Кеш жарық, құрметті оқырман!
Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз ✅
Тағы 12 мыңнан астам қазақстандық «Наурыз» тұрғын үй бағдарламасының қатысушысы атанды
“Наурыз” тұрғын үй бағдарламасына қатысушы 12 мыңнан астам қазақстандықтың аты-жөні Отбасы банкінің ресми сайтында жарияланды. Жалпы 34 745 өтінім қабылданды, оның әр үшіншісі қатысушылар тізіміне енгізілді.
Бағдарламаға қатысушылар 2025 жылдың 10 сәуірі мен 16 мамыры аралығында Отбасы банкіне кредиттік өтінім берулері қажет. Егер өтінім мақұлданса, қатысушыларға үй сатып алу үшін 6 ай уақыт беріледі. Қатысушылардың іріктелуі балдық жүйе бойынша автоматты түрде жүзеге асты.
Ұпайларды есептеу тәртібі:
• Салым бойынша сыйақы мөлшері — әр 1 000 теңге үшін 1 ұпай;
• Тіркелген некенің болуы — 5 ұпай;
• Балалардың болуы — 10 ұпай (балалар санына қарамастан);
• Халықтың әлеуметтік осал топтары (ХӘОТ) мәртебесінің болуы — 10 ұпай;
• 35 жасқа дейінгі жас — 5 ұпай.
“Наурыз” бағдарламасының шарттары:
• Алғашқы жарна: таза әрлеудегі тұрғын үй үшін 10%, әрленбеген немесе қайталама нарықтағы тұрғын үй үшін 20%-дан бастап;
• Тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін мөлшерлеме — 7% (ЖТСМ 7,1%-дан 9,6%-ға дейін);
• Барлық азаматтар үшін мөлшерлеме — 9% (ЖТСМ 9,4%-дан 13%-ға дейін);
• Несие мерзімі — 19 жылға дейін.
Бағдарлама аясында тұрғын үй сатып алу шарттары:
• Алғашқы нарықтағы, оның ішінде ҚТК кепілдігімен үлестік қатысу шарты бар тұрғын үй;
• Моноқалалар мен ауылдық жерлердегі қайталама нарықтағы тұрғын үй, бір жылға бөлінген қаражаттың 30%-ынан аспайтын көлемде.
Заемның максималды сомасы:
• Астана мен Алматы үшін — 36 млн теңгеге дейін;
• Қалған өңірлер үшін — 30 млн теңгеге дейін.
Сонымен қатар, бастапқы тұрғын үйді сатып алу үшін алынған несие бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізуге де қаражат алуға болады. Жөндеуге арналған қарыздың мөлшері үй сатып алу үшін берілген кредиттің 20%-ынан аспауы тиіс.
Бағдарламаға қатысушылар Баспана маркет порталы арқылы бастапқы тұрғын үйді таңдап, брондап, сатып ала алады. Бұл опция бағдарламаның жүзеге асырылуы аясында тұрғын үй бағасының жасанды өсуіне жол бермеу мақсатында енгізілді.
Керемет!👍
Елімізде 10 және 20 жылдан асқан автокөліктерге салынатын салық мөлшері азайтылады
Мәжілісте салық кодексін талқылау кезінде Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 10 жылдан асқан автокөліктерге салынатын салық 30%-ға, ал 20 жылдан асқан көліктерге 50%-ға төмендейтінін мәлімдеді. Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов ескі көліктерге салық мөлшерін төмендету туралы ереже бұрыннан бар екенін атап өтті.
Бұл норма жобада да сақталған. Яғни, 20 жылдан астам уақыт пайдаланылған автокөліктерге салықтың жартысы ғана төленеді. Ал 10 жылдан асқан көліктерге салық 30%-ға азаяды, – деп түсіндірді вице-министр Мәжіліс кулуарында.
Жақсы жаңалық екен🔥
Қазақстанда алаяқтықпен рәсімделген несиелер кешірілуі мүмкін
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Кизатов Қазақстанда алаяқтық жолмен рәсімделген несиелерді кешіруге мүмкіндік беретін жаңа заң туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Uidezhatpa.kz Tengrinews.kz агенттігіне сілтеме жасап.
