Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!
Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз! ✔️
Алматыда алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды
Алматыда өздерін мәслихат депутаты ретінде таныстырып, түрлі алаяқтық әрекетке баратын адамдар пайда болды. Бұл туралы Алматы қалалық мәслихаты ресми түрде мәлімдеді.
Мекеменің мәліметінше, белгісіз біреулер мәслихат төрағасының атын жамылып, құқық қорғау органдарымен байланысты проблемалар туралы айтып, азаматтарды қорқытып жүрген.
“Алматы қалалық мәслихаты осындай өтініштердің біздің қызметімізге ешқандай қатысы жоқ екенін ресми түрде хабарлайды. Мәслихаттың құқық қорғау органдарына ықпал ету құзыреті жоқ”, – делінген мәлімдемеде.
Қалалық мәслихат тұрғындарды алаяқтардан сақ болуға шақырып, егер осындай мазмұндағы хабарламалар немесе қоңыраулар келіп түссе, бірден құқық қорғау органдарына жүгінуге кеңес берді.
Абай болыңыздар! ‼️
Қазақстанда жолды бүлдіретін ауыр көліктерді автоматты түрде анықтайтын жүйе енгізіледі
Үкімет ауыр салмақты көліктердің жолға түсіретін зиянын азайту үшін жаңа бақылау жүйесін енгізуде. 2026 жылдың соңына дейін елімізде 220-ға жуық автоматтандырылған өлшеу стансасы орнатылады.
Аталған стансалар республикалық маңызы бар жолдарға – 126, ал қалғаны жергілікті автожолдарға қойылады. Қазірдің өзінде Астанаға кіреберісте осындай 9 жаңа құрылғы жұмыс істеп тұр. Республика көлемінде жалпы саны 50-ден астам станса іске қосылған.
Ресми мәліметке сәйкес, бұл құрылғылар көліктің маркасы мен нөмірін, салмағы мен габаритін, жылдамдығын және осьтік жүктемесін автоматты түрде тіркейді. Егер көлік шамадан тыс жүктелген болса, жүйе фото және бейне жазба жасап, деректерді көлік саласындағы ақпараттық жүйеге жібереді.
Көлік комитеті аталған бұзушылықтар туралы ескертуді жедел түрде таратып отырады. Жаңа жүйе жол инфрақұрылымын сақтауға және қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Тамаша!👍
26–28 маусым аралығында Алматыдағы Республика сарайында “Korea–Kazakhstan Culture and Trade Week” атты ауқымды шара және сауда апталығы өтеді
Іс-шара аясында корей және қазақстандық жұлдыздардың өнер көрсетуі, көрмелер, промо-стендтер мен LG компаниясынан сыйлықтар ұтысы ұйымдастырылады.
📍 Өтетін орны: Республика сарайы (Достық даңғылы, 56)
📅 Күні: 26–28 маусым
🎫 Концерттерге кіру тегін, бірақ арнайы билеттер арқылы тамашалай аласыз. Билеттерді Корея Елшілігі жанындағы Білім беру орталығынан алуға болады (Абай даңғылы, 159А). Бір адамға әр іс-шараға 2 билеттен артық берілмейді.
🕒 Билеттерді алу уақыты: 11 маусымнан бастап, жұмыс күндері сағат 10:00–16:00 аралығында (түскі үзіліс: 12:00–13:00).
🔎 Толық ақпарат: @kaz.korean.culture Telegram парақшасында.
Сіз де барып көріңіз📌
Автобуста әйелмен болған жанжалдан кейін қазақстандық жігіт әлемдік модельдік агенттікпен келісімшартқа отырды
22 жастағы көкшетаулық Щыңғыс Алғазин әлемге танымал IMG Models агенттігімен келісімшартқа отырып, халықаралық деңгейдегі модель атанды. Бұл – Джиджи Хадид пен Хейли Бибер сынды жұлдыздармен жұмыс істейтін беделді агенттік. Шыңғыстың сән индустриясына аяқ басуы мүлде күтпеген жерден – Алматыдағы автобустағы жанжалдан басталған.
2024 жылдың басында Шыңғыс адамға лық толы автобуста шахмат ойынын телефонында ойнап отырған. Қолын сүйей бергені сол еді, 45 жастағы әйел оның бұл қимылын түсіріп жатыр деп ойлап, қолындағы сөмкесімен ұра бастаған. Қарсы шабуыл жасамастан, Шыңғыс жағдайға байыппен қарап, оқиғаны видеоға түсіріп алған.
Көп ұзамай бұл видео әлеуметтік желілерде лезде тарап, миллиондаған қаралым жинап, көрерменнің қызу қолдауына ие болды. Желі қолданушылары Шыңғыстың сабырлылығына, сыпайылығына тәнті болып, оны “сымбатты”, “тәрбиелі жігіт” деп атап жатты.
Осы жағдайдан кейін модель агенттіктері оған назар аудара бастаған. Нәтижесінде – әлемдік сән сахнасына жол ашқан үлкен мүмкіндікке ие болды.
Мәссаған, керемет мүмкіндік екен🔥