Бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтары

Автор: редактор 15 апреля, 2025


Баршаға сәлем, қымбатты оқырман!

Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз📍

Елімізде зейнеткерлердің қарызын азайту көзделіп отыр

Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев зейнеткерлердің несиелік берешегі бойынша Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап беріп, бірқатар жеңілдіктер қарастырылып жатқанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазіргі таңда банкроттық рәсімдерін жеңілдету үшін заңнамаға маңызды өзгерістер енгізілген. Бұл жаңашылдықтар азаматтар мен зейнеткерлерге сотқа жүгінбей-ақ банкроттық рәсімін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Мәжілісте қаралып жатқан жаңа заң жобасында 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін ресімделген шағын несиелер бойынша борыштарды реттеу талаптарын алып тастау ұсынылған.

Зейнетақыдан өндіріп алу мәселесіне де тоқталған Үкімет өкілі, қолданыстағы заңнама бойынша зейнетақының 50%-дан артығы өндірілмеуге тиіс екенін айтты. Алайда, зейнетақыны толықтай қорғау шарасы банктердің зейнеткерлерге несие беруін шектеуі мүмкін екенін ескертті.

Сондай-ақ, әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылардың банктік шоттардағы қаражаты мемлекет тарапынан өндіріп алудан қорғалатыны да атап өтілді.

Яғни, несиесі мен банкроттық рәсімдері жеңілдемек👍

«Наурыз-2025″ ипотекалық бағдарламасы бойынша алғашқы заем берілді

Бүгінгі таңда Отбасы банк «Наурыз» бағдарламасы бойынша барлығы 1 047 кредиттік өтінімді мақұлдады. Алғашқы заем кісі қолына тиіп те үлгерді.

Биылғы жылғы «Наурыз» бағдарламасы бойынша алғашқы қолжетімді несиені Батыс Қазақстан облысының 26 жастағы тұрғыны Бексұлтан Қазиуллин ресімдеді. Ол жедел медициналық жәрдем станциясында фельдшер болып жұмыс істейді. Облыс тұрғыны Оралда бастапқы нарықтан онлайн-ипотека арқылы пәтер сатып алды.
Банк сайтындағы мәліметке сүйенсек,»Наурыз» бағдарламасына қатысушылар тізіміне 12 000 қазақстандық ілінген, оның 4 577-сі немесе 38,1% тұрғын үйге кезекте тұр. Олардың жартысына жуығы (16,8%) халықтың әлеуметтік осал санатына жатады.

Бағдарламаға қатысушылардың көпшілігі республикалық маңызы бар – Астана, Алматы және Шымкент қалаларында тұрады. Бұл — 7880 адам. Облыстық маңызы бар қалалардан бағдарламаға 3 506 адам кірді, тағы 560 банк клиенті аудандарда және 54 салымшы моноқалаларда тұрады. Қатысушылардың басым бөлігі немесе 7 112 адам — 35 жасқа дейінгі (қоса алғанда) жас қазақстандықтар. Олар, әдетте үйленген және балалары бар болып келеді. «Наурыз 2025» бағдарламасына қатысушылар пулында 25% — тұрғын үй төлемдерін алушылар, яғни әскери қызметшілер мен арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері.
Ең үнемшіл салымшылардың «Наурыз» бағдарламасына қатысушылардың тізіміне ену мүмкіндігі жоғары екенін еске сала кетеді.

Ұпайлар қалай есептеледі?

* салым бойынша сыйақы мөлшері — әрбір 1 000 теңге үшін 1 ұпай;
* тіркелген некенің болуы — 5 ұпай;
* балалардың болуы — 10 ұпай (балалар санына қарамастан);
* халықтың әлеуметтік осал топтары (ХӘОТ) мәртебесінің болуы — 10 ұпай;
* 35 жасқа дейінгі жас (қоса алғанда) – 5 ұпай.

Мысалы, 1000 балл жинау үшін салым бойынша сыйақы түрінде Отбасы банкіндегі депозитте 1 млн теңге жинау қажет. Банктегі сыйақы капиталдандырылады, яғни есептелген сыйақыға сыйақы да есептеледі. Сыйақы мөлшері — жылдық 2% (мемлекеттік сыйлықақыны ескере отырып, ЖТСМ 2,4%-дан 14%-ға дейін). Депозитте 1 млн теңге көлемінде сыйақы жинақтау үшін кемінде 5 жыл ішінде 10 миллион теңге жоспарлы түрде жинақтау қажет.

Банктің автоматты жүйесі ұпайларды үлкен мәннен кішіге дейін бағалайды. Биылғы жылы ең жоғары балл 1 421,29, өткен жылы 1 032,44 құрады.

Әр қазақ баспаналы болсын!🙌🏻

3 және 5 мамырда Астанада Жеңіс шеруіне басты дайындық өтеді

3-5 мамыр күндері Астанада өтетін Жеңіс шеруінің басты дайындық кезеңі басталды. Қарулы Күштердің Құрлық әскерлері парадқа сақадай сай болу үшін ауқымды жұмыстар жүргізуде.

ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы Мереке Көшекбаевтың айтуынша, дайындық бекітілген жоспарға сай өтуде.

– Қазіргі таңда парадқа дайындықтың екінші кезеңіндеміз. Барлық әскери техника, қару-жарақ және жеке құрам дайындық аймағына толық жеткізілді. Жеке құрамның дайындығы 90 пайызды құрап отыр. Үйлестіру жұмыстары да түгелдей пысықталды, – деді генерал-лейтенант.

Айта кетейік, Жеңіс шеруі – ел қорғанысының қуатын көрсетіп, отансүйгіштік рухты арттыратын маңызды әскери-мәдени шаралардың бірі.

Шеруге қатысасыз ба?🤔

Әлем чемпионы Аида Әбікееваға автокөлік сыйға тартылды

Көліктің кілтін Қарағанды облысының бокс федерация басшысы Камалутин Халиков табыстады.

«Бұл – оның ерен еңбегі, жігері мен табандылығы үшін лайықты марапат. Аиданың бұл жетістігіне шын жүректен қуанып, Қазақстанды әлемдік аренада лайықты танытып жүрген дарынды спортшымызбен мақтанамыз. Бұл жеңіс – үлкен жолдың бастауы ғана болсын, алдағы мақсат – Олимпиада алтыны болғай!», — деп жазылған федерация хабарламасында.

Еске сала кетейік, Аида Әбікеева (63 келі) наурызда Сербияның Ниш қаласында өткен әлем чемпионатының алтын жүлдегері атанды. Отандасымыз финалда таиландтық Тананья Сомнуекпен қолғап түйістіріп, 5:0 есебімен жеңді.

Құтты болсын!😍