Кеш жарық, құрметті оқырман!
Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз ✅
Қазақстандық зергерлік бұйымдар Канн кинофестивалі мен Volgue журналын бағындырды
Францияның Канн қаласында өтіп жатқан 78-ші халықаралық кинофестивальде қазақстандық зергерлік өнер ерекше назарға ілікті. Әлемдік кино мен сән жұлдыздары бас қосқан қызыл кілемде Saltanat Diamond Gallery ұсынған әшекейлер жарқырап, сән мен мәдениеттің үйлесімді тоғысына айналды.
Атап айтқанда, британдық актриса Ханна Уоддингем — «Тед Лассо» және «Мұрагерлік» сериалдарымен танымал — «Миссия: мүмкін емес – ақырғы қайтарым» фильмінің тұсаукесеріне сырға, сақина, білезік және кулоннан тұратын толық жиынтықпен шықты. Бұл сәнді образ Vanity Fair Italia журналы мен өзге де халықаралық басылымдарда жоғары бағаланды. Бұған дейін актриса фотосессия кезінде де қазақстандық брендтің әшекейлерін жарқын гүлді көйлекпен үйлестіріп киген болатын.
Канндағы тағы бір жарқын сәт — кәсіпкер әрі сән ықпалдасы Фархана Бодидің Saltanat Diamond Gallery бұйымдарын таңдауы. Ол Зухра ательесінің сән үлгісімен үйлескен зергерлік жиынтықты Vanity Fair-дің ресми қабылдауына тағып келіп, сән баспасөзінің назарын аудартты. Harper’s Bazaar Kazakhstan Бодиді фестивальдің ең әсерлі қонақтарының бірі ретінде атап өтті.
Saltanat Diamond Gallery туындылары бұған дейін де бірнеше беделді шараларда көрсетілген. Мәселен, «Белоснежка» фильмінің халықаралық промотурында актриса Рэйчел Зеглер сақиналармен және Эли Сааб көйлегімен шықса, Парижде өткен жоғары сән апталығы аясындағы Precious Room көрмесінде Голливуд стилисті Сара Слудский бұл бұйымдарға ерекше қызығушылық танытқан.
Saltanat Diamond Gallery — Қазақстанда және шетелде жұмыс істейтін заманауи зергерлік үй. Оның туындылары қазақ халқының терең тарихы мен бай мәдениетін заманауи үлгіде таныстырады. «Ұлытау», «Дала қызы», «Махаббат» топтамалары — ұрпақтар сабақтастығы мен этникалық мұра тақырыптарын арқау етеді.
Компания өкілдерінің айтуынша, әрбір әшекейдің артында мұқият зерттеу, архивтер мен көне ою-өрнектерді қайта жаңғырту жұмысы тұр. Дизайнерлер мен шеберлер ұмыт қалған пішіндер мен рәміздерді қайта тірілтіп, ұлттық қолөнер дәстүріне жаңа өмір сыйлайды.
Бұл — жай ғана әшекей емес, қазақ руханияты мен шеберлігінің жаһандық сахнадағы жарқын көрінісі.
Тамаша!😍
БЖЗҚ қаражатына Отбасы банктің құнды қағаздары сатып алынған
2025 жылдың сәуір айында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтері есебінен “Отбасы банк” шығарған құнды қағаздар сатып алынды. ҚР Ұлттық банкінің басқаруындағы зейнетақы портфелі аталмыш мәміле нәтижесінде 35 млрд теңгеге толықты. Бұл сома БЖЗҚ-ның өз ішкі қаражатынан алынған.
Айта кетейік, бұған дейін де портфельде құны 50,5 млрд теңгеге бағаланған “Отбасы банктің” екі облигациялық шығарылымы болған. Жаңадан жасалған инвестициялармен қоса есептегенде, 1 мамырдағы мәліметке сәйкес аталмыш банктің құнды қағаздарының портфельдегі номиналды құны 85,5 млрд теңгеге, ал нарықтық құны 92,4 млрд теңгеге жетті. Бұл БЖЗҚ портфелінің 0,52%-ына тең.
Сәуір айында “Отбасы банк” аталған облигацияларды KASE биржасы арқылы сатқан. Алынған қаражат “Наурыз” бағдарламасы аясында халықты несиелендіруге бағытталған. Data Hub мәліметінше, бұл бағдарлама аясындағы келесі кезеңдер үшін тағы шамамен 200 млрд теңге тарту жоспарланып отыр.
Мәссаған😮
Қазақстан мен Ресей +7 телефон кодын бірлесіп пайдаланады
Қазақстан мен Ресей +7 халықаралық телефон кодын ортақ пайдалануын жалғастырады.
Құжатта көрсетілгендей, Қазақстан келесі кодтарды қолданады: +7 0, +7 6, +7 7. Ал Ресейдің үлесіне +7 2, +7 3, +7 4, +7 5 және +7 9 нөмірлік диапазондары тиесілі.
Аталған келісім жобасы 2 маусымға дейін ашық талқылауда болады. Қоғам мүшелері осы мерзімге дейін өз пікірлері мен ұсыныстарын білдіре алады.
Екі ел арасында 7-ші аймақтың нөмірлеу жүйесін бірлесіп пайдалану туралы келісім жобасы “Ашық НҚА” порталында қоғам талқысына ұсынылды. Сіз не дейсіз?🤔
Қазақстанда 650 мыңнан астам азамат тұрғын үй кезегінде тұр – билік жаңа шаралар ұсынды
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің комитет төрағасы Бақытжан Жүнісбеков ел азаматтарын баспанамен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде мәлімдеме жасады.
Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда 650 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр. Бұл азаматтарға баспаналар жалға беру және кейін сатып алу құқығымен ұсынылады. Әлеуметтік әділеттілікті сақтау мақсатында берілетін тұрғын үйдің кем дегенде 20%-і жетім балаларға арналмақ.
“2022 жылдан бастап елімізде жалдамалы тұрғын үй құнының 50%-ін субсидиялау тетігі енгізілді. Бұл көмек бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, жетім балаларға және көпбалалы отбасыларға бағытталған”, – деді Жүнісбеков.
Қазіргі таңда бұл бағдарлама аясында 11 мыңға жуық отбасы мемлекеттік қолдауға ие болып отыр.
Биыл да тұрғын үй салу ісі жалғасын табады. Министрліктің мәліметінше, жыл соңына дейін 12 мың пәтерден тұратын кредиттік тұрғын үй салынып, 5 мыңнан астам жалдамалы пәтер сатып алынуы жоспарланып отыр.
Сіз үй кезегіне тұрдыңыз ба? 🏠