Бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтары

Автор: редактор 02 мая, 2025


Кеш жарық, құрметті оқырман!

Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз ✅

“Несие пайызы төмендемей, экономика дамымайды”. Депутат банк жүйесіне өзгеріс қажет екенін мәлімдеді

Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов еліміздегі банктердің жоғары пайызбен несие беретінін сынға алып, болашақта бұл жүйені өзгерту қажет екенін айтты.

Оның пікірінше, бизнес пен азаматтар үшін тиімді әрі әділетті несие жүйесі құрылуы қажет. Депутат бірыңғай қаржы институтын құрып, бизнеске жылдық мөлшерлемесі 8-9 пайыздан аспайтын несие беру тетігін қарастыруды ұсынды.

“Қазір банктер 22 пайызбен несие береді, ал мемлекет оның 12 пайызын субсидиялайды. Бірақ бұл – дұрыс шешім емес. Себебі бұл мемлекет қаражаты арқылы банктерді қолдау деген сөз. Ал банктер өз бетінше пайыздық мөлшерлемені төмендетпейді”, – деді Сабильянов.

Сондай-ақ, ол Қазақстанның даму банкін реформалап, осы банкті шағын және орта кәсіпкерлікке нақты көмек көрсететін құрылымға айналдыруды ұсынды. Мақсат – экономиканы шын мәнінде көтеретін қаржы құралын қалыптастыру.

Сабильяновтың айтуынша, қазіргі банк жүйесі азаматтардың емес, банктердің мүддесіне жұмыс істеп отыр. Бұған дәлел – тұтынушылық несиелердің 46 пайызға дейін жететін жылдық мөлшерлемесі.

“Банктер өздері құрған қаржы ұйымдары арқылы арзан несие алып, оны халыққа қымбат пайызбен ұсынып отыр. Бұл – әділетсіздік. Біз, шын мәнінде, банктерді қаржыландырып отырған мемлекетпіз”, – дейді ол.

Депутат осы мәселені бірнеше рет көтеріп, қазір бұл бағытта нақты жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Ол «Отбасы банкін» мысал ете отырып, экономика мен халықты қаржыландыратын жаңа жүйе құру қажет екенін жеткізді.

“Бұрын ипотека 20-25 пайызбен берілетін. Қазір «Отбасы банк» арқылы 7-9 пайызбен беріледі. Сол секілді механизмді жалпы экономика үшін де қолдану керек”, – деп түйіндеді ол.

Бұған не дейсіз?🤔

Елімізде коммуналдық қызмет пен азық-түлік бағасы тағы қымбаттады

2025 жылғы сәуір айында жылдық инфляция деңгейі үдей түсіп, 10,7%-ға жетті. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді. Сарапшылардың айтуынша, бұл жолы бағаның шарықтауына азық-түлік емес, ең алдымен ақылы қызметтер мен коммуналдық тарифтердің күрт өсуі себеп болған. Ай сайынғы инфляция деңгейі екі ай қатарынан сәл төмендегенімен, салыстырмалы түрде әлі де жоғары саналады.

Коммуналдық төлемдер бойынша ең үлкен өсім суық судың бағасында тіркелді — бір жылда +89,1%. Одан кейінгі орындарда: кәріз жүйесі — +23,5%, орталық жылу — +18,7%, қоқыс шығару — +16,2%, ыстық су — +14,4%, газ — +13,3%, электр энергиясы — +11,7%, тұрғын үйді күтіп-ұстау — +10,3%.

Ақылы қызметтердің ішінде шарықтап кеткен баға кешенді демалыс орындарында байқалды — +70,1%. Сонымен қатар байланыс қызметтері — +15,8%, шаштараз бен жеке қызмет көрсету орындары — +15%, санаторийлер — +14,6%, медицина — +14,3%, автокөлікті жөндеу — +13,3%, қоғамдық тамақтану — +12,7%, жалға берілетін тұрғын үй бағасы — +15,3%.

Көлік қызметтері де айтарлықтай өскен: теміржол — +24,7%, қалалық автобус — +11,1%, әуе тасымалы — +9,6%.

