Бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығы

Автор: редактор 18 июня, 2025


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңызға бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз! ✔️

“Отбасы банк” комиссиясын екі есеге арттырмақ

“Отбасы банк” 2025 жылдың 19 маусымынан бастап аралық және алдын ала тұрғын үй заемдарын рәсімдеу үшін алынатын комиссия мөлшерін ұлғайтады. Бұған дейін 0,5% болған комиссия енді 1%-ға дейін көтеріледі.

Сонымен қатар банк бұл көрсеткіш 300 мың теңгеден аспайтынын нақтылап отыр. Дегенмен әр несие алушы үшін комиссия көлемі несие сомасына қарай әртүрлі болады. Сондықтан түсінікті болу үшін банк арнайы сызба әзірлеген.

Қаржы ұйымының түсіндіруінше, бұл шешім банктің операциялық шығындарының өсуімен байланысты. Алайда мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде рәсімделетін ипотекалар бұрынғыдай тегін беріледі. Сондай-ақ, банк барлық несиелер бойынша өтінімдерді қарағаны үшін комиссия алмайтынын да атап өтті.

Салыстырар болсақ, еліміздегі коммерциялық банктер ипотека рәсімдегені үшін 1–2% аралығында комиссия ұстайды. Яғни “Отбасы банк” әлі де нарықтағы ең қолжетімді ойыншылардың бірі болып қала береді.

Мәссаған! 😮

Алмадан бастап картопқа дейін қымбат”. Депутат азық-түлік бағасын сынға алды

Қазақстандықтар бүгінде базалық азық-түлік өнімдерін де қарызға алып күн көруге мәжбүр. Экономикалық саясатқа қатысты қоғамда сын күшейіп келеді — баға шарықтап, ал дүкен сөрелерінде шетелдік өнімдер отандық тауарларды ығыстырып барады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Рахымжанов Парламент отырысында ашық айтты.

“Тіпті, қарапайым картопқа зәруміз – өзімізді өзіміз толық қамтамасыз ете алмаймыз. Сөрелерде — Қытай картобы. Ал алма бағы бағдарламасына миллиардтар жұмсалғанымен, супермаркеттерде отандық өнім сирек кездеседі. Кездессе де, бағасы поляк не қытай алмасынан қымбат”, – деді депутат.

Оның айтуынша, бұл ахуал азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіріп отыр. Осыған байланысты ол Үкіметке ең төменгі күнкөріс деңгейін, жалақы мөлшерін және тұтыну қоржынының құрамын қайта қарауды ұсынды. Себебі қазіргі азық-түлік себеті халықаралық стандарттарға да, қазақ халқының дәстүрлі тамақтану ерекшеліктеріне де сай емес.

“ЖСДП партиясы жүргізген мониторингке сәйкес, орташа қазақстандық отбасының тек ең қажетті азық-түлікке ай сайын шамамен 70 мың теңгесі кетеді. Сондықтан ең төменгі күнкөріс деңгейі кемінде 115 710 теңге болуы тиіс”, – деді Рахымжанов.

Депутаттың пікірінше, бүгінгі таңда үнемдеу мен таршылық тек қарапайым халықтың еншісінде қалып отыр. Инфляция үдеп, азық-түлік, жанар-жағармай және коммуналдық қызметтер бағасы күн санап қымбаттап жатыр. Ал халыққа ашық есеп беру мен бюджет қаржысын тиімді игеру ісі — тоқырау күйінде.

“Бюджет бөлуде ашықтық жоқ. Мемлекеттік органдар халық алдында есеп беруге асығар емес. Бұл – азаматтық қоғамның негізгі талабы әрі реформаларға деген сенімнің негізі”, – деп қорытындылады ол.

Ал сіз азық-түлік бағасының қымбаттағанын байқадыңыз ба?🤔

2025 жылдан бастап қазақстандықтарға 1,7 трлн теңгеден астам зейнетақы төленген

Министрліктің мәліметінше, 2025 жылдың қаңтарынан маусым айына дейін республикалық бюджеттен жалпы сомасы 1 трлн 745,9 млрд теңге бөлінген.

• Соның ішінде 564,7 млрд теңге — базалық зейнетақыға,
• 1 трлн 181,2 млрд теңге — ынтымақты зейнетақыны төлеуге жұмсалған.

2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша елдегі зейнеткерлер саны 2 млн 481 мың адамға жеткен.
Сол күні тіркелген орташа жиынтық зейнетақы мөлшері – 143 502 теңге:
• оның ішінде ынтымақты зейнетақы – 95 814 теңге,
• базалық зейнетақы – 47 688 теңге.

Бұл деректер мемлекеттің зейнетақы жүйесіне бөлінетін қаржы көлемінің айтарлықтай екенін және зейнеткерлер санын ескерсек, бұл бағыттағы әлеуметтік саясаттың ауқымдылығын көрсетеді.

Еңбек министрлігі мәлімдеме жасады📌

УЕФА Қазақстанда екі футбол академиясын салады

Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді.

Оның айтуынша, УЕФА-мен бірлесіп бірнеше футбол академиясын салу көзделіп отыр. Бұл жобаның аясында екі ірі қалада академия ашу жоспарланған. Алайда ең алғашқы жоба Алматы облысындағы Талғар ауданында жүзеге аспақ.

Министр УЕФА әдістемелерін енгізу мен футбол саласындағы кәсіби мамандарды тарту бастаманың маңызды бөлігі екенін де атап өтті.

Жақсы жаңалық екен!😍