Баршаға сәлем, қымбатты оқырман!
Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз📍
Депутаттар тойды кредитке өткізуге қарсы шықты
Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров еліміздегі ажырасу көрсеткішінің өсуіне алаңдаушылық білдіріп, Үкіметке бірқатар ұсыныс жолдады.
Парламент Мәжілісінің кезекті отырысында сөз сөйлеген депутат 2023 жылғы ресми статистикаға назар аударды. Статистика бюросының дерегіне сүйенсек, өткен жылы елімізде 120,8 мың неке тіркеліп, соның 40,2 мыңы ажырасумен аяқталған. Бұл — алаңдататын көрсеткіш.
Осыған орай Ардақ Назаров отбасы институтын сақтау және ажырасудың алдын алу мақсатында бірнеше нақты ұсыныс айтты. Оның пікірінше, ең алдымен ажырасуға өтініш берген жұптардан сотқа арыз қабылданбас бұрын айтарлықтай көлемде мемлекеттік баж немесе жарна алу керек. Сонымен қатар, ресми түрде ажырасқан азаматтар үшін табыс салығының мөлшерлемесін кезең-кезеңімен көтеру де қарастырылуы тиіс.
Депутаттың айтуынша, бұл мәселені шешуде қоғамның түрлі өкілдерін жұмылдыру маңызды. Мәселен, жергілікті деңгейде ардагерлер кеңесі, имамдар мен әйелдер кеңесі сияқты консультативтік ұйымдардың әлеуетін пайдалану қажет. Олар сотқа дейінгі кезеңде ерлі-зайыптылармен жұмыс жүргізіп, татуластыру бағытында араағайын бола алар еді.
Назаров отбасылық өмірге қадам басқан жастардың қаржылық қиындықтарына да тоқталды. Оның пікірінше, үйлену тойын несиеге өткізу дәстүрі – жас отбасының берекесін кетіретін факторлардың бірі.
«Сән-салтанат үшін несиеге белшеден батып, кейін бірнеше жыл төлем жасап, отбасының ішкі тұрақтылығына зиян келтіріп жатыр. Бұл үрдісті тоқтату үшін ақпараттық-идеологиялық жұмыстар күшейтілуі тиіс», – деді ол.
Депутат осы бастамалар аясында қоғам қайраткерлері мен дін өкілдерін, медиа мен блогерлерді жұмылдырып, «Қарапайым той – берекелі отбасы» атты ұлттық деңгейдегі үндеу қабылдауды ұсынды.
Бұл ұсынысты қолдайсыз ба? 🤔
Еңбек биржасында 1 млн-нан астам бос жұмыс орны жарияланады
Enbek.kz электрондық еңбек биржасында 1млн 93 мыңнан 1 млн 251 мыңға дейін бос жұмыс орындары жарияланады, оның 243-350 мыңы жұмысшы мамандықтарына тиесілі болады, деп хабарлайды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Сұранысқа ие мамандар қатарында әлеуметтік ғылымдар бойынша орта мектеп мұғалімдері, мектепке дейінгі білім берудегі тәрбиешілер, күтушілер, мейірбике қызметкерлері мен күзетшілер бар.
«Бос жұмыс орындарының шамамен 40%-ы білім беру және денсаулық сақтау салаларына, 8%-ы өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және сауда салаларына, 7%-ы құрылыс салаларына жатады», – делінген хабарламада.
Қалалар бөлінісінде бос жұмыс орындар:
Астана қаласы — 102 мың бос орын;
Алматы қаласы – 84 мың бос орын;
Түркістан облысы — 81 мың бос орын күтілуде.
Кәсіптер бөлінісінде білікті жұмыскерлер үшін:
орта мектеп мұғалімдері — 29,5 мың;
мектепке дейінгі білім беруде — 22 мың тәрбиеші;
науқастарды күту бойынша 19 мың қызметкер;
бастауыш мектеп мұғалімдері үшін 17 мың бос орын болады деп күтілуде.
