Баршаға сәлем, қымбатты оқырман!
Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз📍
Мектептегі ақша жинауға заңмен тыйым салынуы мүмкін
Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді. Оның айтуынша, мектептерде ақша жинау мәселесін заңнамалық деңгейде реттеу қарастырылып жатыр.
Министр ата-аналар комитеттерін тарату жоспарда жоқ екенін айтып, олардың жұмысын қайта бағыттау қажеттігін атап өтті.
“Ата-аналар комитеттері көп жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бірақ олар тек ақша жинап, іс-шара ұйымдастыратын құрылым болмауы керек. Енді олардың қызметін мазмұнды, тиімді және нәтижелі бағыттарға бұру қажет”, – деді Бейсембаев.
Министрдің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар өткен жылдан бері қолға алынған.
“Былтырдан бастап тиісті әдістемелік нұсқаулар әзірленді. Сынып жетекшілеріне арналған тренингтер өткізіліп жатыр. Оның мақсаты – ата-аналар уақытты қажетсіз іс-шараларға емес, балаларды қолдауға бағыттауына жағдай жасау”, – деді ол.
Сондай-ақ министр мектептерде ақша жинауға тыйым салатын бұйрық бұрыннан бар екенін, алайда оның толық орындалмай отырғанын айтты.
“Тиісті бұйрық қабылданған, бірақ ол әлі де нақты іске асып жатқан жоқ. Егер бұл жеткіліксіз болса, біз депутаттармен ақылдасамыз. Мәселені заң арқылы реттеу қажет болса, оны да қарастыруға дайынбыз. Дегенмен әрбір жағдайды заңмен шешу керек пе, жоқ па – соны саралап көру керек”, – деді Ғани Бейсембаев.
Бұған не дейсіз? 🤔
Елімізде 1 қыркүйектен бастап студенттердің шәкіртақысы өседі
2025 жылдың 20 мамырында өткен Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов жаңа оқу жылынан бастап студенттердің шәкіртақысы ұлғаятынын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Министрліктің дерегінше, 1 қыркүйектен бастап шәкіртақы көлемі келесідей болады:
• бакалаврлар үшін – 52 372 теңге;
• магистранттар үшін – 117 098 теңге;
• докторанттар үшін – 262 500 теңге.
Ешенқұловтың айтуынша, бұл сома бакалавриат деңгейінде 2020 жылмен салыстырғанда екі есеге, ал магистратура мен докторантура бойынша 1,75 есеге артады.
Қазіргі таңда ел бойынша 122 жоғары оқу орны жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 10-ы — зерттеу университеті, ал 23-і — филиал. 2024–2025 оқу жылында Қазақстанның азаматтық жоғары оқу орындарында 680 мыңнан астам студент білім алуда. Оның ішінде 624,5 мың — бакалавриатта, 39,2 мың — магистратурада, 7,6 мың — докторантурада, және 8,9 мың — резидентурада оқып жатыр.
Сондай-ақ, вице-министр жатақханалар мәселесіне де тоқталды. Оның сөзінше, соңғы жылдары бұл бағытта да нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, 2019 жылы 82 500 төсек-орын тапшылығы тіркелсе, бұл көрсеткіш 2024 жылы 14 873 орынға дейін азайған.
“Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға жатақханалардан орын беру қызметі қазір проактивті форматта көрсетілуде”, — деді Талғат Ешенқұлов.
Тамаша жаңалық!😍
Мектеп асханаларындағы тамақтану жүйесіне түбегейлі өзгеріс енгізіледі
Маңғыстау облысындағы мектеп оқушыларының жаппай улану деректері Денсаулық сақтау министрлігінің алаңдаушылығын туғызып, білім беру мекемелеріндегі тамақтану жүйесіне түбегейлі өзгерістер енгізуге түрткі болды.
Үкімет отырысында сөйлеген сөзінде Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бұл жағдай балаларға арналған мекемелердегі санитарлық бақылаудың әлсіздігін көрсеткенін атап өтті.
“Маңғыстаудағы оқиға – білім беру мекемелерінде балаларды тамақтандыруға мүлде жаңа көзқарас қажет екенін көрсетті. Осыған байланысты біз мемлекеттік бақылауды күшейтуге бағытталған жаңа тәсілдерді енгізуді жоспарлап отырмыз”, – деді министр.
Министрлік ұсынған негізгі жаңалықтар мыналар:
• Балаларға қызмет көрсететін мекемелерге ерекше бақылау мәртебесі беріледі;
• Тексеру алдында алдын ала ескерту болмайды;
• Санитарлық талаптардың сақталуын бағалау үшін мониторингтік сапарлар жүзеге асырылады.
2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап оқу орындарында салауатты тамақтануға бағытталған жаңа ұлттық стандарт күшіне енеді. Бұл стандарт семіздік, диабет және жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға бағытталған.
Тұз бен қантты тұтынуға байланысты өзгеріс орынды екен👍
23-24 мамырда барлық мектепте түлектерге арналған «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты шара өткізу ұсынылды
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, 2024-2025 оқу жылын 3,9 миллионнан астам оқушы аяқтағалы отыр.
Министрдің дерегінше:
• Бастауыш сыныпты391 мың бала тәмамдайды;
• Негізгі мектепті (9-сынып)364 мың оқушы аяқтайды;
• 217 мың түлек 11-сыныпты бітірмек.
“Биыл мектеп бітірушілердің 5 пайызы – Алтын белгіге үміткерлер. Бұл – өткен жылдардағы деңгеймен шамалас көрсеткіш”, – деді министр.
Оқу жылы «Білімім – Отаныма» атты бірыңғай сынып сағаттарымен қорытындыланбақ. Ал 23-24 мамырда барлық мектепте түлектерге арналған «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты шара өткізу ұсынылып отыр.
Министрлік мәліметінше, аттестат тапсыру рәсімі 18-20 маусым аралығында өтеді. Ал қорытынды емтихандар 29 мамыр мен 16 маусым аралығына жоспарланған.
Дайындықтарыңыз қалай?☺️
Тегтер: Қазақстан, Жаңалық, Мектеп, асхана, ақша жинау, заң, тамақтану, студент, шәкіртақы