Бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтары

Автор: редактор 01 апреля, 2025


Баршаға сәлем, қымбатты оқырман!

Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз📍Баршаға сәлем, қымбатты оқырман!

“300 млн теңге бөлінді”. Асхат Аймағамбетов қазақша анимацияны дамытуға шақырды

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов қазақ тіліндегі анимациялық жобаларға 300 млн теңге қаржы қарастырылғанын мәлімдеді. Алайда, ол басты назар қаржыландыруға емес, мультфильмдердің мазмұны, сапасы мен қолжетімділігіне аударылуы тиіс екенін атап өтті.

Мультфильм – ұлттық тәрбиенің негізі

Аймағамбетов мультфильмдердің тек ойын-сауық емес, баланың алғашқы ұстазы екенін атап өтті. Оның айтуынша, анимациялық өнімдер арқылы балалар ана тілін меңгеріп, ұлттық құндылықтарды сіңіреді. Сондықтан мультфильмдер тәрбиелік мәні жоғары, мазмұны бай әрі өмірге жақын болуы қажет.

“Балапан” – балалардың алғашқы телеұстазы

Депутат «Қазақстан» РТРК мен «Балапан» арнасының жұмысын оң бағалап, өз балалары да осы арнаның мультфильмдері арқылы тілі шыққанын айтты. Ол қазақ тіліндегі анимациялық контентті тек телеарнада ғана емес, YouTube платформасында да кеңейту қажет екенін алға тартты.

– Қазіргі балалар теледидардан гөрі YouTube-ты көбірек пайдаланады. Алайда, қазақ тіліндегі сапалы әрі қызықты контент жетіспейді. Сондықтан біз жас ерекшелігіне сай плейлисттер құруды, заманауи, баланың тілдік деңгейіне сай мазмұн әзірлеуді ұсындық, – деді Аймағамбетов.

Қазақша мультфильмдердің тілі шынайы болуы керек

Аймағамбетов кейбір анимациялық өнімдерде күрделі, ресми тіл қолданылатынын сынға алды. Оның айтуынша, кейіпкерлер шынайы, қарапайым сөйлеуі керек, сонда ғана балалар өз ана тілімен байланыс орната алады.

– Балалар мультфильмдегі кейіпкерлерді өзіне үлгі етеді, сондықтан олардың тілі шынайы, өмірге жақын болғаны маңызды, – деді ол.

Анимация саласында әділдік қажет

Депутат мультфильмдерге іріктеу жүргізгенде ашықтық пен әділдік қағидаттарын сақтау керектігін атап өтті. Ол талантты аниматорларға мүмкіндік беріп, 2D және 3D анимацияны дамытуға ерекше назар аудару қажет екенін жеткізді.

– Қазақстанда дарынды аниматорлар бар, бірақ олардың әділ бәсекеге түсуіне мүмкіндік аз. Біз осы мәселені шешу керектігін ұсындық, – деді Аймағамбетов.

Мультфильмдердің нақты мақсаты болуы тиіс

Оның айтуынша, әр анимациялық жоба белгілі бір құндылықтарды насихаттауы керек. Ол «Қызықты ғылым», «Киберқауіпсіздік», «Мен кім боламын?», «Эмоционалды интеллект» секілді бағыттарды ұсынды.

– Бұл бастамалар Мемлекет басшысының тапсырмаларымен үндеседі. Біз өз ұсыныстарымызды ресми түрде Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолдадық, – деді Асхат Аймағамбетов.

Сіздің қазақша мультфильмдер мен анимацияға көңіліңіз тола ма?🤔

1-сыныпқа өтінім қабылдаудың жаңа тәртібі енгізілді

Бүгін сағат 15:00-де eGov порталында бірінші сыныпқа қабылдау қызметі қайтадан қолжетімді болады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Ростислав Коняшкин мәлімдеді.

Порталдың жүктемеге төтеп беруі күтілуде

Вице-министр ата-аналардың алаңдаушылығына түсіністікпен қарап, жүйенің тұрақты жұмыс істеуі үшін қажетті дайындық жүргізілгенін атап өтті.

“Біз порталдың барлық жүктемеге шыдас беруіне үміттенеміз. Кез келген мемлекеттік қызметті іске қосу алдында жауапты органдармен бірлесе дайындық жұмыстары жүргізіледі. Бұл – ортақ жауапкершілік. Иә, біз электронды үкімет жұмысына жауаптымыз және ата-аналар алдындағы міндетімізді толық сезінеміз”, – деді Коняшкин.

