Baitursynuly.kz, Демалыс, Комета. 3 ақпанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 03 февраля, 2023


Кеш жарық, құрметті қыздар мен жігіттер! Бүгінгі күн жақсы жаңалыққа толы болды.

Ендеше назарларыңа ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз. 🔥

1️⃣ Қазақстандықтар ақпанның алғашқы 10 күнінде ерекше жарық комета көре алады.

С/2022 E3 (ZTF) кометасы туралы Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры Андрей Солодовник айтты. Бұл туралы sputnik.kz хабарлады.

«Ол негізгі көптен бері «қонақта жүр». Бірақ оның дәл бұлай жарық болатынын білген жоқпыз. Комета өте жарық, бірақ аз уақытқа ғана. Мұндай сирек құбылысты міндетті түрде көру керек», — дейді профессор.

Кометаның атауы да ерекше, өйткені былтыр наурыз айының басында аспанда кенеттен пайда болып, автоматтандырылған іздеу жүйесімен анықталғандықтан осылай аталған.

Комета көргендер бар ма?😉

2️⃣ Қазақстан қолжетімді демалыс рейтингінде үздік ондыққа енді.

Танымал Curly Tales сайтының тұжырымы бойынша Қазақстан қолжетімді демалыс рейтингінде үздік ондыққа енді. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, Curly Tales — food, travel, experiences & lifestyle сайты қазіргі заманғы көшпенділер тақырыбына арналған платформа. Сайтта туристерге осы айда баруға кеңес беретін елдер тізімі бар.

Рейтинг авторлары туристерге, мысалы, Шарын каньонына барып, шатқалдың сұлулығына таңдануды ұсынады.

Естеріңізге сала кетейік, осының алдында танымал британдық Condé Nast Traveller журналы The most breathtaking places to visit in Kazakhstan атты мақалада біздің елімізде саяхаттаудың негізгі бағыттары туралы жазған болатын.

Сенің ойыңша Қазақстанның қай өңірі ең әдемі?😍

3️⃣Елімізде baitursynuly.kz сайты іске қосылды.

Сайтты ҚР ҒЖБМ Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық-ғылыми практикалық орталығы жасап шығарды. Онда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының өмірбаянынан бөлек, көптеген айдарлар бойынша мол мәлімет алуға болады.

Олардың арасында – «Әліпби және емле», «Оқулықтар», «Мақалалар», «Хаттар», «Өлеңдер», «Аудармалар», «Қанатты сөздер», «Құжаттар», «Ахметтану» рубрикалары бар.
Сондай-ақ бүгін өткен іс-шара барысында А.Байтұрсынұлының қазақ, ағылшын, түрік және орыс тілдерінде тұңғыш рет жарық көрген таңдамалы шығармаларының, ғылыми экспедицияның «Алаш қозғалысы: дерек пен дәйек» атты қорытынды жинағы таныстырылды.

«Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетінің бастауында тұрған тұлға ретінде отандық баспасөздің одан кейінгі дамуына кең өріс ашып берді. Ұлт ұстазының өнегелі өмір жолы – Отанға адал да қалтқысыз қызмет жасаудың өшпес үлгісі. Алаш арысының есімін мәңгі есте сақтап, оның жасампаз ісін жалғастыру – біздің борышымыз», — деді Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық-ғылыми практикалық орталығының бас директоры Ербол Тілешов.

Көпшілік көзайымына айналған жауһар жәдігерлердің тұсаукесер рәсіміне көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, отандық және шетелдік ғылыми ұйымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Онда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының өмірбаянынан бөлек, көптеген айдарлар бойынша мол мәлімет алуға болады.👍🔥