Бүгін Мәжіліс депутаттары қаржы нарығын дамыту және тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңды екінші оқылымда қабылдады.
Қазіргі уақытта несие тек сот арқылы кешіріледі, бірақ бұл көп адам үшін ұзақ және күрделі процесс. Сондықтан жаңа заң жобасында сотқа дейін-ақ кейбір несиелерді кешіруге мүмкіндік беретін өзгерістер енгізілді.
Негізгі өзгерістер мыналардан тұрады: бірінші несие алу кезінде клиент банкке немесе микроқаржы ұйымына өзі келіп, рәсімдеуі қажет. Егер басқалар келіп, несие рәсімдесе, ол несие жарамсыз деп танылады. Сондай-ақ, несие алғаннан кейін бір тәулік ішінде клиент өз шешімін өзгертіп, несиеден бас тартуға құқылы болады. Әлеуметтік осал топтарға қосымша келісім талап етіледі. Егер осы талаптар сақталмаса, банк немесе микроқаржы ұйымы несиені сотқа жеткізбей жоюға міндетті.
Сот арқылы кешіру тек келесі жағдайларда қолданылады: биометриялық сәйкестендіру дұрыс жүргізілмесе (мысалы, бет-әлпет немесе саусақ іздерін анықтау ережелері бұзылса); алаяқтыққа қарсы жүйелердің талаптары орындалмаса; клиенттің жеке деректері заңсыз пайдаланылса.
Егер осындай заң бұзушылықтар анықталса, банк немесе микроқаржы ұйымы несиені кешіруге міндетті.
Олжас Кизатовтың айтуынша, бұл заңдағы өзгерістер алаяқтардың құрбаны болған азаматтарға несиелерінен құтылуға нақты мүмкіндік береді.
Жаңа заң жобасы қабылдануы мүмкін📌
Негізгі ҰБТ-ға өтініш 12 сәуірден бастап қабылданады
Негізгі ҰБТ-ға өтініштерді қабылдау 12-25 сәуір аралығында жүзеге асырылады, оның ішінде 12-18 сәуір аралығында бір рет өтініш беруге, 19-25 сәуір аралығында бір немесе екі рет өтініш беруге болады.
Тестілеудің өзі 16 мамырда басталып, 5 шілдеге дейін жалғасады. Талапкерлер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатыса алады.
«ҰБТ-ға қатысу үшін Ұлттық тестілеу орталығының http://app.testcenter.kz сайты немесе UTO.kz қосымшасы арқылы өтініш беруге болады. Талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдайды. Бұл ретте олар екі мүмкіндік үшін бейіндік пәндердің бір ғана комбинациясын белгілейді», — деп жазылған хабарламада.
Талапкерлердің негізгі ҰБТ-ға дайындығын жақсарту мақсатында енгізілген әр пән бойынша жеке тақырыптық талдау бар. Яғни әр ҰБТ-дан кейін (қаңтар, наурыз) түлектерге жеке тақырыптық талдау бойынша білімдерін арттыру ұсынылады. Сонымен қатар бірінші мүмкіндікті тапсырғаннан кейін олар екінші мүмкіндікке дейін дайындықтарын жақсарта алады. Одан бөлек онлайн байқау сынақтары іске қосылған.
Оқу жылының басында ҰТО сайтында тест тапсырмалары құрастырылған оқулықтар тізімі мен тест жоспары; «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» пәндері бойынша 100 тарихи дата тізімі; «Информатика» пәнінен терминдер тізімі; «Қазақ әдебиеті» және «Орыс әдебиеті» бойынша әдеби шығармалар тізімі жарияланды.
ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. ҰБТ тапсырмалар саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырмадан. Жоғары балл – 140.
«Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек», — деп түсіндірді тестілеу орталығы.
Барша түлекке сәттілік тілейміз! 🙌🏻