Кеш жарық, құрметті оқырман!
Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз ✅
Қазақстандағы ең бай кәсіпкерлер тізімі жарияланды: Вячеслав Ким көш бастады
Forbes Kazakhstan еліміздің ең дәулетті кәсіпкерлерінің жаңа рейтингін жариялады. Тізімге енген 75 ірі бизнесменнің жалпы байлығы 57,5 миллиард долларды құрап отыр. Салыстырмалы түрде алғанда, бұл — Қазақстанның қазіргі сыртқы қарызының мөлшеріне сәйкес келеді. Елдегі ең бай адамдардың орташа жасы — 55, ал олардың капитал көлемі шамамен 767 миллион долларға тең.
2025 жылға арналған тізімнің көшін Kaspi және Jusan Bank сынды қаржы ұйымдарының иесі Вячеслав Ким бастап тұр. Оның байлығы 7,1 миллиард доллар деп бағаланған. Одан кейінгі орында Freedom Holding Corp. басшысы Тимур Тұрлов — $5,8 млрд, ал үздік үштікті металдар мен банктер саласындағы мүддесі бар Владимир Ким ($5,7 млрд) түйіндейді.
Алғашқы ондыққа енген кәсіпкерлер:
1. Вячеслав Ким — $7,1 млрд (Kaspi.kz, Jusan Bank)
2. Тимур Тұрлов — $5,8 млрд (Freedom Holding Corp., Arbuz.kz, Freedom Travel т.б.)
3. Владимир Ким — $5,7 млрд (Kazakhmys, Bank RBK)
4. Тимур Құлыбаев — $5,3 млрд (энергетика, құрылыс, Halyk Bank)
5. Динара Құлыбаева — $5,3 млрд (Halyk Bank үлесі)
6. Болат Өтемұратов — $3,7 млрд (ForteBank, Ritz-Carlton, Rixos)
7. Ибрагимовтар отбасы — $2,06 млрд (ERG, Италиядағы люкс-курорт, қаржы секторы)
8. Нұрлан Смағұлов — $990 млн (автобизнес, MEGA, MyCar)
9. Сәрсеновтар әулеті — $980 млн (Helios, жылжымайтын мүлік, Нұрбанк)
10. Айдын Рахымбаев — $967 млн (BI Group, құрылыс жобалары БАӘ мен АҚШ-та)
Жаңадан қосылған 9 кәсіпкердің қатарына кіргендер:
• Андрей Лаврентьев – $840 млн (Qarmet, Allur Group)
• Нұрлан Артықбаев – $228 млн (Qazaq Stroy, Exclusive Qurylys, Қазақтелекомда үлесі бар)
• Павлингер отбасы – $227 млн (теміржол машина жасау: Railways Systems Holding және басқалар)
• Алидар Өтемұратов – $161 млн (TNS+, DAR Group, телеком саласы)
• Тұрсенғали Алагөзов – $130 млн (сусындар, тағам өндірісі, Galanz bottlers, JFood Kazakhstan)
• Ершат Сәлімов – $115 млн (мұнай, энергетика, жылжымайтын мүлік)
• Асқар Байтасов – $110 млн (ABR мейрамханалар желісі, foodtech стартаптар)
• Серік Қонақбаев – $93 млн (мұнай және газ жобалары)
• Ерлан Сүлейменов – $90 млн (медицина және диагностикалық орталықтар желісі)
Байлар тізімімен таныстыңыз ба? 😍
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай 1000 теңгелік жаңа банкнота айналымға шығарылады
Қазақстан Ұлттық Банкі 2025 жылғы 9 мамырда Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арнап номиналы 1 000 теңгелік мерейтойлық банкнотаны айналымға шығарады. Айта кетсек, банкноталардың таралымы 5 миллион данамен шектелген.
«9 мамыр – бүкіл әлем үшін айтулы күн. Қазақстан Жеңіске қомақты үлес қосты. Республикадан 1,2 миллионға жуық адам майданға жұмылдырылды, бұл сол кездегі жалпы халықтың шамамен – 20%-ы. Отандастарымыз жаяу әскерде, танк бөлімшелерінде, авиация мен флотта ерлікпен шайқасты. Қаһарман отандастарымыздың ерлігіне құрмет таныту үшін Ұлттық Банк ұлттық валютада мерейтойлық банкнотаны айналымға шығарғалы отыр», делінген хабарламада.
