бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығы

Автор: редактор 11 июня, 2025


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз! ✔️

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев әлем чемпионатына жолдама алған 40 футболшыға көлік сыйлады

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзеёв 2026 жылы әлем чемпионатына іріктеу кезеңінің соңғы ойынынан кейін ел құрамасының барлық футболшылары мен бапкерлік құрамына автокөлік сыйлады. Ташкентте өткен бұл матчта алаң иелері Катарды 3:0 есебімен жеңді.

Іріктеу кезеңінің аяқталуына бір тур қалғанда, Өзбекстан құрамасы Біріккен Араб Әмірліктерімен тең ойнап, тарихында алғаш рет әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алды.

Ойын аяқталғаннан кейін стадион алаңына 40 BYD автокөлігі шығарылып, олардың кілті ұлттық құраманың ойыншылары мен жаттықтырушыларына табысталды.

Сондай-ақ Өзбекстан президенті Шавкат Мирзеёв бірқатар футболшы мен жаттықтырушыға құрметті атақтар беріп, орден-медальдармен марапаттау туралы жарлыққа қол қойды.

Мәссаған, жақсы бастама екен👍

Жолдардың қауіпсіздігін бағалайтын ұлттық бағдарлама іске қосылды

Жолдардың қауіпсіздігін бағалауға мүмкіндік беретін ұлттық KazRAP бағдарламасын іске қосылды.

Бұл жөнінде көлік вице-министрі Сатжан Аблалиев Кавказ және Орталық Азия құрылыс форумының ашылуында жариялады.
KazRAP — жол инфрақұрылымының қауіпсіздігін арттыру бойынша ұлттық жүйенің негізгі элементіне айналады, дейді министрліктегілер.

«Бағдарлама жолдардың жай-күйін халықаралық әдістемеге сүйене тәуелсіз бағалауды, жол-көлік оқиғаларын алдын-алуға, инвестициялардың тиімділігіне мониторинг жүргізуді және жол қауіпсіздігі саласындағы стратегиялық жоспарлауды көздейді», — деп жазылған хабарламада.

Бағдарлама Халықаралық жолдарды бағалау бағдарламасымен (iRAP) бірлесе жүзеге асырылады.

Тамаша!🔥

Депутаттар екінші деңгейлі банктерге тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысуды ұсынды

Amanat партиясының мәжілісмендері тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне екінші деңгейлі банктерді (ЕДБ) тартуды ұсынды. Қазіргі таңда мұндай мүмкіндік тек Отбасы банкіне ғана берілген.

Депутаттардың айтуынша, ұзақ мерзімді ипотекалық қаржыландыру нарығын қалыптастыру үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) қаражатын пайдалануға болады. Сонымен қатар, олар ипотека бойынша пайыздық мөлшерлемелерді төмендету мәселесін де қарастыру қажет деп есептейді.

Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин “rent-to-buy”, яғни кейін сатып алу құқығымен жалға беру жүйесін енгізу идеясын көтерді. Оның сөзінше, мысалы, ай сайынғы 200 мың теңге төлемнің 50 мыңы жинақ ретінде есептелсе, азамат үш жыл ішінде қаражат жинап қана қоймай, төлем қабілеттілігін де дәлелдей алады. Бұл бастама әсіресе жастарға, жалғызбасты аналар мен әлеуметтік осал топтарға тиімді болар еді.

Сондай-ақ депутаттар “жылдам ипотека” цифрлық жүйесін енгізуді де ұсынды. Мұнда мемлекеттік органдар мен банктер арасында мәлімет алмасу механизмін қалыптастыру және автонесиелеуге ұқсас тұрғын үй несиелерін рәсімдеуге арналған онлайн платформа іске қосу көзделеді.

Тағы бір ұсыныс — мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларын бірінші нарықтан баспана алғысы келетін азаматтарға ғана бағыттау. Бұл арқылы субсидиялар инвестициялық мақсаттағы сатып алуларға емес, нақты мұқтаж жандарға қолжетімді болмақ.

Депутаттар тұрғын үй саясатын өңірлік даму жоспарларымен ұштастыруды да маңызды деп санайды. Бұл өз кезегінде көші-қонды реттеп, аймақтарды кешенді дамытуға жол ашады.

Айта кетейік, бұған дейін ипотекалық несие бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) 25%-дан 20%-ға дейін төмендетілген болатын.

Ұсыныс қолдау тапса, халық үшін баспана алу жеңілдей түспек

Антифрод-орталық 2,5 млрд теңгенің алаяқтық жолмен ұрлануына тосқауыл болды

Қазақстан Ұлттық банкі елдегі қаржы алаяқтығына қарсы құрылған антифрод-орталықтың бір жылдық жұмысын қорытындылады. Мәліметке сәйкес, орталық небәрі 10 айдың ішінде 2,5 млрд теңгеден астам шығынның алдын алған. Осы кезеңде 60 мыңнан астам күдікті оқиға тіркеліп, оның ішінде ең кең тараған түрлері ретінде телефон алаяқтығы (22%), жалған инвестиция және “дропперлік” карталармен байланысты әрекеттер (19%) көрсетілген.

Антифрод жүйесі қалай жұмыс істейді?

Алаяқтықпен күреске арналған бұл орталық банктерді, микроқаржы ұйымдарын, құқық қорғау органдарын және байланыс операторларын бір бірыңғай платформаға біріктірген. Жүйе арқылы тараптар күдікті қаржы операциялары туралы мәліметпен жедел алмасып, қажетті жағдайда ақша аударымдарын бұғаттайды немесе қосымша тексеру жүргізеді.

Қазіргі таңда антифрод-орталықтың 200-ден астам қатысушысы бар. Алдағы уақытта жүйе басқа да мемлекеттік дерекқорлармен интеграцияланатын болады.

Жасанды интеллект пен үлкен деректерге негізделген қауіпсіздік

Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі, цифрлық трансформация басшысы Бинұр Жаленовтің айтуынша, орталық жасанды интеллект арқылы алаяқтық схемаларды алдын ала болжауға мүмкіндік беретін жаңа деңгейге өтеді.

“Біз жедел дерек алмасу платформасын іске қостық және жалпыұлттық “сұр” және “қара” тізімдер жүйесін құрдық. Келесі кезең – сессиялық және транзакциялық антифрод жүйелерін жасанды интеллект негізінде дамыту”, – деді ол.

2025 жылы сессиялық антифрод бойынша пилоттық жоба іске қосылады. Бұл жоба аясында пайдаланушылардың мобильді қосымшалардағы мінез-құлық белсенділігіне талдау жүргізіледі. Осылайша, операция жасалмай тұрып-ақ алаяқтық әрекет анықталып, уақытылы тоқтатылады.

Сонымен қатар, транзакциялық антифрод жүйесін банктер арасындағы операциялар деңгейінде енгізу жоспарда бар. Бұл жүйе арқылы алаяқтық транзакцияларды нақты сәтінде бұғаттауға жол ашылады.

Қосымша шаралар

Ұлттық банк зардап шеккен азаматтарға қаражатты қайтару рәсімін жеңілдету жолдарын қарастырып жатыр. Бұдан бөлек, антифрод-орталықтың мүмкіндіктерін есірткі саудасы мен заңсыз құмар ойындарға қарсы бағыттау, орталық базасында тіркелген тұлғаларға қаржылық қызмет көрсетуді шектеу сияқты шаралар да талқылануда.

Ұлттық банк есебі жарияланыпты📍