Бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтары

Автор: редактор 30 мая, 2025


Баршаға сәлем, қымбатты оқырман!

Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз📍

Трамп әкімшілігі Гарвардтағы шетелдік студенттерге қатысты тыйымды алып тастады

АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі Гарвард университетіне шетелдік студенттерді қабылдауға тыйым салу шешімінен бас тартты.

Ол Гарвард кампусында антисемиттік көзқарастар таралып жатқанын, оқу орнының Қытай Коммунистік партиясымен байланысы барын және консервативті көзқарастағы студенттерге әділетсіздік танытылатынын атап өтті. Сондай-ақ Трамп палестиналықтарға қолдау білдірген студенттік наразылықтардың қайталану қаупіне алаңдаушылық білдірді.

Айта кетейік, Гарвард студенттерінің шамамен 27 пайызы — шетелдіктер. Жақында жарияланған университеттің ішкі есебінде оқу орнында антисемитизмнің белең алғаны көрсетілген. Бұл құжатта әрбір екінші еврей студенті кемсітушілікке ұшырайтыны айтылған.

Душар болған қысым салдарынан кейбір еврей студенттері өз ұлт-жөнін жасыруға, университеттен кетуге немесе қоғамдық шаралардан шет қалуға мәжбүр болған. Тіпті кейбір белсенділер студенттерді ұлтына бола израильдіктерге бойкот жариялауға үндеген.

Соның ішінде қазақстандықтарға салынған тыйымды алып тастапты👍

Қазақстан мен Түркі мемлекеттері ұйымы арасындағы тауар айналымы 11,4 млрд долларға жетті

2024 жылы Қазақстан мен Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдер арасындағы тауар айналымы 11,4 миллиард АҚШ долларын құрады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Премьер-министр Олжас Бектенов Астана халықаралық форумына келген ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиевпен кездесті. Әңгіме барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдету жолдары және жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелері талқыланды.

Тараптар ТМҰ аясында өзара әрекеттестіктің жаңа форматтары құрылып жатқанын атап өтті. Бұл бағыттар қатарында әлеуметтік саясат, экология, өнеркәсіп, ғылым, технология және инновация салалары бар.

Сондай-ақ сауда байланыстарын күшейту, жеткізілім көлемін арттыру, гуманитарлық бастамаларды дамыту мәселелері көтерілді. Ақтау қаласы 2024 жылы түркі әлемінің мәдени астанасы атанса, маусым айынан бастап Алматы — ТМҰ-ның жастар астанасына айналады. Түркі халықтарының мәдениеті мен тарихи мұрасын сақтау мен насихаттауға бағытталған бірқатар іс-шаралар өткізу жоспарлануда.

Кездесу соңында тараптар өзара тиімді әріптестікті одан әрі нығайтуға дайын екендіктерін білдірді.

Көрсеткіш жақсы екен!


Тоқаев Алматыда Италия сауда үйін ашуды ұсынды

Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Италия» саммитінде сөйлеген сөзінде Алматыда Италия сауда үйін ашуды ұсынды.

Президент Италиямен ықпалдастықтың перспективті бағыттарына қатысты ойымен бөлісті. Ол әлемнің негізгі экономикалық полюстері арасындағы тарифтік қақтығыс жағдайында сауда-экономикалық байланыстарды сақтап қалумен бірге, оны нығайтуға күш салу өте маңызды екенін айтты.

«Біздің ойымызша, бірлескен жобаларды іске қосуға, ең алдымен, қосылған құны жоғары өнім шығару есебінен тауарлардың түрін көбейтуге баса мән беруге болады. Мәселен, Қазақстан Италияға жалпы құны 1 миллиард долларға жуықтайтын тауардың 100-ден аса түрі бойынша экспорт көлемін арттыруға дайын. Бұл ретте металлургия, машина жасау, мұнай-химия өнеркәсібі және басқа да өнімдер туралы сөз болып отыр», – деді мемлекет басшысы.

Тоқаев Орталық Азия елдері Еуропаға өздерінің агроөнеркәсіп өнімдерін жеткізуде мол әлеуетке ие деп санайтынын айтты. Бұдан бөлек, сауда үйлері мен логистикалық орталықтардың ашылуы елдер арасындағы сауда-саттыққа тың серпін береді. Осы орайда, Қазақстан президенті Алматыда Италия сауда үйін ашуды ұсынды.
Сонымен қатар Тоқаев Қазақстан-Италия серіктестігінің локомотиві саналатын энергетика саласындағы ынтымақтастықты тағы бір өзекті міндет ретінде атады.
«Еліміз Еуропа Одағына мұнай экспорттаушы мемлекеттердің алғашқы үштігіне кіреді. Былтыр Қазақстаннан Италия нарығына жеткен мұнай көлемі 30 миллион тоннадан асты. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 27 пайызға артық. Қажет болған жағдайда оның көлемін арттыруға дайынбыз», – деді президент.

Сіз бұған қалай қарайсыз?😍

Заңсыз контент пен жалған ақпарат таратқан қазақстандықтарға жаза күшейтіледі

2025 жылғы 31 наурызда Үкімет “ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасын мақұлдап, оны Парламент Мәжілісінің қарауына жолдады.

Құжат Әкімшілік кодекстің бірқатар баптарына жаңашыл толықтырулар енгізуді көздейді. Мәселен, 456-2-бап (көрінеу жалған ақпарат тарату) жаңа тармақпен толықтырылды. Енді интернетте заңсыз контентті орналастырған немесе таратқан тұлғаларға, егер олардың әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болмаса, 20 АЕК (2025 жылы — 73 840 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Мұндай әрекет бір жыл ішінде қайталанса, 40 АЕК (147 680 теңге) көлемінде айыппұл салынады немесе он тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алынуы мүмкін.

Сонымен қатар, 479-бапқа да өзгеріс енді. Егер ұйым басшылығы немесе басқа да тұлғалар қабылданған шаралар туралы уәкілетті органдарға хабарламаса немесе құқық бұзушылықтың алдын алу жөнінде ұсыныстарды орындамаса, оларға 2 АЕК көлемінде айыппұл салу не қызметін уақытша тоқтату жазасы қолданылады.

Бұл түзетулер «Интернет-платформалар және интернет-жарнама туралы» заңда көрсетілген заңсыз контент түсінігіне негізделіп енгізілуде. Заңсыз деп танылатын ақпараттар қатарына еліміздің конституциялық құрылымын күшпен өзгертуге, тұтастығына, ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретін, сондай-ақ соғысқа, зорлық-зомбылыққа, экстремизм мен сепаратизмге үгіттейтін және ұлтаралық, дінаралық араздықты қоздыратын мәліметтер жатады.

Сондай-ақ, мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия ақпараттарды жариялау, жалған деректер тарату, мемлекеттілікке және аумақтық тұтастыққа күмән келтіретін пікірлер де заңсыз контент ретінде қарастырылады.

Абай болыңыз!‼️