Бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығы

Автор: редактор 19 июня, 2025


Баршаға сәлем, қымбатты оқырман!

Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз📍

Қазақстандағы барлық банк 2025 жылдың соңына дейін бірыңғай QR-код жүйесіне қосылады

Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов 19 маусым күні Сенаттың дәлізінде журналистерге берген сұхбатында мәлімдеді.

Сүлейменовтің айтуынша, бірыңғай QR жүйесінің операторы – Ұлттық банктің еншілес ұйымы болып табылатын Ұлттық төлем корпорациясы. Бүгінде еліміздегі қолма-қол ақшасыз төлемдердің 90%-ы дәл осы жүйе арқылы өтеді. Мәселен, күн сайын 5,9 триллион теңге өңделеді. Бұл – жүйенің көлемі мен маңызын көрсетеді.

«Қазірдің өзінде үш банк толығымен қосылды, тағы тоғыз банк тестілік режимде жұмыс істеп жатыр», – деді Ұлттық банк төрағасы.

Жыл соңына дейін барлық банктерді осы жүйеге қосудың екі жолы қарастырылып жатыр: бірі – стандартты серіктестік тетіктер арқылы, екіншісі – заңнамаға қажетті өзгерістер енгізу.

«Біз заң арқылы да бұл жүйеге банктердің міндетті түрде қосылуын қамтамасыз ету жолдарын қарастырып жатырмыз. Техникалық және құқықтық жағынан барлық процесті бақылауда ұстап отырмыз», – деді ол.

Сүлейменов әр банктің өз экожүйесі мен техникалық архитектурасы бар екенін, сондықтан бірыңғай операторға қосылу үшін оларға уақыт, қаражат, адами және технологиялық ресурстар қажет екенін атап өтті.

«Біз ешкімге “қазір, дереу қосыл” деп бұйыра алмаймыз. Бірақ бұл процестің маңыздылығын түсіндірумен келеміз. Кездесулерде де “Қашан қосыласыздар?” деп үнемі сұрап отырамыз. Бұл бағытта мен де, менің орынбасарларым мен техникалық командаларымыз да жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр», – деп қорытындылады Сүлейменов.

Ұлттық Банк төрағасы мәлімдеме жасады📌

Жалған құжаттар, фейк реквизиттер: Ұлттық Банк азаматтарды киберқылмыскерлердің жаңа әдіс-тәсілдеріне қарсы сақтық танытуға шақырды

Қаржы реттеушісі алаяқтардың жалған құжаттар, фейк реквизиттер, тіпті мобильді қосымшалар мен әлеуметтік желідегі жалған парақшаларды пайдаланып, азаматтардың жеке деректерін иемденуге тырысып жүргенін мәлімдеді.

Алаяқтар өзін қаржы ұйымдарының, Ұлттық Банктің, мемлекеттік немесе құқық қорғау органдарының, ұялы байланыс операторларының қызметкері ретінде таныстырып, сенімге кіруге тырысады. Олар жалған реквизиттер арқылы ақша аудартуға әрекет жасайды. Кей жағдайларда азаматтарға банк атынан келгендей етіп SMS-хабарламалар жолдап, растау кодтарын жіберуді немесе бейтаныс қосымшаларды жүктеуді сұрайды. Мұның барлығы – телефоныңыздағы ақпаратты толығымен иемдену үшін жасалатын айла.

Осыған байланысты Ұлттық Банк күмән тудыратын кез келген қоңырау, хабарлама, сілтеме немесе ұсынысқа сенбеуді, алдымен оның шынайылығына көз жеткізуді ұсынады. Күдікті ресурстарға өтпеу, беймәлім қосымшаларды орнатпау және бейтаныс тұлғаларға ақша аудармау – қауіпсіздіктің басты кепілі.

Абай болыңыздар!🙌🏻

ҰБТ-дан 140 балл алған алматылық оқушыға пәтер кілті берілді

Айша Сатыбалды — биылғы ҰБТ-дан жоғары балл алған екінші оқушы.

Ол емтиханға жеке меншік мектепте дайындалған. Осы жетістігі үшін бұл мектеп Айшаға пәтер сыйлаған.

Түлек ҰБТ-ға дайындықты 10 сыныптан бастаған.

Ғажап! 😍

Қазақ балуандары Азия чемпионатында 3 алтын медаль жеңіп алды

Вьетнамның Вунгтау қаласында күрес түрлерінен 17 жасқа және 23 жасқа дейінілер арасындағы Азия чемпионаты өтіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Жарыстың алғашқы күні грек-рим күресі бойынша бәсекелер өтті. Нәтижесінде қазақстандық спортшылар 6 мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Әсіресе, 60 келіде Исхар Құрбаев, 67 келіде Бағдат Сабаз және 77 келіде Ақжан Ықыласов сияқты балуандар барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, Азия чемпионы атанды.

Бұған қоса, ұлттық құрама өкілдері 2 күміс пен 1 қола жеңіп алды. Атап атйқанда, ауыр салмақтардағы Юсуф Мациев пен Джохар Узаров финалда есе жіберіп, күміске қол созса, 82 келідегі Диас Қалтай үздік үштікті түйіндеді.

Енді бүгін қалған салмақтардағы белдесулер болады. Оның ішінде Ерасыл Мамырбеков, Оңдасын Хамитов, Серғазы Әбдіхадыр және Мақсат Сайлау сияқты жерлестеріміз бозкілемге шығады.

Одан кейін қыздар күресі жәіне еркін күрес бойынша сындар өтеді. Вунгтау қаласындағы жарыс 26 маусымға дейін жалғасады.

Құтты болсын!