Қағаз құжат айналымына оралу жоспарда жоқ

Журналистердің «Жүйе істемей қалса, бұрынғы қағаз түріне ораласыздар ма?» деген сұрағына вице-министр нақты жауап берді.

“Цифрлық даму – дұрыс бағыт, бірақ бұл оңай процесс емес. Дегенмен, ол сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, қызмет көрсету ашықтығын қамтамасыз етеді. Егер қандай да бір себеппен онлайн қызмет қолжетімсіз болса, ХҚО арқылы офлайн форматта ұсынылады. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтердің 92%-ы онлайнға көшті, сондықтан цифрландыруды тоқтатпаймыз”, – деп мәлімдеді Коняшкин.

eGov порталында бірінші сыныпқа қабылдау қызметі қайта іске қосылмақ👍

Енді жаңа жеке куәлікті үйден шықпай жасатуға болады

Қазақстанда жеке куәлік алу процесі енді толығымен онлайн форматта жүзеге асырылатын болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.

Кезек күту мен ХҚО-ға бару қажет болмайды

Министрдің айтуынша, жеке куәлікті ауыстыру – халық ең көп пайдаланатын қызметтердің бірі. Бұрын бұл үшін азаматтар Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, суретке түсіп, ұзақ уақыт кезек күтуге мәжбүр болатын. Алайда айдың соңына дейін бұл қызметті толығымен онлайн алуға мүмкіндік беріледі.

Жасанды интеллект фото сәйкестігін бағалайды

Құжат рәсімдеу жүйесі сынақтан сәтті өткен. Жаңа жүйе аясында фотосуреттің стандарттарға сәйкестігін маман емес, жасанды интеллект анықтайтын болады.

Жаңа жүйе қалай жұмыс істейді?

Процесс барынша оңайлатылған:
• Идентификациядан өту
• Фото мен қолтаңбаны жүктеу
• Мемлекеттік баж салығын онлайн төлеу
• Құжаттың дайын болғаны туралы SMS-хабарлама күту

Үйден шықпай-ақ құжат алу мүмкіндігі

Бұл жаңашылдық жыл сайын шамамен 1 миллион азаматтың ХҚО-ға бару қажеттілігін жояды. Министрдің айтуынша, жаңа жүйе мемлекеттік қызметтерді халыққа қолжетімді әрі ыңғайлы етуге бағытталған.

Тамаша мүмкіндік! 😍

Алдағы күндері +35 градусқа дейін ыстық болады

«Қазгидромет» синоптиктері сәуір айына арналған ауа райы болжамын жасады.

Синоптиктердің болжауынша, кей өңірлерде әлі де қар аралас жаңбыр жауады. Ал кейбір жерлерде + 32°С дейін жылиды.
Сәуір айында ел аймақтары жылына бастайды.

Сәуірдің бірінші онкүндігінде елдің солтүстік жартысында түнде жауын-шашын болады. Қар аралас жаңбыр, көктайғақ, күндіз нөсер жауын, оңтүстік өңірлерде найзағай болады деп болжануда. Бұл ретте республика бойынша жел 15-20 м/с күшейеді. Ал түнде және таңертең тұман түседі, – делінген «Қазгидромет» хабарламасында.

Сәуір айында:

* елдің батысында түнде +8 +13°С-тан -3 +8°С-қа дейін, күндіз +18 +25°С-тан +11 +16°С-қа дейін, оңтүстік-батыста күндіз ауа + 20 + 28°С-қа дейін;
* солтүстік-батыста, солтүстікте, орталықта, шығыста түнде -5 +5°С-тан +3 +8°С-қа дейін, күндіз +8 +13°С-тан +15 +22°С-қа дейін;
* республиканың оңтүстігінде түнде +2 +10°С-тан +10 +15°С-қа дейін, күндіз +18 +25°С-тан +25+ 30°С-қа дейін.
* республиканың оңтүстік-шығысында түнде -5 +5°С-тан +7 +12°С-қа дейін, күндіз +12 +20°С-тан +18 +27°С-қа дейін жылынады.

Сәуірдің екінші онкүндігінде елдің солтүстік жартысында жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын болады деп болжануда. Ал үшінші онкүндікте нөсер жаңбыр жауады.
Оңтүстік өңірлерде және еліміздің батысында күндіз ауа +23 +32°С дейін жылынады. Дегенмен +10 +18°С температуралық фондағы салқын күндер де болады.

Мәссаған😮