Азық-түлік бағасына келсек, кейбір өнімдердің құны күрт өскені байқалады: картоп — +79%, пияз — +63,8%, қырыққабат — +46,8%, күнбағыс майы — +20,8%, минералды су — +16,8%, банан — +16,7%, қызанақ — +14,1%, кондитерлік өнімдер — +13,5%, сиыр еті — +13,2%, алкоголь мен темекі — +12,7%, сары май мен қамыр өнімдері — +11,4%, қой еті мен теңіз өнімдері — +11,1%.

Сонымен қатар кейбір өнімдердің бағасы төмендеген: қарақұмық жармасы — –15,1%, күріш — –6,9%, жұмыртқа — –5,6%.

Аймақтар арасында ең жоғары инфляция Астана қаласында тіркелген — 13,8%. Одан кейін Қарағанды облысы — 12,8% және Ақмола облысы — 11,8%.

Еске салсақ, наурыз айында жылдық инфляция 10% деңгейінде болған еді.

Тұрғындар қалтасына салмақ түсіп жатыр📌

Мамырда Ұлттық қордан 1 млрд доллар алынбақ

Сәуір айының қорытындысы бойынша теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 512,48 теңгеге дейін, яғни 1,6%-ға әлсіреді. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа бір күндік көлемі бір айда 243 млн АҚШ долларынан 246 млн АҚШ долларына дейін ұлғайды. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 5,4 млрд АҚШ доллары болды, деп хабарлайды Dalanews.kz Ұлттық Банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сәуірде Ұлттық қордан 968 млн АҚШ долларына валюта сатылды. Бұл республикалық бюджетке трансферт бөлуді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 18%-ын немесе күніне шамамен 44 млн АҚШ долларын құрады.

«Республикалық бюджетке трансферт бөлуге арналған Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдері бойынша мамырда Ұлттық Банк Ұлттық қордан 950 млн АҚШ долларынан 1050 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатылады деп болжайды. Сәуірде «шағылыстыру» операциясы аясында 213 млрд теңге алынды. Мамыр ішінде осы мақсатта 213 млрд теңгеге баламалы мөлшерде валюта сатылады деп күтілуде», деп нақтылайды бас реттеуші орган.

Ұлттық қор қаражатымен операциялар жүргізу кезінде, сондай-ақ «шағылыстыру» тетігін іске асыру кезінде Ұлттық Банк нарықтық бейтарап қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын тұрақты және біркелкі сатуды білдіреді.

Ұлттық Банк сәуірде валюталық интервенция жүргізген жоқ.

Өткен айдың қорытындысы бойынша, валюталық түсімнің бір бөлігін міндетті сату нормасы аясында квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімді сату көлемі шамамен 308 млн АҚШ долларын құрады. Квазимемлекеттік сектор компаниялары валюта нарығындағы сату процесін екінші деңгейлі банктер арқылы өз бетінше жалғастырып келеді.

«БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 40% деңгейінде ұстап тұру мақсатында Ұлттық Банк сәуірде биржадағы сауда-саттықта шетел валютасын сатып алды. Оның жалпы сомасы 250 млн АҚШ долларын немесе жалпы сауда-саттық көлемінің шамамен 5%-ын құрады. Ұлттық Банк БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқарушы ретінде ұзақмерзімді кезеңде нақты кіріс алуды және оның сақталуын қамтамасыз етуді басты назарда ұстайды. Осыған байланысты валюта нарықтық конъюнктураға байланысты сатып алынады. Бұл ретте, осы мақсатта мамырда валютаны сатып алу көлемі 250 млн АҚШ долларынан аспайды», делінген ресми хабарламада.

Қаншаның қандай мақсатқа жұмсалатыны белгілі болды📍

Жеңіс күні Астанада мерекелік отшашу болады

Астанада Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай 9 мамырда демеушілік қаражат есебінен ұйымдастырылатын мерекелік отшашу болады.

Отшашу 9 мамыр күні сағат 22.00-де екі жерден ұйымдастырылады: Ботаникалық бақ және «Атырау» көпіріне іргелес аумақ.

Әр жерде 4 мыңға жуық рет атылады екен🎉