сарапшылар бұл мәселені шешу үшін әлеуметтік саясатты күшейту, ауыл шаруашылығы мен бизнесті қолдау, еңбек нарығында әділетті жалақы жүйесін енгізу қажеттігін атап өтті.

Әрбір азамат бақуатты өмір сүрсін деп тілейміз!🙌🏻

Қазақстанда шетелдік маркетплейстер бұғатталуы мүмкін

Қазақстанда қосымша құн салығына (ҚҚС) қатысты жаңа талаптар күшіне енуде. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин депутаттық сауалға берген жауабында мәлімдеді.

2022 жылдан бастап электрондық сауда мен онлайн қызмет көрсететін Apple, Amazon, Alibaba, Netflix, TikTok, Google секілді 105 шетелдік компания ҚҚС төлеуге міндеттелді. Жаңа Салық кодексінің жобасында шетелдік маркетплейстерге салық салуды реттейтін нормалар қарастырылған. Егер компания Қазақстанда ҚҚС төлеуші ретінде тіркелмесе немесе заң бұзушылықтарды жоймаса, оның сайты бұғатталуы мүмкін.

Алайда, бұл платформалар Қазақстан заңнамасына бағынбайтындықтан, оларды отандық өндірушілермен серіктестікке міндеттеу мүмкін емес.

ҚҚС түсімдерінің өсімі:
• 2022 жылы – 10,4 млрд теңге
• 2023 жылы – 24,3 млрд теңге
• 2024 жылы – 35 млрд теңге
• 2025 жылдың 1 наурызына дейін – 13,3 млрд теңге

Сондай-ақ, бажсыз сауда шегі 200 еуро және 31 кг көлемінде бекітілген. Оның өзгертілуі немесе алынып тасталуы Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕАЭК) деңгейінде қаралады.

Салық төлемеген жағдайда осы шешім қабылдануы мүмкін екен📌