Бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтары

Автор: редактор 16 января, 2025


Кеш жарық, құрметті оқырмандар!

Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз ✅

XXI ғасыр көшбасшысы” интеллектуал ойыны телеэкранға жаңа форматта қайта оралмақ

“Хабар” агенттігі мен Республикалық ғылыми-тәжірибелік “Дарын” орталығы бірлесіп, мегажобаны жаңғыртуға кірісті. Жоба көктемнен бастап “Хабар” эфирінде көрсетіледі.

Интеллектуал тележоба Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, сондай-ақ Қазақстан Парламентінің Мәжілісі тарапынан қолдау тапты.

Аталмыш жоба еліміздің болашақ көшбасшыларын тәрбиелеуге бағытталған жастар қозғалысы. Қазірдің өзінде жүздеген дарынды оқушы шақыруды қабылдап, қызықты интеллектуалдық ойынның қатысушыларына айналды. Әр облыстағы іріктеу кезеңдері 2024 жылдың қазан айында басталып 2025 жылдың ақпан айына дейін жалғасады. Өңірлерден іріктелген ең үздік бес оқушы республикалық кезеңге қатысуға мүмкіндік алады, ол осы жылдың наурызынан бастап маусым айына дейін өтеді.

Жас дарындардың білімдері мен қабілеттерін жалпы бұқараға көрсетуге мүмкіндік беретін телевизиялық жоба «Хабар» Агенттігінің 30 жылдығына орай өткізіліп отыр. Ең үздік үш жеңімпазғаеліміздің жоғары оқу орындарында оқуға гранттар табысталады.
Қазірдің өзінде Павлодар, Қарағанды, Абай, Ақмола, Түркістан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ұлытау, Қызылорда, Атырау және Маңғыстау облыстарынан, сондай-ақ Астана және Шымкент қалаларынан республикалық турға қатысатын үздік бестіктер анықталды. Алматы, Ақтөбе, Жетісу, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында және Алматы қаласында іріктеу кезеңдері қаңтар-ақпан  айларында өтеді.

“XXI ғасыр көшбасшысы” — жас дарындарға жаңа мүмкіндіктер беретін бірегей алаң. Интеллектуалдық ойын білімді әрі талантты жастарды қоғамға таныстырып қана қоймай, шалғай елді мекендерден шыққан дарынды жасөспірімдер үшін үлкен әлеуметтік лифт болатынына сенім бар.

Керемет! Енді білімді жастарымыз қайта бақ сынай алады😍

Қазақстан банктері халықаралық төлем жүйесіне көшті

Қазақстанның төлем жүйелері, екінші деңгейлі банктер мен төлем жүйесінің өзге де қатысушылары төлем хабарламаларының халықаралық ISO 20022 стандартына сәтті көшірілді. Бұл туралы бүгін, 2025 жылы 16 қаңтарда Ұлттық Банк  мәлімдеді.

«Ұлттық Банк Қазақстанның төлем жүйелері, екінші деңгейлі банктер мен төлем жүйесінің өзге де қатысушылары төлем хабарламаларының халықаралық ISO 20022 стандартына сәтті көшірілгенін хабарлайды», делінген реттеуші орган хабарламасында.

Жаңа стандартты ескере отырып жаңғыртылған төлем жүйелері мен банктердің ақпараттық жүйелері 2025 жылғы 13 қаңтардан бастап жаңа форматта іске қосылды.

«Банктер клиенттердің төлем тапсырмаларын ақпараттық жүйелердің жұмыс кестесіне сәйкес әдеттегі режимде, еш шектеусіз және кідіріссіз қабылдап жатыр», — дейді Ұлттық Банк.

Қазақстан Орталық Азия елдері арасында алғашқылардың бірі болып халықаралық стандартты пайдаланатын мемлекеттердің қатарына кірді. Енді Еуропалық Одақ пен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен бірге трансшекаралық төлемдерді жеңілдетіп, халықаралық сауда-саттықтың дамуына ықпал етеді.

ISO 20022 стандартының енгізілуі қаржы институттары мен клиент (тұтынушы) арасындағы өзара әрекеттесудің тиімділігін арттырып қана қоймай, қаржы нарығындағы технологиялық өзгерістерге бірыңғай ережелер мен рәсімдер негізінде тез бейімделуге мүмкіндік береді.

Тамаша!👍

Қазақстанда халық пен бизнеске берілген несиелер көлемі 40 трлн теңгеден асты

2024 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 40,9 трлн теңгені құрап, 2023 жылғы 1 желтоқсаннан бастап 22,3%-ға ұлғайды. Қарыз алушылардың санаттары бойынша кредиттердің жалпы көлемінің 46,0%-ы бизнес кредиттеріне тиесілі (бизнес мақсаттарына кредиттер алған қаржылық емес заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер), 54,0%–ы — халыққа берілген кредиттер.

«Бұл ретте бизнеске кредиттер өткен жылдың ұқсас кезеңіне қарағанда 20,6%-ға өсіп, 18,8 трлн теңгені құрады, халыққа берілген кредиттер 23,7%-ға, яғни 22,1 трлн теңгеге дейін өсті», делінген Ұлттық банктің желтоқсан айының қорытындысы бойынша жасаған есебінде.

Ұлттық валютадағы кредиттер көлемі бір жылда 18,9%-ға 36,8  трлн теңгеге дейін ұлғайса, ал шетел валютасындағысы 64,0%-ға, 4,1 трлн теңгеге дейін ұлғайды (оның ішінде оларды валюталық қайта бағалау есебінен).

Банк секторының кредиттері кредиттердің жалпы көлемінің 85,8%-ын құрады.

Мәссаған, жыл сайын мөлшері артып келеді👀

Қазақ азаматы Apple компаниясының басшылық қызметіне тағайындалды

Әділхан Қопабаев Apple компаниясында жетекші қызметке тағайындалған алғашқы қазақ атанды

Әділхан Қопабаев — Apple компаниясында жетекші қызметке тағайындалған тұңғыш қазақ.

“Отандасымыз, digital nomad Әділхан Қопабаевтың Apple компаниясында жетекші қызметке тағайындалғанын қуана хабарлаймын. Ол енді Орталық Азия және Армения аймағын қадағалайтын болады. Бұл жаңа қызмет оған кәсіби өсу мен үлкен жетістіктер әкелсін!” – деп жазды цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.

Әділхан Қопабаев – Ақтөбе өңірінің тумасы, жасы 29-да. 2017 жылы Оңтүстік Кореядағы Ульсан ұлттық ғылым және технологиялар институтын “қала инженері және технологиялық менеджмент” мамандығы бойынша үздік бітірген.

Ол UNIT Global UniStar стипендиясының иегері. Сонымен қатар, 2021 жылы АҚШ-тағы Браун университетін аяқтап, Рокфеллер қорының стипендиясына ие болды. Әділхан халықаралық консалтингтік және IT компанияларда мол тәжірибе жинақтаған.

Міне, қазақ азаматтары әлемдік аренаны бағындырып жатыр! Әділхан Қопабаевқа сәттілік тілейміз!🙌🏻🔥