Кеш жарық, құрметті оқырман!
Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз ✅
Ата-анаға жаңа мүмкіндік: Енді зейнетақы жинағының бір бөлігін баланың еміне жұмсауға болады
Қазақстан азаматтары зейнетақы жинағының бір бөлігін енді баласының еміне де пайдалана алады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова 2025 жылғы 9 сәуірде қол қойған жаңа бұйрықта айтылған. Бұйрық 27 сәуірден бастап күшіне енеді.
Зейнетақы жинағын емге қалай пайдалануға болады?
1. Ем алу үшін азамат немесе оның заңды өкілі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) қолжетімді сомасы туралы ақпарат алады.
2. Уәкілетті оператордың сайтында ЭЦҚ арқылы жеке кабинет ашып, емге төлем жасауға арналған электрондық өтінішті толтырады.
3. Егер қаражат жұбайының не жақын туысының атына тіркелген болса, екі тарап ЭЦҚ арқылы келісім жасап, туыстықты растайтын құжат тапсырады.
4. Арнайы медициналық шотқа қаражат түскеннен кейін азамат қажетті медициналық ұйымды таңдап, дәрігерлік-консультациялық комиссия (ДКК) қорытындысын алады.
Балаларға арналған стоматологиялық қызметтерді төлеу тәртібі де нақтыланды:
• ДКК рентген-суреттер мен емдеу жоспарын зерттеп, арнайы 026/у нысанымен қорытынды береді.
• Имплантация кезінде қорытынды екі кезеңде беріледі: емге дейін және протез орнату алдында.
• Протездеу кезінде де екі кезеңдік растау қажет.
• Медициналық ұйым ДКК қорытындысын 2 жұмыс күні ішінде ақпараттық жүйеге енгізіп, пациентке береді.
• Уәкілетті оператор 5 жұмыс күні ішінде қажетті соманы медициналық ұйым шотына аударады.
Маңызды:
Құжаттар дұрыс рәсімделмесе, қаражат қайтадан БЖЗҚ-ға қайтарылады.
Жақсы мүмкіндік екен👍
Елімізде инфляция қайта үдей түсті: Астана көш басында
Наурыз айында елдегі инфляция 1,3%-ға өсіп, жылдық көрсеткіш 10%-ға жетті. Бұл – ақпан айымен салыстырғанда айтарлықтай жоғары (9,4%). Жалпы, 16 өңірде инфляция үдегені байқалса, тек 4 облыста ғана өсім баяулаған.
Ұлттық банк мәліметінше, ең жоғары жылдық инфляция Астанада тіркелген – 13,3%. Азық-түлік бағасы ең көп қымбаттаған өңір – Ақмола облысы. Ал ең баяу өсім Жамбыл, Қостанай және Түркістан облыстарында байқалды.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша Түркістан облысында өсім 15,2%-ға жетсе, Алматы облысында бұл көрсеткіш 5,8%-ды құрады.
Ақылы қызметтер бағасы да шарықтап келеді – наурызда жылдық өсім 14,3%-ды көрсетті (ақпанда – 14,1%). Бұл ретте Батыс Қазақстан облысы 19,1%-бен республикалық деңгейден әлдеқайда жоғары болса, Павлодар облысында керісінше – өсім тек 7,2%.
Бірнеше есеге өсіпті😶
Қазақстанда «овербукинг» үшін жауапкершілік енгізілді: әуе компаниялары енді артық билет сата алмайды
Қазақстанда енді әуе тасымалдаушылары орын санынан артық билет сата алмайды. Бұл туралы Бас көлік прокуратурасы мәлімдеді.
Соңғы екі жылда “овербукинг” тәжірибесі — яғни, сұранысы жоғары бағыттарда, мереке және демалыс күндері рейске қарағанда артық билет сату — бірнеше әуе компаниялары тарапынан қолданылып келген. Соның кесірінен кей жолаушыларда билет бола тұра, ұшаққа міне алмай, балама жол іздеуге мәжбүр болған.
Бұған дейін бортқа отырғызылмаған жолаушының құқығын қорғау тек халықаралық рейстерге қатысты болатын. Енді бұл талап ішкі рейстерге де қолданылады. Мәжіліс әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске өзгеріс енгізіп, ішкі бағыттардағы “овербукинг” үшін де жауапкершілікті бекітті.
Жаңа нормаларға сәйкес, жолаушылар мен олардың жүктерін тасымалдау ережесін бұзған әуе компаниясына 50 АЕК, яғни 196 600 теңге айыппұл салынады.
Бұл өзгерістер жолаушылар құқығын қорғауға және ішкі рейстерде артық билет сату тәжірибесін тоқтатуға бағытталған.
Әдетте билет бар, орын жоқ болатын еді. Шешімі табылды📍
Астанада LRT жолақысы 100-200 теңге аралығында болады
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Сарайшық ауданының тұрғындарымен кездесуінде қаладағы жеңіл рельсті көлік (LRT) жобасының жолақысы туралы сұраққа жауап берді.
“Жолақы 100 теңгеден 200 теңгеге дейін болады”, — деп мәлімдеді әкім.
Елордадағы LRT жобасы қыркүйек айында тестілік режимде іске қосылмақ. Қазіргі уақытта құрылыс алаңында рельстер төселіп, оптикалық талшық желісі аяқталды. Биыл жобада жұмыс істейтін мамандар саны 2 мыңға жуық, жаз айларында бұл көрсеткіш 5 мыңға дейін артады.
Жобаның жүзеге асырылуы озық GoA4 стандартына сәйкес келеді, бұл 6 айлық сынақ мерзімін талап етеді.
LRT жобасы қыркүйек айында тестілік режимде іске қосылмақ📌