Кеш жарық, құрметті оқырман!
Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз ✅
Блогерлер мемлекет қазынасына 10,5 млрд теңге салған
Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков блогерлерге қатысты салықтық есептің соңғы деректерін жариялады.
Мемлекеттік кірістер комитеті бұған дейін 850-ге жуық блогерге табысын жария етпегені үшін ескерту хатын жіберген болатын.
“Осы блогерлердің шамамен 360-ы өз еркімен табысын жариялап, жалпы сомасы 10,5 миллиард теңгеге жеткен. Қазіргі таңда олардан бюджетке түскен салық көлемі 256 миллион теңгені құрайды”, — деді Темірбеков Мәжілісте өткен брифинг барысында.
Айта кетейік, жыл басында салық органдары жүздеген жеке тұлғаның табысын декларацияда төмен көрсеткенін анықтаған. Олардың қатарында блогерлер де бар. Барлығына ескерту жасалған.
Сонымен қатар, Қаржы мониторингі агенттігі салықтан жалтарған блогерлердің қандай жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын түсіндіріп өткен болатын.
Мәссаған😶
“Евровидение-2025” байқауында Австриядан шыққан әнші әрі диджей JJ жеңіске жетті
17 мамыр күні Швейцарияның Базель қаласында өткен «Евровидение-2025» халықаралық ән байқауының финалында жеңіс тұғырына Австрия атынан өнер көрсеткен JJ (шын аты – Йоханнес Пич) көтерілді. Оның «Wasted Love» атты туындысы жалпы 436 ұпай жинап, (258 – қазылар алқасынан, 178 – көрермендер дауысынан) бірінші орынды иеленді.
Екінші орынды Израиль әншісі Юваль Рафаэль еншіледі. Айта кетейік, ол 2023 жылғы 7 қазанда Nova музыкалық фестивалінде ХАМАС шабуылынан аман қалған. Юваль 357 ұпай жинады (60 – қазылардан, 297 – көрермендерден). Үздік үштікті эстон әншісі, ерекше стильімен көзге түскен Томми Кэш қорытындылады (356 ұпай: 98 – қазылардан, 258 – көрермендерден).
JJ – контртенор дауыс иесі, опера мен попты ұштастырған өнер иесі
24 жастағы Йоханнес Пич Вена қаласында IT-маманы мен аспаз отбасында дүниеге келген. Бала күнінде отбасы Біріккен Араб Әмірліктеріне қоныс аударып, ол Дубайда өскен. 2016 жылы Австрияға қайта оралып, музыкамен шындап айналыса бастайды.
JJ неміс, ағылшын, тагаль, араб және француз тілдерін еркін меңгерген полиглот. 2020 жылы Ұлыбританиядағы танымал «The Voice UK» жобасына қатысып, көпшіліктің назарын аударған. Қазіргі таңда ол Вена мемлекеттік опера театрында контртенор даусымен өнер көрсетеді. Оның ерекше тембрі мен диапазоны қазақ көрерменіне Димаш Құдайбергенді еске салады.
Шабыт пен музыка – махаббаттан туған
JJ «Евровидение-2014» байқауында жеңіске жеткен Кончита Вурстпен жақсы қарым-қатынаста. Байқау алдында Кончита оған көптеген кеңес беріп, моральдық қолдау көрсеткен. Сондай-ақ Йоханнес Чарли XCX, Lady Gaga-ның «Just Dance» және «Disease», Ариана Гранде, Селена Гомес пен Моцарт шығармаларының жанкүйері екенін жасырмайды.
Опера, поп және электронды әуен үйлесім тапқан «Wasted Love» трегі бар болғаны бір күнде жазылған.
— Бұл ән — жауапсыз махаббаттың менің жүрегімде қалдырған ізінің көрінісі. Кейде жүректе махаббат көп, ал оны сыйлар жан табылмайды. Бұл — жүректің өзінше бір ерекше жарасы, — дейді әнші.
JJ — тек дарынды әнші ғана емес, сонымен қатар жаңа буын музыкалық эстетикасының жарқын өкілі.
Құтты болсын!😍
Қызылорда қаласындағы ЖЭО-ны жөндеуге 2,5 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді
Қызылорда қаласындағы ЖЭО жөндеу жұмыстарына 2,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлді, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды.
Атап айтқанда, қаражат Қызылорда қаласы тұрғындарын орталықтандырылған жылумен жабдықтауды 3 көзден: негізгі ЖЭО, Оңтүстік және автономды қазандықтар арқылы қамтамасыз ететін жалғыз кәсіпорын «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК-ға бағытталады.
Қазіргі таңда Оңтүстік қазандықтың негізгі жабдықтары апатты жағдайда және резервтік қуатсыз жұмыс істеп тұр.
Оларды реконструкциялау жобасын жүзеге асыру 2024 жылы басталған, үкімет резервінен 2,04 млрд теңге, облыстық бюджеттен 655 млн теңге бөлінген болатын.
Жобаның аяқталуы алдағы жылыту маусымына дайындалуға және қаланың оңтүстік бөлігі тұрғындарын, яғни 197 көппәтерлі тұрғын үй кешенін, 73 әлеуметтік және 69 шаруашылық нысанды тұрақты жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сапалы жұмыс болсын!👍
Каспий жағалауында жаңа курорт салынуы мүмкін
Kazakh Tourism таратқан мәліметке сәйкес, компания басшылығы Әзербайжанда белгілі кәсіпкер Эмин Агаларовпен кездесіп, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
«Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағалауында Sea Breeze ұқсас курорт салу мүмкіндігін талқылау — екі тарап жүргізген келіссөздегі басты тақырыптардың бірі. Болашақ жоба үшін перспективалық локациялар ретінде табиғи әлеуеті бірегей Кендірлі және Жылы жағажай аталды. Олар саяхатшыларды тартатын халықаралық туризмнің жаңа нүктесі бола алады», — делінген ресми хабарламада.
Жақын арада Эмин Агаларов Маңғыстауға келуді жоспарлап отыр. Онда ол жобаға ұсынылған орындарымен өзі танысып шығады.
«Бізде екі міндет бар — елдеріміз арасындағы өзара туристік ағынды арттыру және Қазақстан аумағындағы Каспий теңізінің жағалауында осындай курорттық жобаны интеграциялау мүмкіндігін қарастыру», — дейді Агаларов.
Айта кетері, бүгінде Бакуде Каспий жағалауында Sea Breeze курорттық кешені бар. Оның аумағы 500 гектарды құрайды және 7 шақырым жағалау сызығын алып отыр. Кешен құрамында тұрғын үйлер, қонақ үйлер, мектептер, медициналық мекемелер, балабақшалар және демалыс аймақтары бар. Болашақта жоба аумағын 1300 гектарға, ал жағалау ұзындығын 22 шақырымға дейін арттыру жоспарланған.
Тамаша!🔥