Баршаңызға сәлем, қымбатты оқырмандар!
Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз📍
“Ұлттық кітап” байқауына қатысуға өтінімдерді қабылдау басталды
Байқау Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен “Ұлттық кітап күні” мерекесіне орай өткізіледі.
Байқаудың негізгі мақсаты – кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, үздік авторларды анықтап, қазақ әдебиетінің, руханиятының дамуына ықпал ету. Аудармашыларды, баспагерлер мен кітап дизайнерлерін қолдау және ынталандыру. Байқау келесі 10 номинация бойынша өтеді:
* Балаларға арналған үздік кітап
* Үздік комикс
* Нон фикшн жанрындағы үздік кітап Детектив жанрындағы үздік кітап Сатира жанрындағы үздік кітап
* Үздік илюстрациялық кітап
* Үздік аударма кітабы
* Фантастика жанрындағы үздік кітап
* Үздік баспа
* “Жыл кітабы” Гран-при сыйлығы
Конкурсқа кейінгі екі жылда жарық көрген туындылар қабылданады. Қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін түскен жұмыстар тіркелмейді. Байқауға жұмыстар 2025 жылғы 15 қаңтар – 1 сәуір аралығында қабылданады.
Байқауға өтінім беру туралы толығырақ ақпаратты мына телефон арқылы алуға болады: +7 775 897 7788, +7 727 397 61 15.
Айта кетсек, Мемлекет басшысының бастамасымен жаңа мереке – “Ұлттық кітап күні” бекітілді. Мереке алғаш рет 23 сәуірде атап өтіледі.
Сіз де бақ сынап көріңіз!😍
Көлігін 5 минуттан артық қыздырған алғашқы жүргізуші айыппұл арқалады
Петропавл тұрғыны көлігін 5 минуттан артық қыздырамын деп айыппұл арқалады.
El.kz таратқан ақпаратқа сүйенсек, оны көршілері «ұстап» берген.
Ер адамның өзі хаттаманың скриншотын әлеуметтік желілерде жариялап, полицияға шағымданған көршілеріне «алғысын» білдірді. Ол 5 АЕКмөлшерінде айыппұл төлейді.
Өңір тұрғындары айыппұлдың бұл түрімен мүлдем келіспейді. Ауа температурасы кейде 40 градусқа дейін төмендейтін аймақ үшін көлікті 5 минутта жылыту мүмкін емес. Яғни өңірдің ерекшелігі есепке алынбаған.
ІІМ қозғалтқышты ұзақ уақыт жылытуға тыйым салу20 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келе жатқанын еске салды. Бірінші жағдайда 5 АЕКмөлшерінде айыппұл, ал қайталап бұзғаны үшін 10АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
Сақ болыңыздар! 📌
Tele2 мен Altel қатарлық компанияға сатылып кетті
Бұл туралы Қазақстан қор биржасы (KASE) мәлімдеді.
Биржа мәліметі бойынша келісім 2025 жылы 14 қаңтарда аяқталған. «Қазақтелеком» «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС жарғылық капиталындағы 100 пайыз үлесін қатарлық PIH Communication LLC (Power International Holding) компаниясына сатты.
«Қазақтелекомның» негізгі акционері – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры.
2024 жылы «Қазақтелеком» өз мобильді активтерінің бірі – «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС (Tele2/Altel брендтері) компаниясын Таяу Шығыстың жетекші конгломераттарының бірі саналатын қатарлық Power International Holding компаниясына сатуды жоспарлап отырғаны белгілі болды.
Мамырда «Қазақтелекомның» акционерлері компанияның 100 пайыз акциясын сату жөнінде дауыс берді.
Цифрлық даму министрі Жаслан Мадиевтің мәлімдеуінше, келісім сомасы шамамен 1 миллиард доллар болады (2024 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы компания есебіне сәйкес, мәміле құны 536,2 миллиард теңге деп бағаланған).
Енді болашағы қалай болар екен?🤔
2025 жылы Қазақстанда 175 мың тұрғын үй құрылысы қолға алынбақ
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, 2024 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 172 089 баспана пайдалануға берілді. Оның 39 064-і — жеке үй. Өңірлер арасында Шымкент қаласы, Павлодар, Түркістан және Қызылорда облыстары құрылыс қарқыны бойынша көш бастап тұр.
2024 жыл Қазақстанның тұрғын үй саясаты үшін бетбұрыс кезеңі болды. Қараша айында Президент «Тұрғын үй заңнамасын реформалау туралы» Заңға қол қойды. Ол азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға мемлекеттік қолдау көрсету тетіктерін жетілдіреді. «Отбасы банкі» «Бір терезе» қағидаты бойынша мұқтаж азаматтар арасында тұрғын үйді тіркеу және бөлумен айналысатын толыққанды даму институтына айналады. Реформа тұрғын үй алу кезегіндегі азаматтарға баспана беру процесінің ашықтығын арттыру мақсатында жүргізілді.
«Сондай-ақ осы заң аясында жалға берілетін мемлекеттік тұрғын үйлерде тұратын 71 мыңға жуық азаматқа пәтерлерін жекешелендіруге мүмкіндік берілді. Жалдамалы тұрғын үй иелерінің көпшілігі халықтың әлеуметтік осал топтары, ҰОС ардагерлері, мүгедектігі бар азаматтар, көп балалы отбасылар, жетім балалар және т.б. Әлеуметтік осал топтары санатындағы мұқтаж азаматтар үшін әкімдіктер 20 мыңнан астам пәтер сатып алынды. Оның 13 мыңға жуық отбасы алғаш рет жеке баспананың иесі атанды», делінген министрлік хабарламасында.
Одан бөлек, 2300 азаматқа ипотека бойынша бастапқы жарнаны жабу үшін тұрғын үй сертификаттары түрінде 2,6 млрд теңге бөлініп, 10,4 мың азаматқа тұрғын үйді жалға алғаны үшін жалдау ақысының бір бөлігін жабу үшін тұрғын үй төлемдері субсидияланды.
Бұл — бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш👍
«Отбасы Банк» 1 наурызға дейін салымшыларға сыйақы төлейді
«Отбасы банк» басшылығы осы жылдың 1 наурызына дейін өз салымшыларына мемлекет сыйлықақысын төлеуге ниетті екенін мәлімдеді. Бұл туралы банктің баспасөз қызметі хабарлады.
Сыйақы сомасы жинақталған соманың 20%-ын құрайды, бірақ 200 АЕК-тен аспайды. 2024 жылы бұл 738 400 теңгеге сәйкес келеді. Егер клиент бір жыл ішінде депозитіне көрсетілген соманы жинаса немесе бір реттік жарна ретінде енгізсе, онда 2024 жылдың соңына қарай ол 147 680 теңге көлемінде ең жоғарғы сыйақы алады.
Жақсы жаңалық екен!🔥