Бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығы

Автор: редактор 16 июня, 2025


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңызға бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз! ✔️

Дүниежүзілік банк кедейлік шегін жаңартты: Қазақстанда 2,9 млн адам кедей санатына енді

Дүниежүзілік банк кедейлік шегіне қатысты жаңа есептерін жариялап, оны 2021 жылғы сатып алу қабілетінің жаңартылған деректері негізінде қайта қарады. Бұл жаңартулар көптеген елдердегі, соның ішінде Қазақстандағы кедейлік деңгейін қайта бағалауға себеп болды.

Жаңа мәліметке сәйкес:

• Табысы төмен елдер үшін халықаралық кедейлік шегі күніне 3 доллар болды (бұрын – 2,15 доллар).
• Орташа табысы төмен елдер үшін — 4,20 доллар (бұрын – 3,65 доллар).
• Ал Қазақстан сияқты орташа табысы жоғары елдер үшін — 8,30 доллар (бұрын – 6,85 доллар).

Бұл өзгеріс деректер сапасының артуымен байланысты: бұрын есепке алынбаған кейбір үй шаруашылықтарының шығындары енді тіркелмей қалуы мүмкін. Осы себепті ұлттық деңгейдегі кедейліктің шегі де қайта қаралды.

2021 жылғы есеп бойынша, Қазақстан халқының 15,15%-ы, яғни шамамен 2,9 миллион адам, күніне 8,30 доллардан аз табыспен өмір сүрген. Бұрынғы әдістеме бойынша бұл көрсеткіш небәрі 5,47% болған еді.

Ал соңғы ресми дерек бойынша, 2024 жылы кедейлік көрсеткіші (ескі әдістеме бойынша) 1,1%-ды құраған. Өңірлер арасында ең жоғары кедейлік деңгейі Шымкентте тіркеліп, халықтың 3,7%-ы кедейлік шегінен төмен табысқа күн көрген.

Кедейлік шегі өсіпті📍

Парижде Нұрғиса Тілендиевке арналған көрме ашылды

Парижде ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде ұлы композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына арналған «Шабыт бастауы: Нұрғиса Тілендиевтің мұрасы» атты халықаралық көрменің салтанатты ашылуы өтті.

Халық қаһарманы, дирижер, аса көрнекті өнер иесінің ғасырлық мерейтойы – тек қазақ халқы үшін ғана емес, барша өркениетті әлем үшін елеулі оқиға. Бұл маңызды дата ЮНЕСКО тарапынан халықаралық деңгейде аталып өтетін мерейтойлар қатарына енгізілді.

«Аталмыш көрмеде Алматы қаласындағы Музейлер бірлестігінің қорынан алынған 70-ке жуық құнды жәдігер қойылған. Олардың қатарында композитордың өз қолымен жазған партитуралары, сирек фотосуреттері, жеке заттары, сондай-ақ Ахмет Жұбанов сыйға тартқан «Дариға домбыра» да бар», — деп жазылған хабарламада.

Айта кетейік, кезінде бала Нұрғисаның музыкалық білім алуына Ахмет Жұбанов себепкер болған еді. Алты тақырыптық бөлімнен тұратын көрме композитор шығармашылығының сан қырын аша түсіп, қазақ музыкасының терең тамыры мен өрісі кең болмысын бейнелейді.
Көрменің ашылу салтанатына ЮНЕСКО-ға мүше елдердің елшілері, дипломаттар, халықаралық ұйым өкілдері, Франция жұртшылығы мен сонда тұратын қазақ диаспорасы қатысты.

Тамаша!😍

Оралда қазақстандықтарды 25 млн теңгеге алдаған туристік агент сотталды

Орал қаласының тұрғыны анасын жеке кәсіпкер ретінде тіркеп, жалған туристік қызметін ұйымдастырған.

«Заңды бизнестің көрінісін жасай отырып, ол әлеуметтік желілерде жарнама орналастырып, клиенттермен ресми келісімшарттар жасап, фискалдық чектер берген және мессенджерлер арқылы байланыс жүргізген. Бұл азаматтардың оның қызметіне деген жалған сенімін қалыптастырған», — деп жазылған хабарламада.

15-тен астам адам алаяқтың құрбаны болды. Келтірілген залалдың жалпы сомасы 25 млн теңгеден асқан.
Орал қалалық сотының үкімімен қаскүнем екі және одан да көп адамға қатысты аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол туризм саласындағы кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан 7 жыл мерзімге және 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Алаяқтық әрекеттің жолы кесілді‼️

Елімізде алдағы күндері 46 градусқа дейін аптап ыстық болады

“Қазгидромет” 17–19 маусым аралығындағы ауа райына болжам жариялады. Синоптиктердің мәліметінше, алдағы күндері ел аумағында Солтүстік-батыс циклоны әсерінен құбылмалы ауа райы күтіледі.

Көптеген өңірде найзағай ойнап, жаңбыр жауады, жел күшейеді. 18–19 маусым күндері Қазақстанның солтүстік және солтүстік-батыс бөлігінде нөсер жауын күтіледі, кей жерлерде бұршақ жаууы мүмкін.

Солтүстік пен солтүстік-батыс өңірлер:

– Түнгі температура 17–25 градустан 15–23 градусқа дейін төмендейді.
– Күндіз 25–35 градустан 20–31 градусқа дейін салқындайды.

Орталық аймақтар:

– Түнде ауа температурасы 18–25 градустан 15–22 градусқа дейін түседі.
– 17–18 маусымда күндіз 35–39 градусқа дейін аптап ыстық күтіледі.
– Оңтүстік бөлігінде 42 градусқа дейін жетуі мүмкін.
– 19 маусымда күндізгі температура 27–32 градусқа дейін төмендейді.

Шығыс Қазақстан:

– Түнгі температура 12–23 градустан 17–25 градусқа дейін көтеріледі.
– Күндіз 27–35 градустан 35–39 градусқа дейін ыстық күшейеді.
– 19 маусымда кей жерлерде 40 градус аптап ыстық болады.

Оңтүстік-шығыс өңірлер:

– Түнде 18–23 градустан 20–25 градусқа дейін жоғарылайды.
– Күндіз 35–39 градус қатты ыстық сақталады.
– 18–19 маусымда кей аудандарда 42 градусқа дейін жетеді.

Оңтүстік аймақтар:

– Күндіз ауа температурасы 43–46 градусқа дейін аптап ыстықтан 30–38 градусқа дейін төмендейді деп күтілуде.

Абай болыңыздар!📌