Бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтары

Автор: редактор 29 апреля, 2025


Кеш жарық, құрметті оқырман!

Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз ✅

2026 жылдан бастап дәрі-дәрмек пен кейбір медициналық қызметтерге ҚҚС төмендетіледі

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ақылы медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектерге қатысты қосылған құн салығы (ҚҚС) жөнінде үкіметтің жаңа шешімін жария етті.

Салық кодексінің жаңа нұсқасында ақылы медицинаға 10% ҚҚС және 10% корпоративтік табыс салығы салу қарастырылған болатын. Сонымен қатар, кейбір дәрі-дәрмектер мен емдік қызметтер де салық салынатын тізімге енетіні айтылған. Бұл өзгерістер қоғам мен депутаттар арасында алаңдаушылық туғызып, “жартылай шешім” деген сынға ұшыраған еді. Себебі мұндай салық салу бағаның өсуіне алып келуі мүмкін.

Алайда министрдің айтуынша, бүгін үкімет нақты шешім қабылдаған.

“2026 жылдан бастап дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтердің кейбір түрлеріне 5% төмендетілген ҚҚС белгілеуге шешім қабылданды. Арнайы тізім жасалады. Осы тізімге енген қызметтер мен препараттар мемлекеттік те, жекеменшік мекемелерде де ҚҚС-тан босатылады”, – деді Ақмарал Әлназарова үкіметтегі брифингте.

Министрдің мәліметінше, жеке клиникаларда көрсетілетін паллиативтік және онкологиялық көмек те салықтан босатылады.

Ал мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмек пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберіндегі қызметтерге бұрынғыдай ҚҚС салынбайды.

Министр мән-жайды түсіндіріпті👍

Алматыда ертең дабыл жүйесі іске қосылады

Алматы төтенше жағдайлар департаменті 30 сәуір күні сағат 11:00-де сиреналар қосылатынын ескертті.

«Жалпықалалық сейсмикалық жаттығуға алдын ала дайындық қолға алынды: 28 сәуірден бастап теле-радиоарналарда алдағы жоспарлы жаттығу туралы бейнероликтер мен сабыр сақтауға шақыратын хабарламалар көрсетіліп жатыр», — деп жазылған хабарламада.

Сейсмикалық жаттығу өтетін күні сағат 11:00-де қалалық хабарлау жүйесі іске қосылады: сиреналық-дауыс хабарлау құрылғылары, теле-радиоарналарды автоматты түрде тоқтатып, шұғыл ақпарат беру, мобильді қосымшалар арқылы хабарламалар жіберу жоспарланған.

«Дыбыстық сигналды естіген кезде дереу теледидар мен радиоқабылдағышты қосып, интернет-ресурстар мен мобильді қосымшалар арқылы ресми ақпарат алып, одан әрі әрекет ету бойынша нұсқаулармен танысу қажет», — дейді мамандар.

Алматылықтарға сейсмикалық жаттығу басталғанға дейін дабыл шабаданын дайындап, қауіпсіз жерге апаратын ең қысқа жолды анықтауға кеңес берілді.
Естеріңізге сала кетейік, қауіпсіз орын – бұл электр желілерінен, ағаштардан және ғимараттардан алыс орналасқан ашық алаң.

Құлаққағыс📌

Гонконгтен Қазақстанға тікелей әуе рейсі ашылуы мүмкін

Көлік вице-министрі Талғат Ластаев бастаған қазақстандық делегация Гонконг халықаралық әуежайында болды.

Министрлік мәліметінше, Гонконг халықаралық әуежайы 14 жыл қатарынан жүк көлемі бойынша әлемде бірінші орында тұр. 2024 жылы әуежайдың жүк айналымы 4,9 млн тоннаны құрады.

Сапар барысында Гонконг көлік-логистикалық бюросы директорының орынбасары Келвин Мамен және Гонконг әуежайының бас директоры Вивьен Ченгпен, сондай-ақ аймақтың жетекші әуе компаниялары – Hong Kong Airlines, Cathay Pacific және Hong Kong Air Cargo басшыларымен кездесулер өтті, — делінген мәліметте.

Келіссөздер барысында Гонконг әуе компанияларының 5-ші әуе еркіндігін пайдалана отырып, Алматы мен Астанаға жолаушылар рейсін ашу және Қазақстан мен Гонконг арасындағы жүк әуе тасымалдарын арттыру жоспарлары талқыланды.

Тамаша!😍

Жаңа астықтың 7,5 млн тоннасы экспортталды

Қазақстан халықаралық астық нарығындағы позициясын нығайтып, экспорт географиясын кеңейтуді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды ауыл шаруашылығы министрігі.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының мәліметіне сәйкес, 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап 2025 жылдың 27 сәуіріне дейін жаңа астық өнімінің экспорты 7,5 млн тоннаны құрады. Бұл көрсеткіш 2023/2024 ауыл шаруашылығы жылының сәйкес кезеңімен салыстырғанда 56%-ке артық.

Қазақстан астығын Орталық Азия мен Таяу Шығыс елдеріне жеткізу көлемі тұрақты түрде өсіп келеді. Атап айтқанда:

Өзбекстанға экспорт 29,7%-ға артып, 2,0 млн тоннадан 2,7 млн тоннаға дейін;

Тәжікстанға — 50%-ға, 718 мың тоннадан 1 076 мың тоннаға дейін;

Ауғанстанға — 33,8%-ға, 201 мың тоннадан 269 мың тоннаға дейін;

Қырғызстанға — 2 есеге, 88 мың тоннадан 178 мың тоннаға дейін өсті.

Иранға — 16 есеге өсіп, 54 мың тоннадан 871 мың тоннаға дейін;

Әзербайжанға — 111 есеге, 5 мың тоннадан 557 мың тоннаға дейін артты.

Мәссаған!😶