Бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтары

Автор: редактор 08 апреля, 2025


Баршаға сәлем, қымбатты оқырман!

Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз📍

Астанада өтетін Дженнифер Лопестің концерті ел қазынасына 400 миллион теңге табыс түсірмек

Америкалық поп-жұлдыз Дженнифер Лопестің 1 тамызда Астанада өтетін концерті ел бюджетіне 400 миллион теңгеден астам салықтық түсім түсіреді. Бұл туралы «Астана концерт» компаниясының продюсері Мәлік Хасенов үкімет отырысында мәлім етті.

Оның айтуынша, әлемге танымал әншінің концертіне 15 мыңнан астам шетелдік турист келуі мүмкін.

“Дженнифер Лопестің Астанаға келуі – халықаралық гастрольдер картасында қаламыздың орны бар екенін көрсететін маңызды оқиға болмақ. Концерттен күтілетін экономикалық пайда – 15 мыңнан астам шетелдік туристтің келуі. Қаланың экономикасына қосатын жалпы үлесі 6,5 миллиард теңге болады деп отырмыз. Бұл қаржы негізінен HoReCa жүйесіне – яғни қонақүйлер, мейрамханалар, дәмханалар мен басқа да қызмет көрсету салаларына түседі. Ал концерттен тікелей түсетін салық көлемі 400 миллион теңгеден асады”, – деді Хасенов.

Анықтама: HoReCa – туристер мен қала қонақтарының қонақүй, ас-су, демалысқа жұмсайтын қаражатын есептейтін халықаралық жүйе.

• Ho – Hotels (қонақүйлер)
• Re – Restaurants (мейрамханалар)
• Ca – Cafes / Catering (дәмханалар мен қоғамдық тамақтану қызметтері)

Министрліктің айтуынша, шетелден 15 мыңға жуық адам келуі мүмкін👍

11 сәуірден бастап Қазақстанның футболына арналған коллекциялық монеталар сатыла бастайды

Ұлттық Банк «Спорт» сериясынан «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ФУТБОЛ КЛУБТАРЫ» және «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ФУТБОЛ ФЕДЕРАЦИЯСЫ» коллекциялық монеталары сатыла бастайтынын хабарлайды.

«ҚАЗАҚСТАННЫҢ ФУТБОЛ КЛУБТАРЫ» монеталарының 13 түрі әрқайсысы 7 000 данадан шығарылған. Олардың ішінде 5 000 монета жеке блистерде, 2 000 монета сувенирлік блистер жиынтығында ұсынылады.
2 000 данамен шығарылған сувенирлік блистер жиынтығы «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ФУТБОЛ КЛУБТАРЫ» 13 түрлі монетадан және бір дана «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ФУТБОЛ ФЕДЕРАЦИЯСЫ» монетасынан тұрады.
Барлық монета мельхиор қоcпасынан (МН 25) жасалған, салмағы – 15 грамм, диаметрі – 33 мм, дайындау сапасы – brilliant uncirculated, номиналы – 200 теңге.

Коллекциялық монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында өздерінің белгіленген құнына сай төлемдердің барлық түрі бойынша қабылдауға, сондай-ақ елдің барлық банкінде банктік шоттарға есепке алуға, аударуға, ұсақтауға және айырбастауға жататыны нақтыланады.
Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалды.

Тамаша!😍

Алматыдағы Ботаникалық бақ уақытша жұмыс істемейді

Алматының Ботаникалық бағы өз келушілеріне маңызды хабарлама жариялады.

Instagram парақшасында ұйым, Ботаникалық бақтың уақытша жұмыс істемейтінін мәлімдеді.

“Қалада кеше болған дауылға байланысты ботаникалық бақ келушілер үшін 10 сәуірге дейін жабық.
Қазіргі уақытта ағаштар құлап, бұтақтары сынғандықтан ботаникалық бақтың айналасында жүру қиынға соғып тұр. Сондықтан қауіпті ағаштардың құлау мүмкіндігін болдырмау үшін қоғамдық аумақты тазарту, сондай-ақ ағаштардың жағдайын тексеру қажет. Уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз”, — деп жазылған Ботаникалық бақтың Инстаграм парақшасында.

Ботаникалық бақ 10 сәуірден бастап қайта ашылады. Бақтағы гүлдерге зақым келмеген.

Құлаққағыс!📌

Қазақстанда жасанды интеллект туралы заң әзірленеді

Астанадағы Кәсіподақтар федерациясында Мәжіліс депутаттары мен еңбек саласының мамандары жасанды интеллектінің (ЖИ) еңбек нарығына әсерін талқылады. Кездесу ЖИ-ді заңнамалық деңгейде реттеу қажеттігін көрсеткен маңызды қадамға айналды.

Еңбек нарығына жаңа сын-қатер

Цифрлық технологиялар қарыштап дамып, ЖИ жүйелері кейбір мамандықтарды алмастыра бастады. Осыған байланысты Қазақстанда ЖИ туралы алғашқы заң жобасы әзірленуде. Кәсіподақ ұйымдары бұл процесте жұмысшылардың құқықтары мен деректер қауіпсіздігі басты назарда болу керектігін атап өтті. Сондай-ақ, өтпелі кезеңнің әділетті түрде жүзеге асуы мен шешім қабылдау процесінің ашықтығы талап етіледі.

Заңды әзірлеуге мемлекеттік органдармен қатар, ІТ-мамандар, заңгерлер мен азаматтық қоғам өкілдері де қатысуы керек.

Әлемдік тәжірибе не дейді?
• Еуропа ЖИ-ге тәуекелге негізделген AI Act заңын әзірлеуде. Жоғары тәуекел тудыратын жүйелерге (еңбек, медицина, білім) қатаң талап қойылады.
• АҚШ бірыңғай заң қабылдамағанымен, кейбір штаттарда ЖИ-дің жұмыс орнындағы қолданысы қадағаланады. Ақ үйдің “AI Bill of Rights” бастамасы адамның құқықтарын қорғауға негізделген.
• Қытай deepfake, алгоритмдік ұсынымдар мен жастарға арналған контентті қатал реттеп отыр.
• Жапония, Канада, Корея секілді елдер арнайы оқыту бағдарламаларын енгізіп, этикалық нормалар мен әділеттілік қағидаларын басты орынға шығарған.

Қазақстанға қандай бағыт қажет?

Жаңа заңда мыналар ескерілуі тиіс:
• ЖИ-дің нақты анықтамасы;
• қолдану салалары мен құқықтық шекарасы;
• еңбек заңнамасымен үйлесімділігі;
• дербес деректерді қорғау;
• этикалық нормалар мен жауапкершілік тетіктері.

Ең бастысы — ЖИ адамға зиян келтірмеуі, кемсітпеуі және оның шешімдері түсінікті болуы қажет. Бұл халықтың сенімін арттырады әрі инновацияға жол ашады.

Жасанды интеллект туралы заң — бұл болашаққа бағытталған жауапты қадам. Ол тек технологияны емес, адам құқығын қорғауды да көздеуі тиіс.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары еңбек саласына қатысты маңызды тақырыпты талқылады🔺