Баршаға сәлем, қымбатты оқырман!
Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз📍
Қазақтың “Беташары” ЮНЕСКО тізіміне ресми түрде енді
Астанада Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының кезекті отырысы өтті. Отырысқа Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин төрағалық етті.
Ерлан Қарин халықаралық гуманитарлық ұйымдармен тығыз ықпалдастық орнатудың маңыздылығын атап өтті:
“Мемлекет басшысы ЮНЕСКО-мен ынтымақтастықты кеңейту мен нығайтуға, әсіресе мәдени мұраны сақтау және Қазақстанның бірегей ұлттық болмысын жаһандық деңгейде насихаттау ісіне ерекше мән беріп отыр”, – деді Мемлекеттік кеңесші өз сөзінде.
Ұлттық комиссия ЮНЕСКО-ның қазақтың беташар салтын Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізу туралы шешімін жоғары бағалады. Бұл – зерттеушілердің, этнографтардың және мәдениет саласы өкілдерінің көпжылдық еңбегінің нәтижесі.
Отырыста ЮНЕСКО-ның Алматыдағы өңірлік кеңсесінің басшысы Амир Пирич Ерлан Қаринге беташар салтының аталған тізімге енгенін растайтын ресми сертификатты табыстады:
“Бұл – қазақ дәстүрлерінің бірегейлігі мен мәдени құндылығының халықаралық деңгейде мойындалуы. Біз бұл оқиға Қазақстан мұрасын әлемдік аренада одан әрі ілгерілетуге серпін береді деп сенеміз”, – деді Амир Пирич.
Құтты болсын!😍
Енді ерікті зейнетақы жарналарынан төлем алу үшін өтініш жазудың қажеті жоқ
Енді ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен жинақталған қаражатты алу үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) өтініш жазудың қажеті жоқ. Азамат зейнет жасына жеткен кезде бұл төлемдер автоматты түрде жүзеге асады.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2023 жылғы 26 мамырдағы №27 қаулыға өзгерістер енгізуді ұсынды. Аталған қаулы “Ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартты жасасу қағидалары және оның үлгілік нысаны” туралы.
Құжатта ЕЗЖ негізінде төлем жасау тәртібін өзгерту қарастырылған. Атап айтқанда, зейнеткерлік жасқа жетіп, бірақ БЖЗҚ-ға арнайы өтініш бермеген азаматтарға қор автоматты түрде төлем жүргізеді.
Бұл өзгеріс ерікті жарналар есебінен жинақталған, бірақ талап етілмеген қаражаттың иесіз қалуын болдырмауға және барлық зейнетақы төлемдері үшін ортақ, әділетті тәртіп орнатуға бағытталған.
Жаңа жүйе іске қосылады екен👍
Биылғы оқу жылында қазақстандық дарынды балалар халықаралық олимпиадаларда 362 медаль иеленген
Оның ішінде 41 алтын олжалаған.
Еліміздің намысын қорғаған әрбір екінші қатысушы жүлдемен оралған.
Әлемдік және Азия деңгейіндегі олимпиадаларда қазақстандық оқушылар ерекше білімімен, зеректігімен көзге түсті. Оның ішінде мына жетістіктерді ерекше атап көрсетуге болады:
Маңғыстау облысынан Рамазан Бутантаев – Азия-Тынық мұхиты аймағының «ең мықты лингвисі» деп танылды;
Елордалық 10-сынып оқушысы Нұргүл Егенбергенова Азия физика олимпиадасында «ең үздік қатысушы» атанды;
Шығыс Қазақстан өңірінің оқушысы Алдияр Амангелді Орталық Азияның «ең үздік информатигі» мәртебесіне ие болды;
Маңғыстау облысынан Мендіғали Қалдыбай химия пәні бойынша зертханалық жұмыстан 40 елдің қатысушылары арасында ең жоғары нәтиже көрсетіп, «Ең үздік практик» атанды.
Бұдан бөлек, қазақстандық оқушылар химия пәнінен әлемдегі ең беделді халықаралық олимпиадада екі мәрте чемпион атанды және First Global Challenge робототехника чемпионатында үш дүркін әлем чемпионы болды.
2024 жылы беделді халықаралық жарыстарда үздік нәтиже көрсеткен 26 оқушыға 77,5 млн теңге және оларды дайындаған 24 мұғалімге 6,4 млн теңге сыйақы берілді. Олимпиаданың алтын жүлдегерлері 1500 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), күміс медаль иегерлері – 1000 АЕК, ал қола медаль иегерлері 500 АЕК көлемінде сыйақы алды.
Тамаша көрсеткіш!🔥
ҰБТ-2025: Қазақстанда тестілеудің негізгі кезеңі басталды
16 мамырда негізгі ҰБТ-2025 басталды, тестілеу 7 шілдеге дейін жалғасады.
Талапкерлер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатыса алады. Талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдайды. Бұл ретте олар екі мүмкіндік үшін де бейіндік пәндердің бір ғана комбинациясын белгіледі.
216 мыңға жуық талапкер тестілеуге қатысуға екі мүмкіндікті есепке алғанда 399 мыңға жуық өтініш берген . Оның ішінде:
қазақ тілінде — 75%-і;
орыс тілінде — 25%-і;
ағылшын тілінде — 266 адам тестілеуден өтуге өтініш білдірді.
«ҰБТ-ның бірінші күні бүкіл еліміз бойынша 4589 адам, оның ішінде елордада 323 талапкер тестілеуден өтеді. Жалпы ҰБТ 46 тестілеу пунктінде ұйымдастырылған. Бірнеше жыл қатарынан ең көп таңдалған бейіндік пәндер комбинациясы «Математика-Физика» болып қалып отыр – оны түлектердің 16,5%-і таңдады. Көпшілік таңдайтын келесі комбинациялар: «Биология-Химия» (15,6%) және «Математика-Информатика» (9,7%)», – деді Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.
Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша уақыт — 40 минут.
Айта кетері, 2025 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе басқа да ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда талапкердің ҰБТ нәтижелері жойылады.
Ал талапкерлерге сәттілік тілейміз!