Бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтары

Автор: редактор 22 апреля, 2025


Баршаға сәлем, қымбатты оқырман!

Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз📍

Гарвард университеті Трамп әкімшілігін сотқа берді

АҚШ-тағы беделді жоғары оқу орны — Гарвард университеті Дональд Трамп әкімшілігінің федералдық қаржыландыруды тоқтату туралы шешіміне қарсы сотқа шағым түсірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі BBC-ге сілтеме жасап.

Университет дүйсенбі күні федералдық сотқа жүгініп, Трамп әкімшілігінің миллиардтаған долларды қысқарту бастамасын тоқтатуды талап етті. Бұл шешім соңғы аптада үдеген саяси текетірестің бір бөлігіне айналды. Гарвард басшылығы әкімшіліктің “әртүрлілік пен антисемитизмге қарсы күрес” деген ұранмен қойған бірқатар талаптарын қабылдамай, академиялық еркіндігін қорғауға бел буды.

АҚШ президенті Дональд Трамп университеттің 2,2 миллиард доллар көлеміндегі федералдық қаржыландыруын тоқтатып, оның салықтан босатылған мәртебесін қайта қарауға бастама көтерді.

Гарвард университетінің президенті Алан М. Гарбер дүйсенбі күні қызметкерлеріне жолдаған хатында:
– Үкіметтің шектен тыс араласуы ауыр әрі ұзақ мерзімді салдарға әкелуі мүмкін, – деп мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл шешім балалар онкологиясы, Альцгеймер және Паркинсон аурулары бойынша жүргізіліп жатқан маңызды ғылыми жобаларға қауіп төндіреді.

Гарвардтың сотқа жолдаған шағымында:
– Федералдық үкімет соңғы апталарда құнды зерттеулерді жүзеге асырып отырған негізгі қаржылық серіктестіктерге қысым көрсетіп келеді, – делінген.

Ақ үй өкілі Харрисон Филдс бұл әрекетті негіздеп:
– Гарвард секілді ұйымдар салық төлеушілердің ақшасына өз бюрократтарына артық жалақы төлеп отыр. Федералдық қаржы – бұл артықшылық, ал Гарвард бұл артықшылыққа лайық болу үшін ең төменгі талаптарды да орындамай отыр, – деп жауап қатты.

Гарвард университетіне қойылған талаптар қатарында – оқу бағдарламасын сырттай сараптау, кадр саясаты мен қабылдау процесі жөнінде үкіметке есеп беру секілді шарттар бар. Алайда университет бұл талаптармен келіспейтінін 14 сәуірде жолдаған ашық хат арқылы білдірді:
– Гарвард өзінің академиялық тәуелсіздігінен бас тартпайды және конституциялық құқықтарын қорғайды. Федералдық үкімет ешбір жеке университеттің еркіндігіне қол сұқпауы тиіс. Сондықтан біз бұл талаптарды қабылдамаймыз, – делінген онда.

Мәссаған😮

1 мамырдан бастап жедел жәрдем шақырудың жаңа ережесі енгізіледі

Бұл өзгерістер азаматтардың 103 нөмірі бойынша шұғыл көмекке шақырту құқығын шектемейді.

«Жеделділіктің 4-санатындағы шақыртулар пациенттің өмірі мен денсаулығына тікелей және ықтимал қауіп жоқ, пациенттің өміріне қауіп төндірмейтін, бірақ медициналық араласуды қажет ететін жағдайларға қатысты», делінген хабарламада.

Сонымен, 1 мамырдан бастап не өзгереді:

● емханалардың жанындағы мобилдік бригадалар жұмыс уақытында — 8:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейтін болады;

● өмірге қауіп төндірмейтін жеделдіктің 4-санатындағы шақыртулар (мысалы, жоғары қысым, температура, жеңіл жарақаттар) емханалардың жұмыс уақытында МСАК мобилдік бригадаларына қайта бағытталатын болады;

● 20:00-ден кейін және демалыс күндері барлық шақыртуларға, соның ішінде 4-санатқа, бұрынғыдай, жедел жәрдем бригадалары қызмет көрсетеді.

Мұндай шақыртулар жедел шұғыл көмекке мұқтаж адамдарға кедергі келтіреді. Өзгерістер жүктемені оңтайландырып, азайтып, күту уақытын қысқартады.

МСАК мобилдік бригадасы шақыртуға 60 минут ішінде келеді, ал шұғыл жағдайларда келу уақыты 1-санат үшін — 10 минут, 2-санат — 15 минут, 3-санат — 30 минут.

Енді жаңа өзгеріс бойынша жұмыс істейді‼️

Белгілі блогер Daricorn тәртіп бұзғаны үшін айыппұл арқалады

Алматы қаласының полиция департаменті көлік жүргізу кезінде жол қозғалысы ережесін қасақана бұзып, бұл әрекетін әлеуметтік желіде жариялаған блогер Дариға Нұркееваға (Daricorn) қатысты әкімшілік шаралар қабылдады.

Ведомствоның хабарлауынша, әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында блогердің көлік жүргізу кезінде бұрылыс белгісін қоспай, жолақ ауыстырып, әдейі апатты жағдай туғызған сәті түсірілген видео анықталған.

Полиция бұл әрекетті әдейі жасалған, демонстративті тәртіп бұзушылық деп бағалап отыр. Жүргізілген тексеру нәтижесінде блогер ҚР ӘҚБтК-нің 595-бабы 1-бөлігі (бұрылыс сигналының берілмеуі) және 606-бабы 1-бөлігі (жол-көлік оқиғасына қауіп төндіру) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Алматы қаласының полиция департаменті заңның барша азаматқа бірдей екенін еске салды.

“Қоғам алдындағы танымалдылық немесе желідегі жазылушылар саны ешкімді жауапкершіліктен босатпайды. Әрбір жол ережесін бұзу дерегі заң аясында қаралатын болады. «Хайп» үшін тәртіп бұзуға жол берілмейді. Жолдағы қауіпсіздік – ойын емес, бұл әр азаматтың міндеті”, — деді полиция өкілдері.

Сонымен қатар, құқық қорғау органдары жүргізушілерді жолда абай болуға, тәртіп пен жауапкершілік танытуға шақырды.

Бұл блогердің де басы даудан арылмады ғой🤔

Алматы жастары” бағдарламасы бойынша 3400 жастың өтініші мақұлданды

Құжат қабылдау биыл 14-26 наурыз аралығында өтті. Барлығы6600-ден аса өтінім түскен.

Іріктеуден өткен 3400-ден аса қатысушы банкке жолдама алды. Олардың арасында білім, денсаулық сақтау, жұмыс істейтін жастар, республикалық мемлекеттік ұйымдардың қызметкерлері, құқық қорғау органдары мен басқа да саланың мамандары бар.

«Алматы жастары» бағдарламасы:
Ең жоғары несие сома – 20 млн теңгеге дейін;

Жылдық пайыздық мөлшерлеме – 5%;
Бастапқы жарна – 10%-дан аспайды.
Төлем қабілетін растау үшін банкке жолдама алғандар 15 жұмыс күні ішінде қаржы ұйымына хабарласуы керек. Төлем қабілеті расталған жағдайда, қатысушылар 45 күн ішінде жаңа немесе нарықтағы екінші деңгейлі тұрғын үйді таңдай алады.

Әр қазақ үйлі болсын!🤲🏻