Бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтары

Автор: редактор 24 апреля, 2025


Кеш жарық, құрметті оқырман!

Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз ✅

Қазақстанда ипотека мен несие рәсімдеу шарттары қиындайды

Қазақстанда несие, соның ішінде ипотекалық қарыз беру талаптары қатаңдатылуы мүмкін. Қаржылық нарықты реттеу және дамыту агенттігі бұл өзгерістерді көздейтін қаулы жобасын әзірлеп, оны қоғамдық талқылауға шығарды.

Жаңа тәртіпке сәйкес, банктер мен микроқаржы ұйымдары қарыз алушыларды белгілі бір тәуекел деңгейіне қарай бағалайтын болады. Егер клиент төмендегі алты көрсеткіштің екеуіне немесе одан көбі сәйкес келсе, ол «жоғары тәуекелді қарыз алушы» деп танылады:
• Несие тарихы 3 жылдан кем болса;
• Соңғы 12 айда 3 АЕК-тен асатын қарызды 30 күннен артық кешіктірсе;
• Бірнеше банкте немесе микроқаржы ұйымында өтелмеген несиесі болса (3 және одан көп);
• Ай сайынғы табысының 45%-дан астамы несиені өтеуге жұмсалса;
• Несие тарихында теріс мәліметтер болса;
• Тұрақты табыс көзі расталмаса.

Егер бұл ереже бекітілсе, жоғарыда аталған талаптар ипотекалық несиелерге де толық көлемде қолданылатын болады.

Бұл бастама банктер мен қаржы ұйымдарының несие саясатын сақтықпен жүргізуін көздейді және несие алушылардың қаржылық тұрақтылығына көбірек мән беру қажеттігін көрсетеді.

Талаптары күшейіп жатыр екен📌

Елімізде дәрумендерге бақылау күшейтіледі: Денсаулық сақтау министрлігі жаңа ережелерді таныстырды

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі ел аумағындағы биологиялық белсенді қоспалардың (ББҚ) сапасы мен қауіпсіздігін бақылауды күшейтуге ниетті екенін мәлімдеді.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ББҚ өнімдерін сатуға тек олар Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай тізілімінде тіркеліп, Кеден одағының техникалық регламенттеріне сай келетіндігі дәлелденген жағдайда ғана рұқсат беріледі. Бұл тіркеу процесін Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Қазақ тағамтану академиясы мен ЕАЭО-ға мүше елдердің ғылыми-зерттеу ұйымдарының сараптамалары негізінде жүзеге асырады.

ББҚ-лар сатылымға шығарылмас бұрын бірнеше маңызды зертханалық сынақтардан өтеді. Олардың қатарына:
• микробиологиялық, токсикологиялық және физика-химиялық талдаулар;
• дәрумендер мен биоактивті заттардың белгіленген мөлшерге сәйкестігі;
• улы өсімдіктер, жануар тектес компоненттер, патогенді микроағзалар мен саңырауқұлақтардың болмауын тексеру кіреді.

Жаңа шаралар:

2024 жылдан бастап елімізде БАҚ пен әлеуметтік желілердегі ББҚ жарнамасына мониторинг жүргізу басталды. Бұл жарнамадағы ақпараттың дұрыстығын және өнімнің мемлекеттік тіркеуде бар-жоғын анықтауға бағытталған.

2025 жылдан бастап ББҚ-ларды арнайы сәйкестендіру таңбаларымен белгілеу бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Бұл:
• өнім жеткізу жолының ашықтығын,
• әр қаптаманың соңғы тұтынушыға дейін бақылануын,
• халық сенімінің артуын қамтамасыз етуге арналған.

Сатуға тыйым салынатын жағдайлар:

ББҚ-лар келесі талаптарға сай болмаса, сатылымнан алынады:
• мемлекеттік тіркеуден өтпеген болса;
• жарамдылық мерзімі өтіп кеткен болса;
• сақтау шарттары бұзылса;
• қаптамада қажетті ақпарат (құрамы, қарсы көрсетілімдері, өндіруші жайлы деректер) көрсетілмесе.

Министрліктің ескертуі:

Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарды биологиялық белсенді қоспаларды дәрігердің кеңесінсіз қабылдамауға шақырады. Атап айтқанда, созылмалы ауруы бар адамдар, жүкті әйелдер мен балалар үшін бақылаусыз қолдану қауіпті болуы мүмкін.

Сатып аларда мыналарға назар аударыңыз:
• Қазақстанда тіркеу куәлігінің бар-жоғы;
• өнімнің толық және нақты құрамы;
• өндіруші мен өндірілген ел;
• сақтау шарттары мен жарамдылық мерзімі;
• дұрыс таңбалануы (қолдану тәсілі, қарсы көрсетілімдер, ескертулер).

Министрлік ББҚ айналымындағы ашықтық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмысын жалғастыра бермек.

Дұрыс шешім екен👍

Аягөздік оқушы Марс климатын болжайтын жасанды интеллект бағдарламасын жасады

Аягөз ауданының 10-сынып оқушысы Жақсылық Секенов жасанды интеллект көмегімен Марс планетасының климатын болжауға арналған бағдарлама жасап шығарды.

Оның ғылыми жобасы халықаралық деңгейде жоғары бағаланып, ғарыштық зерттеулер саласындағы жаңа қадамға айналып отыр.

Бағдарлама Kaggle платформасындағы ашық ауа-райы мәліметтерін, оның ішінде NASA-ның ғарыштық құралдарынан алынған деректерді қолданады. Машиналық оқыту әдістерінің көмегімен жүйе температурасының өзгеруін анықтап, Марстағы уақыт, орналасқан жер және маусымдарға қарай температураның қалай өзгеретінін болжайды. Жақсылық үш түрлі модельді сынап көрді: сызықтық регрессия, Random Forest және Gradient Boosting. Соңында оның таңдауы ең дәл нәтиже берген Gradient Boosting моделіне түсіпті.
Мен өзге планеталардағы климат қалай жұмыс істейтінін түсінгім келді. Марс ерекше қызықтырды, себебі онда атмосфера жоқтың қасы, ал температура күрт өзгереді. Осындай жағдайларды жасанды интеллект арқылы есептеуге бола ма деген ой мазалады, – дейді Жақсылық Секенов.
Мектепте Жақсылық ынталы, ізденімпаз оқушылардың бірі, ол көп оқиды және тек мектеп бағдарламасымен ғана шектеліп қалмайды. Жақсылық болашағын ғарыштық технологиялар саласымен байланыстырғысы келеді. Ол өзге планеталарды зерттеуге және болашақ ғарыштық миссияларға дайындалуға көмектесетін интеллектуалды жүйелер жасауды армандайды.

Жас ғалымның болашағына сәттілік тілейміз!😍

Биыл 3 мыңнан астам этникалық қазақ тарихи Отанымен қауышты

Жыл басынан бері 3,2 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Жалпы 1991 жылдан бері Қазақстанға 1 млн 151 мыңнан астам этникалық қазақ оралды.
Биыл келгендердің тең жартысы Қытай жерінен келген қазақтар. Одан кейін Өзбекстан, Түрікменстан, Моңғолиядан көп қоныс аударған. Арасында ресейлік қазақтар да бар.

Қоныс аударғандардың 60%-і еңбекке жарамды.Олардың 17,9%-і жоғары білімді, 27,8%-нің орта кәсіби білімі бар. Ал білімі жоқтар 1,4%.

Қандастар Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарына қоныстанды.

Тамаша!🙌🏻