Бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтары

Автор: редактор 15 мая, 2025


Кеш жарық, құрметті оқырман!

Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз ✅

Қытайлық туристер Қазақстанға ағылып келуде: олардың саны бес жылда 9 есеге артты

Соңғы бес жылда Қытай Халық Республикасынан Қазақстанға келген туристер саны 9 есеге өскен. Бұл туралы “Kazakh Tourism” ұлттық компаниясы мәлімдеді.

2024 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстандағы қонақ үйлерге тоқтаған шетелдік туристердің ішінде Қытай азаматтары екінші орынды иеленген. Өткен жылы 173 987 қытайлық турист еліміздің қонақ үйлеріне жайғасқан. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 66 пайызға жоғары.

Компания мамандарының айтуынша, мұндай өсімге визасыз режимнің енгізілуі, Қытаймен арадағы тікелей әуе рейстерінің ашылуы және жиілеуі, сондай-ақ ішкі турөнімдерді Қытай нарығында белсенді насихаттау ықпал еткен.

Қазақстанның туристік мүмкіндіктерін Қытайда таныстыру мақсатында 2023 жылы 30-дан астам шара – іскерлік кездесулер, көрмелер, мәдени іс-шаралар және ақпараттық турлар өткізілді. Ал биыл осындай 16 іс-шара ұйымдастыру көзделіп отыр.

Жақсы көрсеткіш екен👍

Педофилдер өмір бойына бақылауға алынады – жаңа заң қабылданбақ

Қазақстанның Ішкі істер министрлігі құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында педофилдерді өмір бойы әкімшілік бақылауда ұстауды көздеп отыр. Бұл туралы ведомство басшысының орынбасары Игорь Лепеха мәлімдеді.

Бүгінде жазасын өтеп шыққан педофилдер 8 жыл мерзімге әкімшілік бақылауға алынады. Бұл уақыт ішінде олардың соттылығы да жойылады. Алайда ІІМ бұл шектеуді алып тастап, бақылау мерзімін үздіксіз ұзарту механизмін енгізуді ұсынады.

“Біз мұндай адамның қайта қылмыс жасау қаупі бар екенін сотқа дәлелдейміз. Сот жарты жыл сайын әкімшілік бақылау мерзімін созып отырады. Сөйтіп, олар өмір бойына есепте тұратын болады. Бақылау тоқтамайды деген ұстанымдамыз”, – деді Лепеха журналистерге берген сұхбатында.

Әкімшілік бақылау шеңберінде бұрынғы педофилдерге қатаң шектеулер қойылады. Атап айтқанда:
• мектептер мен балалар мекемелерінің маңайында жүруге тыйым салынады;
• ойын-сауық орындарына баруға болмайды;
• түнгі уақытта үйден шығуына шектеу қойылады;
• және өзге де профилактикалық шаралар қарастырылады.

“Қазіргі заңнама бұл шектеулерді тек 8 жыл бойы ғана қолдануға мүмкіндік береді. Бірақ енді біз бұл мерзімді алып тастап, бақылауды мерзімсіз етуді ұсынып отырмыз”, – деп түйіндеді министрдің орынбасары.

Педофидерге қатысты заң күшейтілмек📍

24 мамырдан бастап Қазақстанда мемлекеттік тұрғын үйге кезекке тұру жүйесі жаңартылады

Енді бұл процесті “Отбасы банк” басқарып, тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы арқылы жүргізіледі. Бұл туралы NUR.KZ хабарлады.

Жақын уақытта елімізде «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» атты жаңа электронды жүйе іске қосылады. Бұл жүйе азаматтардың жылжымайтын мүлігінің бар-жоғын, отбасылық жағдайын өзі автоматты түрде тексеріп, кезекті адам араласуынсыз қалыптастырады.

Жаңа жүйеге көшу 24 мамырда жүзеге асады. Ал оны басқару және тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың кезегін жүргізу міндеті “Отбасы банкке” жүктелмек. Банк болашақта ұлттық даму институты ретінде қызмет етеді.

Енді кезекке тұру үшін Қазақстан Республикасының кез келген азаматы өтінім бере алады. Алайда өтінім қабылдануы үшін мына талаптарға сай болу қажет:
• соңғы 5 жылда атына тіркелген тұрғын үй болмауы керек;
• бар тұрғын үй апатты деп танылған болуы тиіс.

ҚР Индустрия және құрылыс министрлігі тұрғын үй кезегіне тұру ережесін бекітетін бұйрықты жариялады. Құжат Қазақстан Республикасы НҚА Эталондық бақылау банкінің сайтында орналастырылған.

Жаңа жүйе арқылы кезекке тұру үшін азаматтар келесі әрекеттерді жасауы қажет:

• “Отбасы банк” интернет-ресурсына кіріп, электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы авторизациядан өту;
• жеке кабинет ашып, өтінім беру;
• егер өтінім Астана, Алматы немесе Шымкент қалалары бойынша берілсе, соңғы 3 жылда осы қалада тіркеуде болу қажет (алайда кәмелет жасына дейін ата-анасыз қалған 29 жасқа дейінгі азаматтарға бұл талап қойылмайды);
• егер өтініш беруші тұрғын үйге мұқтаж белгілі бір санатқа жататын болса (мысалы, ҰОС ардагерлері, апатты үйде тұратындар, әлеуметтік осал топтар), оны көрсету керек. Егер жүйе ондай мәліметті таппаса, ал сіз ол санатқа жатсаңыз, тұрғылықты жердегі әкімдікке жүгіну қажет;
• жеке деректерді өңдеуге келісім беру;
• өтінімді қол қойып жіберу және жауапты күту;
• нәтижесі жеке кабинетке және тіркелген телефон нөміріне SMS арқылы келеді.

Айта кетейік, өтінімдер бір жұмыс күні ішінде қаралады. Егер азамат апатты үйде тұрып жатса, онда өтінімге сарапшының техникалық қорытындысының электронды көшірмесін тіркеу қажет. Бұл жағдайда өтінім 3 күн ішінде қаралады.

Егер азаматқа бас тарту берілсе, ол алдын ала хабарланып, өз пікірін айту үшін тыңдау өткізіледі. Мұндай хабарлама мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 3 күн бұрын және хабарлама алынған күннен бастап 2 күннен кешіктірілмей жолдануы тиіс. Осыдан кейін азаматқа оң немесе теріс шешім себептерімен бірге ұсынылады.

Жаңа ережемен таныстыңыз ба?🤔

Ұлттық тестілеу орталығы ҰБТ өткізу күні өзгергенін хабарлады

«Соңғы қоңырау күнінің ауысуына байланысты 23 және 24 мамырға жоспарланған ҰБТ өткізу күндері де өзгертілді», — деп жазылған хабарламада.

23 мамырға өтініш берген талапкерлер ҰБТ-ны 25 мамырда тапсырады.
24 мамырға тіркелген талапкерлер ҰБТ-ны 1 маусымда тапсырады.

Тестілеудің жаңа датасы туралы ақпарат app.testcenter.kz сайтындағы жеке кабинетте автоматты түрде жаңартылады. Сонымен қатар SMS-хабарлама жолданады.

Құлаққағыс📌