Баршаға сәлем, қымбатты оқырман!
Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз📍
Ұялы телефон балансына түскен қаражат енді бақылауға алынады — Қаржы мониторингі агенттігі
Енді ұялы телефон балансына аударылған қаражат та Қаржы мониторингі агенттігінің бақылауына ілігеді. Алайда бұл барлық азаматтың шоттары жаппай тексеріледі дегенді білдірмейді. Агенттік тек күмән туғызатын, көлемі мен сипаты әдеттен тыс аударымдарға назар аударады. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Мәжіліс қабырғасында тілшілерге берген сұхбатында айтты.
Елемесовтің айтуынша, жаңа норма Қылмыстық кірістерді заңдастыру мен терроризмді қаржыландыруға қарсы заң жобасына енгізілген. Жобаны Мәжіліс депутаттары алғашқы оқылымда мақұлдап үлгерген. Құжатқа сәйкес, енді қаржы мониторингі субъектілерінің тізіміне ұялы байланыс операторлары да кіретін болады.
“Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру мен терроризмді қаржыландыруға қарсы заңнаманы бұзған тұлғалар Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 214-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады. Бұл бапта 20 АЕК-тен 600 АЕК-ке дейін айыппұл салу, тіпті кей жағдайда лицензиядан айыру сынды жазалар қарастырылған”, — деді агенттік өкілі.
Оның сөзінше, бір адамның нөміріне жиі әрі түрлі тұлғалардан ақша түсуі — мониторинг жүргізуге негіз болуы мүмкін.
“Біз тек қарапайым балансты толтыруға емес, күдік тудыратын, көлемі ерекше, стандарттан тыс толтыруларға назар аударамыз. Қазір кей азаматтар бір-біріне ұялы байланыс балансына ақша аударып, оны кейін терминал арқылы шешіп алады. Бұл әдіс кейде заңсыз ақша айналымында қолданылады”, – дейді Жеңіс Елемесов.
Мәссаған! 😮
Қазақстан ресми түрде апорттың отаны болып мойындалды
Мемлекет басшысы БҰҰ азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бас директоры Цюй Дунъюймен кездесті.
Президент жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығының орнықты дамуын қамтамасыз етуде Қазақстанның ұйыммен ынтымақтастығы маңызды екенін атап өтті. Еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігі FAO бюросымен тығыз серіктестік орнатып, 27 жобаны табысты жүзеге асырды.
Цюй Дунъюй Қазақстанның жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және гуманитарлық көмек көрсету ісінде айтарлықтай рөл атқаратынын айтты.
Әңгімелесу барысында ұлттық алма бренді саналатын Алматы апортына ерекше назар аударылды. Қазақстан ресми түрде апорттың отаны болып мойындалды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Цюй Дунъюй өзара тиімді нәтижелерге қол жеткізу үшін серіктестікті одан әрі нығайтуға дайын екендерін растады.
Тамаша!😍
Қазақстандықтар енді жеке куәлікті онлайн рәсімдей алады
Қазақстандықтар жеке куәлікті онлайн пилоттық режимде ресімдей алады. Жобаны екі бірдей министрлік іске қосты.
Ол үшін қолданылу мерзімі күнтізбелік 30 күннен кейін немесе одан аз мерзімде аяқталса немесе күнтізбелік 10 күннен аспайтын мерзімде аяқталса, куәлікті онлайн ресімдеуге болады, деп атап көрсетілген екі ведомствоның бұйрығында.
«Құжаттаудың басқа себептері бойынша электронды үкімет порталы және мобильді қосымшалар арқылы қызмет көрсетілмейді және көрсетілетін қызметті алушыға ХҚКО-ға жүгіну қажеттігі туралы айтылады», — делінген хабарламада.
Құжатты онлайн ресімдеу үшін сәйкестендіруден өту, фотосурет пен қолтаңбаны жүктеу, онлайн төлеу және құжаттың дайындығы туралы SMS күту қажет.
Бұған дейін қаржы министрлігінің басшысы Қазақстанда негізгі мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру бойынша жол карталарын әзірлегенін, оның ішінде жеке куәліктерді ауыстыру, еңбек мигранттарына рұқсат беру және басқаларын атап өткен болатын.
Ведомствоның мәліметінше, былтыр ХҚКО операторлары 15,2 млн қызмет көрсеткен. Бұл ретте барлық өтініштердің 80%-і онлайн-форматқа аударыла бастаған он қызметпен байланысты.
Жақсы мүмкіндік екен!👍
Қазақстан жеңіл атлетикадан Азия чемпионатында тарихи алтын жеңіп алды
Оңтүстік Кореяның Гуми қаласында өтіп жатқан жеңіл атлетикадан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы екінші жүлдесіне қол жеткізді. Бұл жолы алтын медаль ел қоржынына түсті.
10 000 метр қашықтыққа жүгіру жарысында Қазақстан атынан сынға түскен Дейзи Джепкемей жеке рекордын 4 секундқа жақсартып, мәре сызығын бірінші болып кесті. Ол 30 минут 48 секунд 44 уақыт көрсетіп, қарсыластарынан айқын озды.
Жарыстың нәтижесі:
• 🥇 Дейзи Джепкемей (Қазақстан) – 30:48.44
• 🥈 Ририка Хиронака (Жапония) – 30:56.32
• 🥉 Микуни Яда (Жапония) – 31:12.21
Айта кету керек, Қазақстан тарихында бұл қашықтық бойынша Азия чемпионатында бұған дейін бірде-бір жүлде алынбаған. Осылайша, Джепкемейдің жеңісі ел спорты үшін айтулы оқиғаға айналып отыр.
Еске салайық, бұған дейін Ясмина Тоқсанбаева 20 шақырымға жүгіруден қола медаль жеңіп алған болатын. Қазір Қазақстан құрамасының еншісінде екі жүлде бар.
Құтты болсын! 🔥