Кеш жарық, құрметті оқырман!
Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз ✅
Азық-түлік бағасын көтергендер 600 мың теңгеге дейін айыппұл арқалайды
2025 жылдың 13 наурызынан бастап Қазақстанда жаңа ереже күшіне енді. Енді әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына заңмен белгіленген 15%-дық шекті сауда үстемесін бұзған кәсіпкерлерге ескерту берілмей, бірден айыппұл салынады. Бұл өзгеріс ҚР Сауда және интеграция министрлігінің бастамасымен Әділет министрлігі ұсынған заң жобасы негізінде Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске енгізілген.
Бұрын заң бұзушылық алғаш рет тіркелсе, кәсіпкерге тек ескерту жасалатын. Енді бірінші бұзушылықтың өзінде-ақ айыппұл салынады:
• Жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнес субъектілеріне – 5 АЕК (19 660 теңге),
• Орта бизнеске – 35 АЕК (137 620 теңге),
• Ірі сауда желілеріне – 150 АЕК (589 800 теңге).
Заң бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл көлемі екі есеге өседі.
Министрліктің мәлімдеуінше, бұл өзгерістердің басты мақсаты — әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақты ұстау және негізсіз алыпсатарлыққа жол бермеу. Сауда нүктелеріндегі бақылау күшейтілді.
Айта кетейік, 2023 жылдың сәуір айынан бастап ӘМАТ бағасына мемлекеттік бақылау жүргізу өкілеттігі жергілікті әкімдіктерден Сауда және интеграция министрлігіне берілген болатын.
Мәліметтер бойынша:
• 2023 жылы 848 әкімшілік іс қозғалып, оның 51-і айыппұлмен (7 млн теңге), 797-сі ескертумен аяқталған.
• 2024 жылы бақылау күшейгенде 4384 іс тіркеліп, 284 айыппұл (16 млн теңге), 4100 ескерту берілген.
• 2025 жылдың 20 наурызына дейін 1189 іс тіркеліп, 70 жағдайда айыппұл (5 млн теңге), 1119 рет ескерту жасалған.
Министрлік бұл көрсеткіштерді бақылау тетіктерінің тиімділігін дәлелдейтін жүйелі нәтижелер деп бағалап отыр.
Мәссаған!😶
Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарды алаяқтардан сақ болуға шақырады
Елімізде алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды. Әлеуметтік желі қолданушылары белгісіз нөмірлерден қоңырау түсіп, емханаға скринингтен өтуге шақырып, SMS арқылы келген хабарламаны растауды сұрағанын жазуда.
Денсаулық сақтау министрлігі бұл жағдайға қатысты келесідей түсініктеме берді:
Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарды скринингтік тексерулерге шақыру сылтауымен жасалатын алаяқтық әрекеттер туралы ескертеді. Алаяқтар медициналық ұйымдардың атынан хабарласып, скринингке жазылуды растау үшін SMS-кодты айтуыңызды сұрайды. Мемлекеттік медициналық мекемелер скринингке шақырған жағдайда, сізден ешқашан SMS-кодты растауды талап етпейді. Алаяқтарға алданбаңыздар, – делінген хабарламада.
Абай болыңыздар! 📌
Қазақстандық музыкалар Instagram мен Facebook желілеріне қайта оралды
Қазақстандық музыкалық шығармалар Instagram мен Facebook платформаларында қайта қолжетімді болды. Бұл туралы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік комитетінің төрағасы Шолпан Әбдіреева мәлімдеді.
Оның айтуынша, аталған мәселе бойынша Мета компаниясымен және Қазақстандық авторлық қоғам РҚБ-мен бірлесіп келіссөздер жүргізілген.
– Бұл тек заңдық келісім емес. Бұл — авторлардың құқығын қорғау, цифрлық кеңістікте заңдылықты қамтамасыз ету және мәдени мұрамызды сақтау жолындағы маңызды қадам, – деді Әбдіреева.
Еске сала кетейік, бұған дейін лицензиялық келісімдердің мерзімі аяқталғандықтан, қазақстандық музыкалар әлеуметтік желілерде уақытша бұғатталған еді. Заңнамаға сәйкес, авторлық құқық иелерімен немесе олардың өкілетті ұйымдарымен келісімсіз музыкалық контентті цифрлық платформаларда пайдалануға тыйым салынады.
– Біз Мета өкілдерімен бірнеше онлайн кездесу өткіздік. Олар ұсыныстарымызға түсіністікпен қарап, кәсіби әрі сындарлы ұстаным танытты. Соның нәтижесінде, екі жыл мерзімге қазақстандық музыкаларды Instagram және Facebook желілерінде қайта пайдалануға мүмкіндік беретін жаңа келісімге қол жеткіздік, – деді Шолпан Әбдіреева.
Тамаша! Байқадыңыз ба?😍
Елімізде теміржол көлігімен жолаушыларды, багажды, жүк-багажды және пошта жөнелтілімдерін тасымалдау ережелеріне өзгерістер енгізілді. Бұл туралы BAQ.KZ мәлімдеді.
Бұл ережеге өзгеріс Көлік министрлігінің 2025 жылғы 11 сәуірдегібұйрығымен енгізілді.
Билеттерді сату мерзімі өзгерді:
* Жолаушылар пойыздарына– ұйымдасқан жолаушылар топтарын қоспағанда, билет поезд жөнелтілгенге дейін 45 тәуліктен 10 минутқа дейінсатылады (бұрын 45 тәуліктен 1 тәулікке дейін болатын).
* Қала маңындағы пойыздарға– 10 тәуліктен 10 минутқа дейін(бұрын 10 күннен 1 тәулікке дейін).
Жолаушылар пойыздарына билеттер Астана уақытымен таңғы 07:00-ден бастапсатылымға шығады.
Мүгедектігі бар адамдарға арналған мамандандырылған купелерге билеттер:
* Сату ашылған сәттен бастап келесі санаттағы адамдарға қолжетімді:
* 1-топтағы жүріп-тұруы қиын мүгедектігі бар жолаушы мен оны ертіп жүретін адамға;
* 18 жасқа дейінгі мүгедек бала мен еріп жүретін адамға;
* Медициналық ұйымға (немесе кері бағытта) шұғыл баруға қажеттілігі бар адам мен еріп жүретін адамға.
Бұл билеттер тек билет кассалары арқылы рәсімделеді.
* Қалған мүгедектік топтарындағы жолаушылар билетті пойыз жөнелтілгенге дейін 7 тәуліктен бастапрәсімдей алады.
Билеттер мына құжаттар негізінде беріледі:
* мүгедектігі бар адамның мәртебесін растайтын құжат;
* медициналық ұйымнан шұғыл жол жүру қажеттілігін растайтын анықтама;
* еріп жүретін адамның құжаттары.
Бір жолаушы бір купеден 4 орынға дейін билет сатып ала алады.
Билеттерді рәсімдеу тәсілдері:
* Автоматтандырылған басқару жүйесі (АБЖ),
* Компьютерлік кассалар,
* Диспетчерлік терминалдар (ДТМ),
* Өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары,
* Интернет-ресурстар арқылы, электрондық жол жүру құжатын бере отырып.
Қала маңындағы пойыздарға билеттерді рәсімдеу кезінде жолаушының толық деректері талап етіледі: аты-жөні, ЖСН, жеке куәлік нөмірі.
Құлаққағыс‼️