Кеш жарық, құрметті оқырман!
Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз ✅
Депутат Тұлпар күнін атап өтуді ұсынды
Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай елімізде жылқыға арналған арнайы мереке – Тұлпар күнін белгілеуді ұсынды. Бұл туралы ол Мәжілістің жалпы отырысында айтты.
Халық қалаулысының пікірінше, жылқы – қазақтың тарихы мен мәдениетінің ажырамас бөлігі. Сондықтан оны тек шаруашылық көзі емес, ұлттық символ ретінде тану қажет.
“Көптеген мемлекеттерде жылқыға арналған ұлттық күн бар. Қазақстанда да “Тұлпар күні” деген атаумен арнайы күнді ресми түрде бекітуді ұсынамын”, – деді депутат.
Сонымен қатар Аманжол Әлтай өз депутаттық сауалында елімізде атбегілікке қатысты мамандықтарға жүйелі білім беру жолға қойылмағанын атап өтті. Ол шабандоз, атбегі, тағашы, ипполог-ветеринар, атқа міну нұсқаушысы сынды кәсіптер бойынша арнайы оқыту бөлімдерін колледждер мен ЖОО-ларда ашу қажеттігін алға тартты. Осы мақсатта мемлекеттік гранттар бөлу де маңызды екенін айтты.
“Ұлттық кодтың өзегін құрайтын тұлпардың мәртебесін көтеру – ұлт рухын көтерудің бір жолы”, – деді депутат.
Бұған не дейсіз?🤔
Биыл Құрбан айт 6 маусымда басталады
Бүгін һижри жыл санауы бойынша зул-хижжа айы басталды. Яғни Арапа күні биыл 5 маусымға сәйкес келеді. 6 маусым – Құрбан айт мерекесінің бірінші күні. Бұл туралы ҚМДБ мәлімдеді
“Ислам дінінде қасиетті күндер, түндер және айлар қамари жыл санауы негізінде анықталады. Мұндай жыл санақ ай фазасының өзгеруіне қарай есептеледі. Жаңа айдың (һиләлдың) көрінуімен жаңа ай басталады. Қамари ай кейде 29 не 30 күн болады.
Зулхижжа айын анықтау үшін зул-қағда айының 29-нда айды бақылайды. Күн батқан кезде жаңа ай көрінсе, келесі күні зул-хижжа айы басталған болып саналады. Егер ауа бұлтты болып, ай көрінбесе, зул-қағда айын 30 күнге толықтырады. Осыған орай, 2025 жылы 27 мамырда жаңа айдың көрінуіне байланысты биыл зұлхижжа айы 28 мамырда басталып, арапа 5 маусымға, ал құрбан айт 6 маусымға сай келеді.
Зулхижжа айының алғашқы он күнінде барынша ықыласпен ғибадат етіп, көбірек ізгі істер мен жақсы амалдар жасауға тырысу керек. Өйткені, хадистерде сол уақытта орындалған игі істердің сауабы еселеніп жазылатыны айтылған.
Ал арапа күні ораза тұту – сүннет. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Арапа күні ораза ұстау арқылы Алладан өткен және келесі жылдың күнәсін кешіруді үміт етемін», – деген.
Құрбан айт намазынан кейін үш күн ішінде жағдайы келген мұсылманға құрбандық шалу – міндет. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Раббыңның разылығы үшін намаз оқы және құрбандық шал» («Кәусар» сүресі, 2-аят) деп бұйырған”, — делінген мәлімдемеде.
Бұл күні қазақстандықтар бір күн демалады📌
Jusan Bank өз атауын ресми түрде Alatau City Bank деп өзгертпек
2025 жылдың 28 мамырында Jusan Bank өз атауын ресми түрде Alatau City Bank деп өзгертетінін жариялады.
Банк баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл шешім 2025 жылғы 15 мамырда акционерлердің жылдық жалпы жиналысында қабылданған. Осыған сәйкес, банктің жарғысына тиісті өзгерістер енгізілді.
“Ребрендинг – бұл банктің жаңа стратегиясын, даму жолындағы амбициясын және қаржы институтын жаңғыртуға деген басым бағытын білдіреді”, – делінген ресми хабарламада.
Сонымен қатар жаңартылған заңды атау мемлекеттік қайта тіркеуден өткен күннен бастап ресми түрде күшіне енеді.
Бұған дейін “First Heartland Jusan Bank” АҚ ретінде танымал болған қаржы ұйымы енді жаңа атаумен қызметін жалғастырады.
Жаңа логотипін көрдіңіз бе?😍
Елімізде сапасыз жолдар үшін енді төлем алынбайды
2025 жылдың маусым айынан бастап еліміздегі ақылы республикалық жолдарда қауіпсіздікке кері әсер ететін ақаулар анықталса, жүргізушілер мұндай учаскелер үшін ақы төлемейді. Бұл туралы ҚР Көлік министрлігі мәлімдеді.
Ведомствоның хабарлауынша, бұл өзгеріс ақылы жолдардан төлем алу қағидаларына енгізілетін түзетулер жобасында қарастырылған. Ереже күшіне енген соң, жолда ақаулар болған жағдайда тиісті аралық жөнделіп біткенше төлемақы алынбайды.
“Мәселен, ақылы жолдың ұзындығы 100 шақырым болса, соның 5 шақырымы жөндеуді қажет етсе, жүргізушілер тек 95 шақырым үшін ғана ақы төлейді. Жөндеу аяқталған соң ғана толық төлем қайта енгізіледі”, – деп түсіндірді министрлік.
Жаңа норма көлік жүргізушілерінің құқықтарын қорғауға және жол сапасына қатысты бақылауды күшейтуге бағытталған.
Ақылы жолдардан ақау кетсе, енді ақы төлемейсіз‼️