Балалар, Фильм, Спорт. 31 мамырдың топ жаңалықтары

Автор: редактор 31 мая, 2024


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз! ✔️

1️⃣ «OrdaAutism»: Астанада ерекше балаларға тегін қызмет көрсететін төртінші орталық ашылды.

Елімізде аутизмге шалдығатын балалардың көбеюі осы бағытта оңалту орталықтарының санын да арттыруды қажет етуде. Осыған орай Астанада мемлекеттік тапсырыспен ерекше балаларға тегін қызмет көрсететін «OrdaAutism» түзету орталығының төртінші филиалы ашылды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.

Оның ашылуына Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов, Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб қатысып, жаңа ұжым жұмысына сәттілік тіледі.

Орталықты 2016 жылдан бері жұмыс істейтін Астана қалалық «Orda» аутизмі бар балалар ата-аналарының қоғамдық бірлестігі ашып отыр. Бұған дейін олар ашқан 3 орталық жылына 500-ден астам баланы түзету және оңалтумен айналысатын. Мұнда ғылыми дәлелденген, ең тиімді, заманауи әдістемелер қолданылады және арнайы дайындықтан өткен мамандар жұмыс істейді. Ерекше балғындардың ата-аналарына да психологиялық қолдау көрсетіледі.

Жаңа ғимаратта аутизмге шалдыққан балаларды оңалту мен түзетудің тың форматтары енгізілген, мекеме жұмысы осы ретте заманауи машықтар мен әлеуметтендіруге қол жеткізуге бағытталған. Оның ашылуы үшін қаншама ресурс пен күш салынды. Осыған орай орталық басшысы Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына 7 жыл бойы серіктес болып келе жатқаны үшін алғыс білдірді.

Тамаша!👍

2️⃣ Қазақстан «Азия балалары» халықаралық спорт ойындарына қатысады.

Қазақстанның жас спортшылары Якутск қаласында өтетін «Азия балалары» халықаралық спорт ойындарына қатысады.

Жарыс 2024 жылдың 25 маусымы мен 7 шілдесі аралығында өтеді.
1996 жылдан бері төрт жылда бір рет өткізіліп келе жатқан және бүкіл Азия құрлығын қамтитын спорт додасына 16 жасқа дейінгі спортшылар қатыса алады.

Жазғы және қысқы ойындар бағдарламасына спорттың 24 түрі кіреді: олар күрес пен садақ атудан биатлон мен шахматқа дейінгі ойындарды қамтиды.
Қазақстан 1996 жылдан бастап жазғы, 2019 жылдан бастап қысқы халықаралық «Азия балалары» спорттық ойындарына қатысып келеді. 2024 жылы да қазақстандық спортшылар бұл ойындарға қатысады, деп хабарлады Қазақстанның туризм және спорт министрлігі.

2023 жылдың ақпан айында қазақстандық жасөспірімдер Илья Мизерных, Илья Шильников және Софья Шишкина «Азия балалары» халықаралық турнирінде үш медаль жеңіп алды. Команда қоржынында алтын, күміс және қола медальдар болды.

2012 жылы Якутияда өткен V ойындарда Қазақстан құрамасы 70 медаль жеңіп алып, үшінші орын иеленді.

Балаларымызға сәттілік тілейміз!🙌🏻

3️⃣ Елімізде “Абылай хан” фильмінің түсіріліміне басталды.

Қысқаметражды көркем фильм 1771 — 1781 жылдары Қазақ хандығын басқарған көрнекті мемлекет қайраткері, ержүрек қолбасшы Абылай хан жайында баяндайды.

Фильмді ҚР Президенті телерадиокешенінің Деректі фильмдер орталығы түсіріп жатыр. Түсірілім Қонаев қаласындағы “Көшпенділер” алаңында өтуде.

“Абылай хан” көркем фильмі Бурабайдағы Абылай хан алаңында орналасқан мультимедиалық-интерактивті кешенде көрсетіледі.
Кешенге келушілер қазақ халқының біртуар перзенті — Абылай хан атанған бала Әбілмансұрдың өмір тарихын білуге зор мүмкіндік алады.
Басты рөлді қазақтың белгілі актері Жандос Айбасов сомдайды.

Басшылық тарихи фильмдерге басымдылық беруде🔥