Баршаға сәлем, қымбатты оқырман!
Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз📍
Дженнифер Лопес концерті: “Тикетон” техникалық ақауға байланысты жүздеген миллион шығынға батты
Астанада өтетін атақты әнші Дженнифер Лопестің концертіне сұраныс ерекше жоғары болып, билеттер санаулы күндерде сатылып кетті. Алайда, билеттерді таратумен айналысқан “Тикетон” (Freedom Ticketon) платформасы күтпеген қиындықтарға тап болған. Freedom Holding басшысы Тимур Турловтың айтуынша, компания бұл концерттен пайда көрмек түгілі, үлкен шығынға ұшыраған.
“Тикетон” концерт ұйымдастырушылары тарапынан билеттерді сататын агент ретінде таңдалған. Қызметі үшін комиссия уәде етілгеннен кейін, компания іске кіріскен. Бірақ билетке деген сұраныс барлық күткен көрсеткіштен асып түскен. Нәтижесінде сайт техникалық ақауға ұшырап, база істен шыққан. Осы сәтте көптеген билеттер екі мәрте сатылып кеткен.
“Біз бұл жағдайды байқаған сәтте сатылымды дереу тоқтаттық”, – деп жазды Турлов Threads парақшасында. Оның айтуынша, қайта сатылған билеттер жалпы стадион орындарының шамамен 10 пайызын қамтыған. “Тикетон” командасы бірнеше күн бойы мыңдаған тапсырысты қайта қарап, реттеуге тырысқан.
“Қолымыздан келгеннің бәрін істегенімізбен, барлық сатып алушыларға бірдей орын тауып бере алмайтынымыз анық болды. Сондықтан біз ақшалай түрде кешірім сұрауға дайынбыз”, – дейді Турлов.
Freedom Holding компаниясы қабылдаған шешімдер:
1. Ваучер алмаған клиенттерге – билет құны қайтарылып, сол мөлшерде (100%) өтемақы төленеді. Ақша қайтару мерзімі – банкке байланысты 3–10 жұмыс күні.
2. Орыны ауыстырылған клиенттерге – билеті сол бағадағы басқа орынға не би алаңына көшірілген жағдайда, 50% өтемақы төленеді.
3. Билеті арзанырақ орынға ауысқандарға – толық ақшасы қайтарылады, әрі концертке тегін кіреді.
Барлық клиенттерге тапсырыстарының мәртебесі туралы SMS-хабарламалар жіберілетіні де хабарланды.
Турловтың айтуынша, бұл жағдай компанияға бірнеше жүз миллион теңге көлемінде шығын әкелмек. “Бұл – біздің сервисіміздің бір жылдық табысымен пара-пар. Бірақ біз бұдан үлкен сабақ алдық”, – деп түйіндеді ол.
Мәссаған😶
Ұлттық банк зейнетақы активтерін АҚШ-тың инфляциялық облигацияларына салуды қарастыруда
Қазақстан Ұлттық банкі зейнетақы жинақтарының бір бөлігін инфляция деңгейіне байланған АҚШ-тың мемлекеттік облигацияларына (TIPS) инвестициялау мүмкіндігін жоққа шығармайды. Бұл туралы ҚР ҰБ Монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов мәлімдеді.
«Бұған дейін біз Ұлттық қордың активтерін басқару аясында инфляциялық облигациялар сияқты құралдарды қолдануға мүдделі екенімізді айтқан едік. Қазір бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізілуде. Егер бұл бастама Ұлттық қор аясында іске асса, биылғы жылы зейнетақы активтері үшін де осындай құралдарды қарастыруымыз мүмкін», — деді Тұрсынханов онлайн-конференцияда.
Сарапшының айтуынша, қазіргі таңда зейнетақы активтерінің 40%-ы шетелдік валютадағы құралдарда сақталған. Оның ішінде АҚШ-тың 10 жылдық мемлекеттік облигациялары бар, олардың кірістілігі шамамен 4,2%-ды құрайды. Бұл – инфляциялық қысымның күшеюі жағдайында маңызды фактор.
Ал зейнетақы активтерінің қалған 60%-ы теңгелік құралдарға, оның ішінде мемлекеттік және корпоративтік бағалы қағаздарға салынған. Ұлттық банк инфляцияға байланған ішкі мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша Қаржы министрлігінің аукционына қатысқан. Сонымен қатар, “Самұрық-Қазына”, “Бәйтерек” сынды квазимемлекеттік құрылымдардың да құралдарын қарастыруда.
