Бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтары

Автор: редактор 03 июня, 2025


Баршаға сәлем, қымбатты оқырман!

Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз📍

3 айда 1,02 млн теңге: Кәсіпкер ретінде тіркелмегендер үшін мобильді аударымдарға шектеу қойылды

Қаржы министрлігі, Ұлттық банк және екінші деңгейлі банктер 2025 жылдан бастап жеке тұлғалар үшін жаңа шекті межені бекітті.

📌 Енді кәсіпкер ретінде тіркелмеген азаматтың атына бір тоқсан ішінде 12 ең төменгі жалақы көлемінен (яғни ₸1 020 000) артық сома түссе,
және бұл қаражат ай сайын 100 және одан да көп түрлі адамдардан келіп отырса, салық органдары оның кәсіпкерлікпен тіркелмей айналысқанына күмәнданып, тексеріс жүргізе алады.

🧾 Алайда мынадай түсімдер есепке алынбайды:
✔️ депозиттен аударылған қаражат,
✔️ банкомат арқылы салынған ақша,
✔️ жалақы мен әлеуметтік төлемдер.

🗓 Жаңа талаптар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді, егер Сенат жаңа Салық кодексін еш өзгеріссіз қабылдаса.

📊 Айта кетейік, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы қолма-қол емес төлемдер көлемі ₸166,1 трлн теңгеге жетіп, 13,4% өсім көрсеткен. Салық органдары бұған дейін де мобильді аударымдар арқылы тіркелмей сауда жасайтындарға назар аудара бастаған еді.

Құлаққағыс!📌

Қазақстанда криптовалюта карталары пайда болды

Қазақстанда криптовалютамен төлем жасау бұрынғыдан да жеңілдей түсті. Енді азаматтар арнайы крипто-карталар арқылы дүкенде есеп айырысып, сауда жасай алады.

“Астана” халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) негізінде цифрлық активтермен жұмыс істейтін лицензияланған провайдерлер — криптобиржалар қатысуымен жаңа төлем тетігі іске қосылды. Жаңа жүйе клиенттің криптоәмиянында сақталған активтерді автоматты түрде фиат ақшаға (мысалы, теңгеге) конвертациялап, сол сәтте төлем жасауға мүмкіндік береді. Яғни, дүкенде тұрып алып-сатым кезінде криптовалютаны қолма-қол ақшаға ауыстырып әуре болмайсыз — бәрі автоматты түрде іске асады.

Ұлттық Банктің мәліметінше, бұл криптокарталар қолданыстағы төлем инфрақұрылымына интеграцияланған және барынша қауіпсіз. Төлем жасаған мезетте АХҚО нарығындағы крипто-провайдер клиенттің цифрлық активтерін сатып, оның теңгедегі баламасын төлем картасына аударып береді. Барлық процесс санаулы секунд ішінде орындалады.

Сонымен қатар, биыл Ұлттық Банк бірқатар пилоттық жобаларды жүзеге асыруды көздеп отыр. Атап айтқанда:

• цифрлық теңгемен қамтылған стейблкоиндарды шығару;
• қаржы активтері мен мүлікті токенизациялау, яғни цифрлық түрде рәсімдеу;
• бағалы қағаздарға теңестірілген токендер әзірлеу;
• криптоактивтермен айырбас және сақтау сервистерін дамыту;
• цифрлық қаржы активтерінің есебін жүргізу мен сақтау жүйелерін жетілдіру.

Ұлттық Банк осы бастамаларды іске асыру үшін тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, цифрлық активтер айналымын заң жүзінде реттейтін өзгерістер пакетін әзірледі. Бұл қадам Қазақстанның цифрлық экономикадағы жаңа кезеңге аяқ басқанын білдіреді.

Ұлттық банк жаңа жобаны іске қосыпты👍

Қазақстанда картоп пен сәбіз қымбаттады

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров картоп бағасын төмендету үшін қандай шаралар қолға алынғанын айтты.

Биыл министрлік ұйымдасқан шаруашылықтарда картоп алқаптарын көбейтуді жоспарлап отыр.

«Жеке шаруашылықтарда емес, ұйымдасқан шаруашылықтарда картоп өсіру көлемі 9 мың гектарға артады. Сондықтан биыл картопқа қатысты проблема болмайды деп ойлаймын, бағасы да төмендейді»,-деді Сапаров үкіметте өткен брифингте.

Ал ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, қосымша картоп алқаптарының өнімі күзге қарай жиналады. Сол кезде баға түсуі керек.
«Мәселен, былтыр картоптың бағасы 100 теңге болды. Биыл 120-130 теңгеден бастадық. Енді бәрі нарыққа байланысты ғой. Дегенмен картоптың бағасы әлеуметтік осал топтар сатып ала алатындай деңгейде болады. Оған қоса, тұрақтандыру қорлары бар. Осылайша, біз картоптың тұрақты бағасын ұстаймыз», — деп түйіндеді Сұлтанов.

Байқадыңыз ба?🤔

Алматыда Қытай ұлттық музейі жәдігерлерінің көрмесі өтеді

5 маусымда Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстанның мемлекеттік өнер мұражайында «Қытайдың идеялар өнері – Қытай ұлттық музейінің жәдігерлері» көрмесі ашылады.

«Экспозицияға Қытайдың ХХ-ХХІ ғасырлардағы әйгілі суретшілері салған, Сиейдің көркемдік дәстүрін дамытатын кескіндеме, графика және мүсін өнерінің 50-ге жуық туындысы қойылады. Шеберлер материалдың стилі, техникасы және ерекшеліктері арқылы бейненің сыртқы сипатын танытып қана қоймай, оның ішкі рухани мәнін де ашады», — делінген хабарламада.

2018 жылы Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстанның мемлекеттік өнер мұражайы Жібек жолы музейлері мен галереяларының халықаралық альянсына қосылды. Кәсіби өнер ұйымдарын біріктіру бастамасы Қытайдың ұлттық музейіне тиесілі және қатысушы елдер арасындағы мәдени және өнер алмасудағы ынтымақтастықты біріктіруге бағытталған.

«Қытайдың идеялар өнері – Қытай ұлттық музейінің жәдігерлері» көрме жобасы ұлттық өнерді насихаттауға арналған маңызды мәдени алмасу бағдарламаларының бір бөлігі.

Сіз де тамашалап қайтыңыз!