Жұмысшы кәсіптеріне қатысты бос жұмыс орындары:
аспазшылар – 11,6 мың;
сантехник пен құбыр жүргізушілер – 11,3 мың;
қазандықтар мен бу машиналарының операторлары – 9,9 мың;
құрылысшылар-монтажшылар – 9,1 мың;
өнеркәсіптік жабдықтардың слесарлары – 9 мың;
автобус жүргізушілері – 7,6 мың;
электр энергиясын өндіру жөніндегі операторлар – 6,7 мың бірлікті құрайды деп күтілуде.
Жұмыс іздеп жүргендерге жақсы мүмкіндік👍
Қазақстандықтардың табысы өскен сайын, төленетін салық мөлшері де жоғарылайды — Жаңа Салық кодексі қабылданды
Мәжіліс депутаттары жаңа Салық кодексін екінші оқылымда мақұлдады. Құжатқа сәйкес, елімізде жеке табыс салығына прогрессивті шкала енгізіледі.
Жаңа жүйеге сәйкес, азаматтардың табысы өскен сайын, төленетін салық мөлшері де жоғарылайды. Мәселен:
• 8500 айлық есептік көрсеткішке дейінгі (жылына шамамен 33,5 млн теңге) жалақы 10% мөлшерлемемен салықтандырылса,
• осы сомадан жоғары табысқа 15% салық салынады.
Дивиденд түріндегі кірістерге де ұқсас ереже қолданылады:
• 230 000 АЕК-ке дейін (шамамен 1 млрд теңге) — 5%,
• одан жоғары болса — 15%.
Сондай-ақ резидент емес жеке тұлғалардың табысына да салықтың прогрессивті шкаласы енгізіледі:
• 600 000 АЕК-ке дейін — 10%,
• бұл сомадан жоғары табыс — 17% мөлшерлемемен салықтандырылады.
Жаңа кодексте ойын бизнесі мен банк секторына қатысты да өзгерістер бар. Енді корпоративті табыс салығының мөлшерлемесі 25%-ға дейін өседі. Алайда банктерге кәсіпкерлерге берілетін несиелерден түскен кірістерге қатысты салық 20% деңгейінде сақталады.
Құжатқа сәйкес, елімізде жеке табыс салығына прогрессивті шкала енгізіледі📌
Жұмыссыз ретінде тіркелгендер үшін медициналық сақтандыру жарнасын әкімдіктер төлейді
Қазақстанда ресми жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысуы үшін жарнаны әкімдіктер төлейтін болады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрдің айтуынша, бұл шара 2026 жылға дейін қосымша 1 миллионнан астам адамды МӘМС жүйесімен қамтуға мүмкіндік береді. Осылайша, олар да жоспарлы медициналық көмекке қол жеткізе алады.
“Әкімдіктердің төлеміне байланысты Д және Е санатындағы азаматтар үшін (әлеуметтік осал топтар) сақтандырылған мәртебе автоматты түрде беріледі. Бұл мәртебе медициналық көмекке жүгінген күннен бастап жыл соңына дейін жарамды болады”, — деді Әлназарова Мәжілістегі отырыста.
Министрлік аталған топтағы азаматтарды анықтау, мәртебе беру және жарна төлеу тәртібін нақтылаған. Ол үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен және жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыс жүргізілген.
Ресми дерек бойынша, бүгінде Қазақстан халқының 82,3 пайызы немесе 16,7 миллион адам сақтандырылған. Ал 3,3 миллион азамат МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр. Олардың ішінде 2,4 миллионының табысы орташа деңгейде болса, шамамен 1 миллион адам күнделікті қажеттіліктерін әрең өтеп жүр.
Бүгін Мәжіліс депутаттары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты заңнамалық өзгерістерді бірінші оқылымда мақұлдады.
Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеме жасады📍