Кеш жарық, құрметті оқырман!
Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз ✅
“Үрейге негіз жоқ”. Ұлттық банк төрағасы теңге бағамының өзгеріске ұшырамайтынын жеткізді
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов теңге бағамының қазіргі жағдайына қатысты пікір білдірді.
Бас қаржыгердің айтуынша, халық арасында бұрынғыдай “таңертең оянғанда валюта бағамы күрт өзгеріп кетеді” деген үрейге негіз жоқ. Себебі қазіргі таңда теңге бағамы нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа сәйкес, біртіндеп қалыптасып отырады.
“Бүгінде бәріміз көріп отырмыз – теңге бағамы бір күнде күрт өзгермейді. Ол ішкі және сыртқы факторларға байланысты бірде көтеріледі, бірде төмендейді. Әсіресе, мұнай бағасының ықпалы зор”, – деді Сүлейменов брифинг барысында.
Оның сөзіне қарағанда, мұнай бағасы жоғары деңгейде тұрса, еліміздегі экономикалық жағдай да тұрақты болады.
“Дүрлігуге негіз жоқ. Қазақстанда экономикалық өсім бар, мемлекеттік қаржы көрсеткіштері де орнықты. Дегенмен алдағы теңге бағамының нақты қалай өзгеретінін айту қиын. Мұның барлығы жаһандық энергетика мен қаржы нарықтарындағы ахуалға тәуелді”, – деді ол.
Сүлейменов мәлімдеме жасапты📌
Енді ескі көлігіңіз бен техникаңызды өткізіп, 2 млн теңгеге дейін жеңілдік ала аласыз
Қазақстанда ескі автокөліктер мен ауыл шаруашылығы техникаларын өткізген азаматтар 2 миллион теңгеге дейінгі жеңілдік сертификатына ие бола алады.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі қолға алған жаңа мемлекеттік бағдарлама ескірген техниканы жою арқылы экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған. Бағдарлама операторы – «Жасыл даму» акционерлік қоғамы.
Қатысу тәртібі екі кезеңнен тұрады:
1. Қажетті құжаттарды (жеке куәлік, көліктің тіркеу куәлігі, тексеру актісі) дайындап, «Жасыл даму» АҚ онлайн платформасы арқылы өтінім беру;
2. Құжаттар мен бөлшектер тексерілгеннен кейін техниканы арнайы қабылдау пунктіне өткізу.
Қазіргі таңда ескі көліктерді қабылдайтын кәсіпорындардың тізімі жасақталу үстінде. Қабылдау уақыты мен орындары жақын арада оператордың ресми сайтында жарияланатын болады.
Құжаттар тізімі (жеке тұлғалар үшін):
• Жеке куәліктің немесе паспорттың көшірмесі;
• Көліктің тіркеу есебінен шыққаны туралы анықтаманың көшірмесі;
• Нотариалды куәландырылған құжаттар: жұбайының келісімі, неке туралы куәлік, жеке куәлік көшірмелері немесе меншік иесінің некеде тұрмағаны жөніндегі өтініш.
Жеңілдік сертификаты жаңа көлік немесе ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу кезінде пайдалануға жарайды. Бір көлікке екі, ал бір ауыл шаруашылығы техникасына төрт сертификатқа дейін жинақтауға болады.
Сертификаттың берілу тәртібі де қарастырылған:
• Ол 3 ретке дейін басқа адамға берілуі мүмкін;
• Басқа адамға берілгенімен, қолданылу мерзімі өзгермейді.
Жақсы мүмкіндік екен!👍
Шымкентте Мәдениет және өнер университеті ашылады
Мемлекет басшысы жұртшылықтың Шымкент қаласында Мәдениет және өнер университетін ашу жөніндегі ұсынысын қолдады.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға тиісті тапсырма берді», — деп жазылған хабарламада.
Мемлекет басшысы жұмыс сапары барысында қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысуды жоспарлап отыр. Ол қазірдің өзінде жергілікті кәсіпкерлермен және қала жұртшылығымен кездесті.
Тамаша!🔥
Ораза айт мерекесі тойланған аумақты қоқыстан тазарқан 3 жасар атыраулық Дінмұхаммед Президенттен алғыс хат алды
Видеосы желіге тарап, халықты сүйсіндірген бала мен оның әкесіне күтпеген марапатты облыс әкімі Серік Шәпкенов табыстады. Бұл туралы деп BAQ.KZ тілшісі мәлімдеді.
Дінмұхаммедтің қолғабыс етіп жатқан сәтін тұрғындардың бірі бейнежазбаға түсіріп алған. Видео бірден желіге тарап, жұртты сүйсіндірді. Балдырғанның қоқыс жинаған кадрын мемлекет басшысы да көрген. Сөйтіп алғыс хат жолдапты. Оны Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов табыстады.
Кейде көп сөздің орнына бір іс ғана жетіп жатады. Дінмұхаммед кішкентай ғана ойын баласын болса да, көпке ой салды. Әлбетте бұл отбасынан алған тәрбиесі. Сондай-ақ бұл отансүйгіштіктің үлгісі. Осындай әрекеттер Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы уақытша іс-шара ғана емес, әр азаматтың өмір салты болуы қажеттілігін көрсетеді,-дейді облыс әкімі Серік Шәпкенов.
Дінмұхаммед Жұмажанның әкесі мен отбасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғысына ерекше қуанды. Күтпеген жерден баласының кішкентай еңбегі еленгеніне мәз-мейрам болды.
Құтты болсын!😍