Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!
Назарларыңызға бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз! ✔️
Елімізде ең төменгі жалақы мөлшері 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап көтеріледі
Қазақстанда ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мөлшері қайта қаралады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, 2024 жылы ведомство алғаш рет ЕТЖ-ні есептеу үшін жаңа әдістемені енгізді. Енді жалақы мөлшерін белгілеу кезінде еңбек өнімділігі, нарықтағы медианалық жалақы мен инфляция деңгейі ескерілмек.
“Қазір бірқатар зерттеу институты аймақтар мен салаларға қарай еңбек өнімділігі мен медианалық жалақыны саралап жатыр. Осы деректер ең төменгі жалақыны есептеу формуласына енгізіледі”, – деді министр Парламент отырысынан кейінгі сұхбатында.
Оның айтуынша, нақты сома зерттеу жұмыстары аяқталғаннан кейін белгілі болады.
“Бұл жұмысты жыл соңына дейін аяқтап, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны көтереміз”, – деді Жақыпова.
Министрлік жақсы жаңалықты жеткізіпті💸
Tele2/Altel-дің сатылымынан бюджетке 76 миллиард теңге түсті
Жоғары аудиторлық палата 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарын жүзеге асыру тым баяу жүріп жатқанын айтып, бұл бағыттағы жұмысты жеделдетуді ұсынды. Бұл туралы Палата төрағасы Әлихан Смайылов Парламент палаталарының бірлескен отырысында мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта жоспардың орындалу деңгейі 72 пайызды құраған. Жалпы 637 нысанның 460-ы жекешелендіріліп немесе таратылған. Олардың қатарында республикалық және коммуналдық меншік нысандары, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор активтері бар.
2024 жылы жалпы құны 589 млрд теңге болатын 14 нысан бәсекелестік ортаға берілген. Айта кетерлігі, соның 517 млрд теңгесі — «Қазақтелеком» АҚ-ның Tele2 мобильді операторы үлесін Катар инвесторына сату есебінен түскен қаржы.
«Бұл мәміле аясында 158 млрд теңге республикалық бюджетке дивиденд ретінде аударылды, ал 76 млрд теңге корпоративтік табыс салығы ретінде түсті. Қалған сома келісімшарт негізінде биыл және 2028 жылға дейін түседі», – деді Смайылов.
Сонымен қатар, толық орындау үшін тағы 177 нысан жекешелендірілуі тиіс. Осыған байланысты Палата жоспарды жүзеге асыру қарқынын күшейту қажет деп санайды.
Аталған байланыстарды қатарлықтар иемденді 📌
2025 жылдың басынан бері Қазақстанға 5,5 мыңға жуық қандас көшіп келді
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы айларында 5 496 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, ресми түрде қандас мәртебесін алды. Жалпы, 1991 жылдан бері елге 1 млн 153 мыңнан астам этникалық қазақ оралған.
Биыл елге келген қандастардың негізгі бөлігі Қытай (45,8%) мен Өзбекстаннан (41,2%) келген. Сонымен қатар Түрікменстаннан – 5,5%, Моңғолиядан – 2,6%, Ресейден – 2,4%, басқа елдерден – 2,5% этникалық қазақ көшіп келген.
1 маусымдағы жағдай бойынша, жаңа қоныстанушылардың 60,1%-ы – еңбекке қабілетті жастағы азаматтар. 31%-ы – 18 жасқа дейінгі жастар мен балалар, ал 8,9%-ы – зейнеткерлік жастағы адамдар.
Еңбекке қабілетті қандастардың білім деңгейі әртүрлі:
• 17%-ының жоғары білімі бар,
• 27,4%-ы – колледж немесе техникум тәмамдаған,
• 53,2%-ы – жалпы орта білімді,
• 2,4%-ының білімі жоқ.
Қандастар еліміздің әр өңіріне қоныстанып жатыр.
Тамаша!👍
Астанада Sergek жүйесімен жабдықталған дрондар сынақтан өтеді: енді тәртіп бұзғандар әуеден анықталады
Астанада Sergek интеллектуал жүйесімен интеграцияланған дрондар пилоттық режимде іске қосылды. Жаңа технология құқық қорғау органдарына іздеу салынған көліктерді, алимент төлемегендерді және өзге де борышкерлерді әуеден анықтауға мүмкіндік береді.
Бұл жобаны ҚР Ішкі істер министрлігі, «Қазақтелеком» АҚ және отандық ІТ-мамандар бірлесе жүзеге асырып отыр. Дрондар нақты уақыт режимінде құқық бұзушылықтарды тіркеп, мәліметтерді жылдам түрде полиция қызметкерлерінің планшеттеріне жеткізеді. Бұл өз кезегінде жол қауіпсіздігін күшейтіп, жедел әрекет ету мүмкіндігін арттыруға сеп болады.
«Интеллектуалды бейнебақылау жүйесімен жабдықталған дрондар жердегі патрульдерге нақты координаталар мен деректерді дереу жеткізе алады. Бұл – тек құқық бұзушылықтарды анықтау құралы емес, сонымен қатар жол апаттарының алдын алуға бағытталған шешім», – деді ІІМ Ақпараттандыру және байланыс департаментінің бастығы, полиция полковнигі Сергей Варго.
Бұдан бөлек, «Қазақтелеком» компаниясы дрондарды қалалық мониторинг, сондай-ақ орман өрттерінің алдын алу сияқты бағыттарда да қолдану мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Пилоттық кезеңде Sergek Group әзірлеушілері ІІМ және «Қазақтелеком» өкілдерімен бірлесіп, дрондарды патрульдеуден бастап нақты бағытталған іздестіру операцияларына дейін әртүрлі сценарийлерде сынақтан өткізетін болады.
Мәссаған, бұған не дейсіз?😮