Банкноталардың түсі – қоңыр-сарғылт. Онда Отан үшін жан қиған батырларға көрсетілген құрмет белгісі – 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта орналасқан Даңқ мемориалы бейнеленген. Сондай-ақ мәңгілік алау мен ұшып бара жатқан тырналар көрінеді. Тырналар силуэті – жақсылық пен үміттің бейнесі – өмірді суреттейді.
Екінші бетінде тарихи мұрағаттық фотосуреттердің үзінділерімен бірге Қазақстан картасы бейнеленген. Сондай-ақ ерлік, табандылық пен батырлықтың символы ретінде Отан соғысы ордені бейнеленген. Суреттерді Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап комитетінің «Орталық мемлекеттік кино-фото құжаттар және дыбыс жазбалары архиві» РММ ұсынғаны нақтыланады.
Дизайны ұнады ма?🤔
Қызылорда облысындағы әуежайды енді вьетнамдық компания басқарады
Вьетнамдық Sovico Group компаниясы Қызылорда облысындағы әуежайды сенімгерлік басқаруға алуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер вице-министрі Әлібек Бақаев Сенаттағы талқылаудан кейін өткен брифингте мәлімдеді.
Бұған дейін Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин вьетнамдық компанияның Қазақстанда әуежай сатып алу немесе оны басқару мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтқан болатын. Алайда, Бақаев бұл арада әңгіме нысанды сатып алу емес, басқару туралы екенін нақтылады.
«Біз еліміздегі қызмет сапасын арттыру үшін шетелдік үздік компанияларды тартудамыз. Вьетнамдық тараппен келіссөздер жүріп жатыр. Бірақ бұл әуежайды уақытша басқаруға беру туралы бастама. Стратегиялық нысандар сатылмайды», — деді вице-министр.
Оның айтуынша, шетелдік компания Қызылорда әуежайын басқаруға жақын күндері кірісуі мүмкін.
Айта кетейік, Sovico Group бұған дейін Qazaq Air ұлттық әуе компаниясын сатып алу бойынша да ұзақ келіссөздер жүргізген. Жақында бұл мәміле аяқталып, компания атауы VietJet Kazakhstan болып өзгеретін болды. Бұл туралы қазақ-вьетнам іскерлік жиынында “Самұрық-Қазына” АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов хабарлады.
«Sovico Group пен VietJet Air-дың Qazaq Air-ға жаңа бренд беру бастамасын құптаймыз. Бұл өңірдегі тасымал инфрақұрылымын дамытып, ел экономикасына тың серпін береді», — деді Жақыпов.
Qazaq Air-ді сату мәмілесі 2024 жылдың соңында аяқталған. Инвесторға екі негізгі шарт қойылған: біріншіден, 2044 жылға дейін 38,4 млрд теңге қарызды өтеу, екіншіден, бес жыл ішінде Boeing немесе Airbus маркалы 20 ұшақ сатып алу міндеті.
Әуежайды тізгіні вьетнамдық компанияға өтіпті‼️
Енді Қазақстанда SIM-карталарды тек байланыс операторлары сатады
Елімізде интернет-алаяқтықпен күресті күшейту мақсатында SIM-карталарды сату тәртібі өзгереді.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі әзірлеген жаңа ереже жобасына сәйкес, енді SIM-карталарды тек ресми байланыс операторлары сата алады. Бұл өзгеріс жеке тұлғаны тіркеусіз рәсімделетін нөмірлердің таралуын тоқтату және киберқылмыстардың алдын алу мақсатында ұсынылып отыр.
Жаңа талап күшіне енген соң, SIM-картаны тек жеке басын растай отырып, байланыс операторының ресми кеңселерінен ғана сатып алуға болады.
Сондай-ақ байланыс операторларына тұтынушыларды алаяқтықтан қорғау мақсатында арнайы Call-орталықтар құру міндеттелмек. Бұл орталықтар арқылы азаматтар өз атына тіркелген күдікті әрекеттер туралы шұғыл хабар беріп, заңсыз әрекеттердің алдын алу мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар, күмәнді нөмірлерді бұғаттау және құқық қорғау органдарына қажетті мәліметтерді ұсыну жеңілдей түспек.
Құжат 2025 жылдың 23 мамырына дейін қоғамдық талқылауға шығарылған.
Жаңа заң қабылданады екен📍