Бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтары

Автор: редактор 13 мая, 2025


Кеш жарық, құрметті оқырман!

Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз ✅

Қазақстандықтар маусымда 10 күн демалады

Осы жылы маусым айында елімізде ресми түрде 10 күн демалыс болады. Соның бірі – Құрбан айт мерекесіне байланысты қосымша демалыс күні.

Құрбан айттың алғашқы күні 6 маусымға, жұмаға сәйкес келіп тұр. Қазақстанда бұл күн ресми түрде мереке саналады. Осылайша, жұма күнгі Құрбан айтпен бірге жұма, сенбі, жексенбі – қатарынан үш күн демалыс болады.

Құрбан айтқа дайындықтарыңыз қалай?📍

Сыртқы нарықта қазақтың қойына сұраныс артып, бағасы шарықтады

Қазақстанда қой етіне деген сұраныс шетелде күрт артты. Бұл туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді. Оның айтуынша, Түркия мен Тәжікстан қазақстандық қой етін тұрақты түрде сатып алып жатыр, ал Өзбекстан бұрын малды тірідей алса, енді дайын етке көшкен.

“Қазақстанда өндірілетін еттің сапасы жоғары екенін бәрі біледі. Сол себепті сыртқы нарықта сұраныс көбейіп жатыр. Ал бұл өз кезегінде ішкі нарықтағы бағаның көтерілуіне әсер етеді”, — деді Сұлтанов журналистерге берген сұхбатында.

Вице-министрдің айтуынша, төлдейтін аналық малды экспорттауға тыйым салынған. Шетелге тек тауарлық қойлар сатылады. Ішкі нарықтағы бағаны ұстап тұру үшін жергілікті билік нақты шаралар қабылдауы керек.

“Мысалы, Алматыда етке сұраныс артты. Біз Түркістан облысындағы ірі шаруашылықпен байланыстырып, сол жақтан Алматыға қой жеткізуді ұйымдастырдық”, — деді министр орынбасары.

Қой етінің қымбаттау себебі айтылыпты😶

Астана тұрғыны 17 млн теңгеге Вьетнамға жалған әуе билеттерін сатқан

Вьетнамға жалған әуе билеттерін сатқан Астана тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды қалалық прокуратура.

Әйелдің алаяқтық әрекеттері салдарынан 70-тен астам азамат Вьетнамға демалысқа бара алмай қалды. Олардың туристік жолдамалары жойылып, жәбірленушілер айтарлықтай қаржылық шығынға ұшыраған.

«Кінәлі тұлға әуе билеттерін нарықтағы бағадан төмен ұсынып, тұтынушыларға арнайы каналдар арқылы сатып алатынына сендірген. Алайда алаяқ шынайы билеттердің орнына жалған маршруттық түбіртектерді берген. Туристер әуе билеттерге тапсырыс болмағанын әуежайда ұшар алдында бір-ақ біледі. Зардап шеккендер арасында ересектер де, балалар да бар», — делінген хабарламада.

Жалпы материалдық шығын 17 млн теңгеден асты. Адамдар тек әуе билеттеріне ғана емес, қонақ үй, экскурсия, басқа да туристік қызметтерге шығындалған.

Алаяқ әйел 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Келтірілген материалдық шығын өндірілді.

Прокуратура азаматтарға туристік қызметтерге төлем жасамас бұрын құжаттарды мұқият тексерудің қажеттігін ескертеді.

Сұмдық, абай болыңыздар!📌

Қазақстандық оқушы информатикадан өткен халықаралық олимпиадада үздік деп танылды

7–13 мамыр аралығында Ташкент қаласында математика және информатика пәндерінен III Халықаралық Әл-Хорезми олимпиадасы өтті. Елден барған қатысушылардың барлығы жүлделі оралды.

Тоғыз елден келген 200-ден астам дарынды оқушылардың арасынан Шығыс Қазақстан облысы «Білім-инновация» мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Алдияр Амангелді алтын медаль жеңіп алып, ең үздік қатысушы атанды.

«Біздің елдің құрамасы 100% нәтижеге қол жеткізді. Алты қатысушының барлығы жүлдемен оралды. Олар 1 алтын, 5 күміс медаль иеленді», — делінген хабарламада.

Әл-Хорезми олимпиадасы Орталық Азия жастарының зияткерлік әлеуетін дамытуға және нақты ғылымдарды насихаттауға бағытталған. Өткен жылы біздің оқушылар 4 медаль жеңіп алған болатын.

Құтты болсын!😍