Өткен жылы ҰБ екінші деңгейлі банктердің облигацияларына 220 млрд теңге көлемінде инвестиция салыпты, ал 2026 жылы бұл көрсеткіш 500 млрд теңгеге жетпек. Бұл ретте банктерге тұрақты немесе өзгермелі мөлшерлемемен жұмыс істеу нұсқасы ұсынылған.
Сондай-ақ Ұлттық банк зейнетақы активтері есебінен Қазақстандағы инфрақұрылымдық жобаларға шамамен 1,5 трлн теңге бағыттауды жоспарлап отыр. Бұл қаржы сенімді эмитенттерге, атап айтқанда “Самұрық-Қазына” мен “Бәйтерек” сияқты құрылымдарға бағытталмақ.
«Салымшылар уайымдамаса болады. Бұл жобалар – мемлекет қолдайтын қауіпсіз әрі кірісті құралдар. Біз зейнетақы активтерін тек нарықтық талаптарға сай, нақты табыс әкелетін бағыттарға ғана саламыз», — деді Тұрсынханов.
Мысал ретінде ол қысқа мерзімді МБҚ бойынша инфляция 10% болса, табыстылық 15-15,5% деңгейінде екенін, ал ұзақ мерзімді, яғни 10 жылдық облигациялар бойынша кірістілік 14-14,2% дейін жететінін атап өтті.
Бұған не дейсіз?🤔
Қазақстанда электросамокаттарға мемлекеттік нөмірлер енгізілуі мүмкін
Қазақстанда электросамокаттарға арнайы мемлекеттік нөмірлер енгізу мәселесі күн тәртібіне шықты. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Санжар Әділов мәлімдеді.
Әділовтің айтуынша, ұсыныс Швейцария елінің үлгісіне сүйеніп әзірленіп жатыр, онда тек автокөліктерге емес, самокаттар мен велосипедтерге де нөмір беру тәжірибесі бар. Қазір бұл бастама жан-жақты зерттеліп, пысықталу үстінде.
Министрлік өкілі электросамокаттардың қауіпсіздікке төндіретін қатеріне де назар аударды. Оның айтуынша, соңғы жылдары самокаттардың қарқынды таралуы жол қозғалысына қатысушылар арасында елеулі қауіп тудырып отыр. Мәселен, Алматы қаласында биыл 140 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 3 адам көз жұмып, 146 адам түрлі жарақат алған. Сонымен қатар, 55 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген.
“Самокаттарда нөмір болмағандықтан, жол ережесін бұзғандарды анықтау қиынға соғып отыр”, – деді Санжар Әділов.
«Медеу» мұз айдынының инженерлік инфрақұрылымы жаңартылады
«Медеу» мұз айдынының инженерлік инфрақұрылымы жаңартылып, мұзда сырғанау сапасы артады. Бұл туралы қалалық әкімдік жазды.
«Медеу» мұз айдынында сырғанау маусымы ұзартылады. Сонымен қатар жасанды интеллектпен жабдықталған SmartICE жүйесі енгізіліп, жаңа қоғамдық кеңістіктер құру арқылы Медеуді жыл бойы жұмыс істейтін әлемдік деңгейдегі спорттық-туристік орталыққа айналдыру көзделіп отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыдағы спорттық нысандар жекеменшіктің қолына өтіп кеткендіктен спортпен айналысуға мүмкіндік үнемі бола бермеген. Тіпті мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Алматыда мәнерлеп сырғанаудан еліміздің үздік спортшыларын даярлау үшін тиісті жағдайдың жоқтығы туралы ақпарат берді. Нәтижесінде былтыр ірі спорттық нысандарды қаланың балансына қайтару жұмыстары басталды. 2024 жылы «Almaty Arena» және «Halyk Arena» көпфункционалды кешендері коммуналдық меншікке өтті.
Бұған қоса, кейінгі үш жылда қалада алты жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды, ал биыл тағы төрт кешеннің құрылысы басталады. Бұл шаралардың барлығы өскелең жас спортшылардың дайындығы үшін заманауи әрі қолжетімді жағдай жасауға және Алматыда бұқаралық және кәсіби спортты жүйелі дамытуға бағытталған.
Алдында алматылықтарға жабылатыны туралы ескертпе жасаған еді📌