Бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтары

Автор: редактор 14 мая, 2025


Баршаға сәлем, қымбатты оқырман!

Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз📍

Қазақстан өмір сүру сапасы бойынша әлемдік рейтингте 70-орында тұр

«Елдің әлемдік көшбасшы болуы — оның азаматтарының әл-ауқатына байланысты» деген ұстанымды басшылыққа алған CEOWORLD Magazine жыл сайын мемлекеттердің өмір сүру сапасына қатысты жаһандық рейтинг – Human Progress Index (HPI) жариялап отырады.

Бұл индекс елдердегі азаматтардың өмір сүру ұзақтығы, білім деңгейі, саяси тұрақтылық, табыс мөлшері және жұмысына, жалпы өміріне қанағаттану көрсеткіштеріне қарай есептеледі. Индекстегі ұпайлар неғұрлым жоғары болса, сол елде тіршілік ету де соғұрлым жайлы саналады.

2024 жылғы рейтингте Швейцария 97,9 балмен көш бастады. Одан кейін Норвегия мен Исландия, ал Дания мен Германия алтыншы және жетінші орынға тұрақтаған. Үздік ондыққа сондай-ақ Ирландия, Сингапур, Австралия сияқты елдер енген.

Қазақстан биылғы тізімде 79,32 балл жинап, 70-орынды иеленді. Бұл – өмір сүру деңгейі «өте жоғары» деп бағаланатын мемлекеттер санатына енудің бір табалдырығы. Бізден бірер саты жоғарыда Черногория, Ресей, Грузия, ал төменде Қытай (77-орын), Армения (78), Әзербайжан (92), Украина (102) және Орталық Азиядағы көршілеріміз — Өзбекстан (108), Қырғызстан (119), Тәжікстан (128) орналасқан.

Рейтинг үш негізгі критерий бойынша бағаланды:
1. Тұрақтылық – экономикалық өсім, салықтар, тұрғын үй жағдайы, табыс пен өмір ұзақтығы.
2. Қанағат – қауіпсіздік, бақыт индексі, сыбайлас жемқорлық, денсаулық пен білім беру.
3. Тепе-теңдік – адам құқықтары, гендерлік теңдік, экологияға қамқорлық.

Әр критерий 100 балдық шкала бойынша өлшеніп, барлығы 23 көрсеткішке негізделді.

Ал тізімнің ең соңында – Сомали (196-орын, 45,09 балл), ал «төмен» деңгейдегі елдердің қатарын Нигерия, Руанда, Того және Пәкістан бастайды.

Мәссаған! Қытайды басып озыпсыз👍

Сәуірде 37 мыңға жуық қазақстандық баспаналы болды

Биыл сәуірде тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 36 839 мәміле жасалды, деп хабарлайды ұлттық статистика бюросы.

Оның ішінде жеке үйлер бойынша – 8 175, ал пәтерлер бойынша 28 664 мәміле жасалды. Жалпы бұл көрсеткіш наурыз айымен салыстырғанда 32,8%-ке артық.
Әсіресе сәуір айында Астана мен Алматыда баспаналы болғандар саны көбейді. Мәмілелер саны бойынша:

Астана — 7 280 (19,8%)

Алматы — 7 020 (19,1%)

Қарағанды облысы — 2 862 (7,8%)
2025 жылдың наурызымен салыстырғанда сәуірде оң көрсеткіш еліміздің барлық өңірінде байқалды.
Сәуір айында тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері былтырғы жылдың тиісті айымен салыстырғанда 17,9%-ға көбейген, ол кезде 31 248 мәміле ресімделген болатын.
Мәмілелер санының ең жоғарғы өсімі Алматы қаласында (41,8%) байқалды, ең азы – Түркістан облысында (-11%).

Бұл айда баспана сатылымы 32,8%-ке артыпты😍

Қазақстанда кейбір жағдайларда жасанды интеллектіні пайдалануға тыйым салынады

Қазақстанда жасанды интеллектіні қолдануға қатысты жаңа шектеулер енгізілуі мүмкін. Мәжіліс депутаттары әзірлеген «Жасанды интеллект туралы» заң жобасында кейбір AI жүйелеріне нақты жағдайда тыйым салу ұсынылып отыр.

Заң жобасын таныстырған депутат Екатерина Смышляева мәжіліс отырысында жүйелердің тәуекел дәрежесіне қарай жіктелетінін айтты. Жоғары тәуекел тобына жататын жасанды интеллект жүйелері маңызды ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым нысандарына теңестіріліп, олардың қауіпсіздігіне ерекше бақылау орнатылады.

AI жүйелері қолданылуына қарай үш топқа бөлінеді: көмекші жүйелер, жартылай автономды және толық автономды алгоритмдер. Осы саралау негізінде елімізде белгілі бір жағдайларда жасанды интеллектіні пайдалануға тыйым салынуы мүмкін. Атап айтқанда, тыйым келесі жағдайларда қолданылады:
• Адамдардың саналы келісімінсіз мінез-құлқына әсер ету;
• Жас, әлеуметтік жағдай немесе мүгедектік сынды осалдықтарды әдейі пайдалану;
• Әлеуметтік мінез-құлқы немесе сипаттары бойынша адамдарды бағалау (әлеуметтік скоринг);
• Эмоцияларды талдауға адамның рұқсатынсыз жүгіну;
• Қоғамдық орындарда нақты уақыт режимінде бет-әлпетті тану (тек заңмен рұқсат етілген жағдайлардан тыс);
• Заңмен тыйым салынған қызмет нәтижелерін жасау және тарату.

Смышляеваның айтуынша, бұл заң жобасы тек Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде де үлкен қызығушылық тудырып отыр. Ол жобаны жасанды интеллектінің қауіпсіз және тұрақты экожүйесін қалыптастырудағы алғашқы маңызды қадам деп бағалады.

Жаңа өзгеріске қалай қарайсыз?😶

Әлемдегі “ең кедей президент” атанған Уругвайдың бұрынғы басшысы Хосе Мухика қайтыс болды

Уругвайдың бұрынғы президенті (2010–2015) Хосе Мухика 89 жасында дүниеден өтті. Қайғылы хабарды елдің қазіргі басшысы Яманду Орси өзінің X (бұрынғы Twitter) парақшасында жеткізді.

“Біз Пепе Мухиканың өмірден озғанын терең күйзеліспен хабарлаймыз. Ол – президент, күрескер, көшбасшы және нағыз қайраткер еді. Саған қатты зәру боламыз, ардақты қарт. Бізге бергенің үшін, халқыңа деген шексіз махаббатың үшін рақмет”, – деп жазды Орси.

Мухика былтыр президент сайлауында Орсиді қолдаған еді.

Сол жылы ол өңеш қатерлі ісігіне шалдыққанын мәлімдеді. 2024 жылдың қаңтарында Busqueda басылымына берген сұхбатында дерттің бауырға таралғанын айтып, емделуден бас тартқанын жеткізген.

“Неге? Себебі мен – қарт адаммын. Екі бірдей созылмалы дертім бар. Биохимиялық ем де, операция да маған жарамайды, денем көтере алмайды”, – деген болатын Мухика.

Тоқсанға қараған шағында көз жұмыпты🙌🏻