Бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтары

Автор: редактор 21 мая, 2025


Кеш жарық, құрметті оқырман!

Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз ✅

Қазақстандағы орташа зейнетақы мөлшері белгілі болды

Елімізде зейнетақы алатын азаматтардың саны 2025 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша 2 миллион 471 мың адамды құрады.

Жыл басынан бері республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне жалпы сомасы 1 трлн 394,2 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде:
• 450,8 млрд теңге – базалық зейнетақыға;
• 943,4 млрд теңге – ынтымақты зейнетақыға жұмсалған.

Биылғы мамыр айындағы жағдай бойынша еліміздегі жиынтық орташа зейнетақы мөлшері – 143 400 теңге. Бұл соманың ішінде:
• Ынтымақты зейнетақы – 95 784 теңге,
• Базалық зейнетақы – 47 616 теңгені құрады.

Статистика жарияланыпты📌

Депутаттар 5 пайыздық жаңа ипотекалық бағдарламаны әзірлеуді ұсынды

“AMANAT” партиясының Мәжілістегі фракциясы ауылдық жерлер мен моноқалалар үшін арнайы ипотекалық бағдарлама әзірлеуді ұсынды. Бұл туралы Мәжілістің бүгінгі отырысында депутат Ерлан Сайыров мәлімдеді.

Оның айтуынша, 2024 жылы Отбасы банкі “Асыл мекен” атты пилоттық ипотекалық жобаны іске қосқан. Бағдарлама бастапқы және қайталама тұрғын үй сатып алуға, сондай-ақ ауылды елді мекендерде жеке үй салуға арналған жеңілдетілген қаржыландыруды көздеген. Жобаға банктің өз қаражатынан 2 миллиард теңге бөлінген.

“Бұл жоба тиімділігі дәлелденсе де, қаржыландырудың тоқтатылуына байланысты жалғасын таппады. Қазірдің өзінде “Отау” мен “Наурыз” бағдарламалары бойынша кезекте тұрғандар мен өтініш берушілерге басымдық берілген болатын. Бірақ бұл жеткіліксіз”, — деді Сайыров.

Осыған байланысты “AMANAT” фракциясы үкіметке депутаттық сауал жолдап, «Асыл мекен» бағдарламасын республикалық бюджет есебінен тұрақты түрде қаржыландыруды сұрап отыр. Сонымен қатар, ауыл мен моноқалалар тұрғындарына арналған жаңа ипотекалық өнімдерді әзірлеу қажеттігі айтылды.

“Ауыл, моноқалалар мен шағын қалаларда тұратын азаматтар үшін жылдық мөлшерлемесі 5%-ға дейін, бастапқы жарнасы 10%-дан басталатын жеңілдікті ипотекалық бағдарламалар қажет. Әлеуметтік осал топтар үшін бұл мөлшерлемені субсидиялау маңызды”, — деді Ерлан Сайыров.

Депутаттар Үкіметтен ауыл тұрғындарының тұрғын үйге қолжетімділігін арттыру мақсатында нақты қадамдар күтетінін жеткізді.

Қабылданар ма екен🤔

Түркістандық оқушы әлемнің 40-қа жауық университетінен шақырту алды

Сарыағаш ауданындағы Қапланбек ауыл округіне қарасты Қанағат ауылындағы №7 Төле би атындағы жалпы білім беретін мектептің 11-сынып оқушысы Ақжүніс Атахан әлемнің беделді 36 университетінен шақырту алды.

Халықаралық қатынастар мамандығын таңдаған жас түлек дүниежүзіндегі озық университеттерде білім алып, өз саласын жетік меңгерген майталман маман болуды армандайды. Әлемнің бірнеше жоғарғы оқу орындарынан шақырту алған түлектің ҰБТ-да жинаған ұпайы 111 балл.

«Ауыл мектебінде оқитын Ақжүніс Асылханқызы Дубай, Түркия, Малайзия, Канада, АҚШ сынды дамыған елдердегі университеттерге құжат жіберіп, 36-сынан шақырту алған. Атап айтқанда, Американың — 17, БАӘ — 5, Түркияның — 6, Малайзияның — 5 университетінің грантын ұтып алып, Канаданың 1 университетіне президенттік стипендиямен оқуға шақыртылып отыр», — делінген хабарламада.

Ақжүніс Атахан мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап үздіктер тақтасынан түспеген. 16 жасар оқушының жетістігі өңірдегі өзге оқушыларды қанаттандырды. Өйткені ол өзі оқығар мектептен шетелдік оқу орындарын шақырту алған алғашқы шәкірт.

Құтты болсын!😍

Өзбекстан Қазақстан азаматтарына ішкі төлқұжатпен кіруге рұқсат етуі мүмкін

Өзбекстан Қазақстан, Ресей және Әзірбайжан азаматтарына ішкі төлқұжат немесе жеке куәлікпен кіруге рұқсат бермекші.

Sputnik Өзбекстанның хабарлауынша, республиканың сыртқы істер министрлігі бұл мәселе бойынша үш ай ішінде келіссөздерді бастауы керек. Шавкат Мирзиёевтің жарлығында солай делінген.

2024 жылы 11 тамызда Өзбекстан президенті Орталық Азияда ішкі төлқұжаттарды өзара тануды ұсынды. Бұл туралы ол Астанада өткен саммит барысында мәлімдеген.
Сол жылдың сәуір айында Қазақстан мен Өзбекстан азаматтарының мемлекеттер аумақтарында болу мерзімін ұзартты. Бұрын бес күн болса, қазір 30 күн бола алады.
Қазіргі уақытта қазақстандықтарға Өзбекстан және Тәжікстан шекарасынан өту үшін шетелдік төлқұжат қажет.

Жақсы болар еді👍