Бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтары

Автор: редактор 26 мая, 2025


Кеш жарық, құрметті оқырман!

Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз ✅

Қазақстанда бір жылдың ішінде бензин орташа есеппен 2,2 процентке қымбаттады

Қазақстанда бір жыл ішінде бензин бағасы орта есеппен 2,2%-ке өсті. Бұл туралы EnergyProm порталы мәлімдеді.

Статистикаға сәйкес, өткен жылмен салыстырғанда:

• АИ-92 маркалы бензин – 1,8%-ке,
• АИ-98 – 3,2%-ке,
• АИ-95/96 – 4,3%-ке қымбаттаған.

Баға өсімі айтарлықтай байқалған өңірлер:
• Батыс Қазақстан облысы – 4,8%,
• Ақтөбе облысы – 4,1%,
• Шымкент қаласы – 3,1%.

Ал Алматы (0,9%), Ақмола (1,1%) және Жетісу (1,7%) облыстарында өсім айтарлықтай болмаған.

2024 жылғы сәуір айында бензин бағасы мына деңгейде тіркелді:
• АИ-92 ең қымбат — Петропавлда (литріне 209 теңге),
ең арзан — Атырауда (литріне 195 теңге);
• АИ-95/96 — Талдыкорғанда (литріне 274 теңге);
• АИ-98 — Алматыда (литріне 315 теңге).

Сарапшылардың мәліметінше, Қазақстан 124 елдің ішінде 36-орында тұр — яғни, бізде орташа жалақыға 1,1 мың литр бензин сатып алуға болады.

ТМД елдері арасында Қазақстан тек Ресейден кейінгі екінші орында.

Ал сіз бағадағы өзгерісті байқадыңыз ба? 😮

ҰБТ-2025: смартфон мен шпаргалка алып кірмек болған 26 талапкер тестілеуден шеттетілді

16 мамырда басталған негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу аясында елімізде 52 мыңнан астам сынақ өткізілді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.

Бірінші аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 62%-і шекті баллды жинаған. Бес пәннен орташа балл 61-ді құрады. Ең жоғары нәтиже – 140 балл – Түркістан облысының түлегіне тиесілі.

🛑 ҰБТ кезінде 55 ереже бұзу дерегі тіркелді.

• 26 талапкер тестілеу залына смартфон, шпаргалка және өзге де тыйым салынған заттарды алып өтпек болып, тестілеуден шеттетілді.
• Тағы 29 адам тест кезінде ереже бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, олардың нәтижелері жойылды.
• Өзге адамның орнына кіру фактілері анықталған жоқ.

Министрліктің мәліметінше, талапкерлер тестілеу аяқталған соң 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады.

Айта кетейік, биылғы ҰБТ-ға 216 мың талапкер 399 мыңға жуық өтініш жолдаған. Ең танымал пәндер комбинациясы:
• Математика–Физика – 20%,
• Шығармашылық емтихан – 17%,
• Биология–Химия – 11%.

ҰБТ толық аяқталған соң, 31 қазанға дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Егер қосымша ереже бұзу фактілері анықталса, тест нәтижелері жойылады.

Обал болыпты…🥲

Бибісара Асаубаева әйелдер арасында екінші гроссмейстер атанды

Шахматтан Шарджа Мастерс 2025 турнирінде (БАӘ) 21 жастағы қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева әлемдік деңгейдегі мықтыларды артта қалдырды. Ол әйелдер арасындағы Гран-при жеңімпазы Чжу Цзиньэр мен Олимпиада чемпионы Дивья Дешмухты басып озды.

Қазақстан шахмат федерациясының хабарлауынша, Асаубаева 64 гроссмейстердің ішінен үздік 30-дыққа енді.

Оның халықаралық әйел-гроссмейстер атағын ресми бекіту үшін ФИДЕ кеңесінің шешімі күтілуде.

Айта кетейік, Қазақстан тарихындағы алғашқы әйел-гроссмейстер — Жансая Әбдімәлік болған.

Тамаша! Құтты болсын!😍

Алматыда 1 маусымнан бастап электр энергиясы қымбаттауы мүмкін

2025 жылғы 1 маусымнан бастап Алматы қаласында электр энергиясының бағасы қайта өсіп кетуі ықтимал, деп хабарлайды Dalanews.kz. Қазір қала тұрғындары әр киловатт-сағат үшін ҚҚС-сыз 27,59 теңге төлесе, жаңа ұсыныс бойынша бұл тариф 29,52 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін.

Бұдан бөлек, жеке тұрмыстық мақсатта қолданбайтын азаматтар — кәсіпкерлер мен кеңсе иелері — 1 киловатт-сағат үшін 38,66 теңге төлеуі мүмкін. Ал мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар үшін тариф едәуір жоғарылап, 111,72 теңгеге дейін жетуі ықтимал.

Сонымен қатар, жобада электр энергиясын тұтыну көлеміне қарай сараланған тариф жүйесін енгізу ұсынылып отыр. Яғни, электр қуатын көп пайдаланған тұтынушыға тариф те соғұрлым жоғары болады.

Алайда бұл тарифтер әлі күшіне енген жоқ. Қазіргі уақытта ұсыныс Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы қалалық департаментінде қаралып жатыр. Егер жоба мақұлданса, жаңа тарифтер 1 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі.

Құлаққағыс📌