Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!
Назарларыңызға бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз! ✔️
Депутат бірнеше жұмысшы мамандықтың жалақысын өсіруді ұсынды
Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков зейнет жасындағы техникалық қызмет өкілдеріне – аула сыпырушылар, еден жуушылар, киім қабылдаушылар және өзге де қосалқы кәсіп иелеріне құрметті атақтар мен төсбелгілер тағайындауды ұсынды.
Оның айтуынша, қарапайым жұмысшылардың еңбегі жиі ескерусіз қалып жатады.
«Қоғамның тыныс-тіршілігін қамтамасыз етіп отырған, көп жағдайда көлеңкеде қалатын техникалық мамандық иелерінің — аула тазалаушылар, еден жуушылар, гардеробшылар, күзетшілер, вахтерлердің мәртебесін көтеру – бүгінгі күннің өзекті мәселесі», — деді депутат өз сауалында.
Серіковтің пікірінше, бұл санаттағы мамандарға тек материалдық емес, моральдық қолдау да қажет. Ол:
«Иә, бұл мамандықтар аса беделді саналмауы мүмкін. Бірақ біз олардың да адами және әлеуметтік мәртебесін мойындап, құрметтеуге тиіспіз. Олар да мақтануға лайық. “Анам еден жуушы, әкем қарауыл” деген сөз баланың аузынан ұялмай, мақтанышпен айтылуы керек», — деді.
Депутат бұл қызметкерлердің еңбекақысы республикадағы орташа жалақыдан төмен екенін, әлеуметтік қорғау шаралары жеткіліксіз екенін айтты. Оның сөзінше, егер бұл мамандар бір күн жұмысқа шықпай қалса, қалалар мен кеңселердің жағдайы бірден өзгерері анық.
Осыған орай, Таңсәуле Серіков мынадай нақты ұсыныстарын жеткізді:
• жылына бір рет мекеме есебінен шипажайға жолдама беру;
• 13-ші жалақы төлеу;
• еңбек демалысына шыққанда екі жалақы көлемінде үстемақы беру;
• тегін оқыту және қайта даярлық курстарын ұйымдастыру;
• зейнеткерлікке шыққан техникалық қызметкерлерге құрметті атақтар мен төсбелгілер тағайындау.
Сондай-ақ ол бұл мамандықтарды «қоғамдық маңызға ие кәсіп» деп заңнамалық деңгейде мойындап, арнайы мәртебе беруді ұсынды. Сонымен бірге, техникалық қызметкерлерге арналған мемлекеттік квота негізінде шипажайлық емделу жүйесін енгізу қажет екенін жеткізді.
«Жұмысшы жылы тек ұранмен шектеліп қалмауы керек. Бұл нақты әрекеттермен толығуы тиіс. Ал нақты қадам – кәсіби иерархияның төменгі сатысындағы мамандарды қорғау мен қолдаудан басталуы тиіс», —
Тамаша!👍
Қаржылай қақпан: Заңсыз микроқаржы ұйымдары 300 мыңнан астам азаматты тақырға отырғызған
Қаржылық мониторинг агенттігі елімізде заңнама талаптарын айналып өтіп, азаматтарға заңсыз жолмен несие беріп келген микроқаржы ұйымдарының қызметін әшкерелеп, олармен күрес барысын жария етті.
Ведомство таратқан ақпаратқа сүйенсек, мұндай ұйымдар өз қызметін заңды микроқаржылық операция ретінде көрсеткенімен, іс жүзінде қарыз алушыларға қосымша төлемдер мен жоғары пайыздарды, тіпті міндетті сақтандыру төлемдерін жүктеп, азаматтарды қаржылық шырмауға түсіреді.
“Олар сыйақы мөлшерлемесіне қойылған заңды шектеулерді айналып өтудің түрлі айласын табады. Соның салдарынан қарапайым азамат бір алған қарызы үшін бірнеше есе артық төлем жасауға мәжбүр болады”, — делінген агенттік хабарламасында.
2025 жылдың басынан бері осындай бес заңсыз ұйымның қызметі тоқтатылған. Алаяқтық құрбаны болғандар саны — 300 мыңнан асады. Ал олардың артық төлеген жалпы сомасы 71 миллиард теңгеден асып кеткен.
Сұмдық😨
Киік санын 20 пайызға азайту жоспарланып отыр
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың мәлімдеуінше, киік популяциясын реттеу мақсатында 800 мың басты алып тастау ұсынылуда. Бұл шешім жақын күндері қабылданбақ.
«Көктемде жүргізілген есеп бойынша елімізде киіктің жалпы саны 3,9 миллион басты құрады. Ғалымдар осы көрсеткіштің 20 пайызын – шамамен 800 мың басты – популяциядан алу қажет деген қорытындыға келді», – деді министр Үкімет отырысында.
Сарапшылардың айтуынша, алынатын киіктердің 40 пайызы – аталықтар, тағы 40 пайызы – аналықтар, ал қалған 20 пайызы биыл туған төлдер болмақ. Министрлік бұл шешімді ғылыми негізге сүйене отырып қабылдамақ.
Сондай-ақ Ерлан Нысанбаев киік етін өңдеу мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, алынған киікті тиімді пайдалану үшін арнайы ет комбинатын салу жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде алты инвестор бұл бастамаға қызығушылық танытқан.
Бұған не дейсіз?🤔
Мобильді аударымдар қыркүйектен бастап тексеріледі
Мобильді аударымдар сомасына қойылатын жаңа талап биылғы қыркүйек айында заңды күшіне енеді. Бұл туралы қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді.
“Соммаға қатысты үшінші талап бойынша бұйрық дайын тұр. Заң қабылданды, енді ол 60 күннен кейін күшіне енеді. Біз де тиісті нормативтік құжатты бекітіп, жұмысқа кірісеміз”, – деді Біржанов журналистерге берген сұхбатында.
Жаңа ережеге сәйкес, үш ай қатарынан 12 ең төменгі жалақыдан (яғни, 1 миллион 20 мың теңгеден) асатын мобильді аударымдар салық органдарының бақылауына алынады.
Айта кетейік, бұған дейін үш ай бойы 100-ден астам мобильді аударым алған тұлғалар туралы мәлімет те салық органдарына жолданатыны хабарланған болатын. Қаржы министрлігі мен Ұлттық банк бұл талаптарды заңды түрде бекітуді көздеп отыр.
Жаңа талап екі айдан кейін күшіне енеді📌