Банк, Мектеп, Билет. 12 сәуірдің топ жаңалықтары

Автор: редактор 12 апреля, 2024


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Енді Қазақстанда әскери билет талап етілмейді.

Оған қоса елде жұмысқа орналасу немесе оқу орнына түсу кезінде әскери билеттің түпнұсқасын өткізу туралы талап та жойылған.

«Енді жұмыс беруші азаматтың әскери қызметке қатынасы туралы мәліметін egov.kz электрондық үкімет ресурсын пайдаланып, автоматты режимде ала алады.

Заңнама бойынша заңды тұлғалар азаматтың әскери қызметіне қатынасы туралы деректерді тіркеуге міндетті. Сондықтан кадр қызметтері бұрын әскери есепке алу құжаттарын (әскери билеттер, тіркеу туралы куәлік, әскери қызмет өткергенін растау туралы анықтама және т.б.) талап еткен», — делінген Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.

Мемлекеттік органдар барлық жүйенің интеграциясын жүргізген, енді жұмыс беруші сауалына жауапты автоматты түрде ала алады.

«Былтырдан бері осы процестерді цифрландыру жөнінде жұмыс жүргіздік. Атап айтқанда, ақпараттық жүйені әзірлеп, оны іргелес мемлекеттік органдардың мәліметтер базасымен біріктірдік. Инновация кадрлық қызметтердің жұмысын жеңілдетіп, азаматтарды анықтама алу үшін уақыт жұмсаудан босатады. Егер бұрын бұл процестер бірнеше аптаға созылса, бүгінде бұл бір күнде жасалады, — деді Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев.

Жеке ұйымдар «Е-Еңбек» ақпараттық жүйесінде, мемлекеттік мекемелерде «Е-Қызмет» ресурсын пайдаланып, қызметкерлердің есебін жүргізеді.
Сонымен қатар, әскери билет Қарулы күштер қатарында, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда әскери қызмет өткергендерге ғана беріледі.

Қазақстан Қорғаныс министрлігі әскери билеттің цифрлық форматқа ауыстырыланын мәлімдеді.📌

2️⃣ Келесі жылдан бастап Қазақстанда барлық банк үшін бірыңғай QR-код жүйесі іске қосылады.

Бұл туралы Ұлттық банктің басқарма төрағасы Тимур Сүлейменов мәлім етті.

Ұлттық банк төрағасының айтуынша, бірыңғай QR-код кез келген банктің қосымшасы арқылы сатып алу кезінде төлем жасауға мүмкіндік береді – ол өзара танылады.

«Қазір сіз дүкенге барып, QR-код арқылы төлем жасағыңыз келсе, сізден «Halyk немесе Kaspi банк пе?» деп сұрайды. Себебі, Halyk bank қосымшасында Kaspi терминалы арқылы және керісінше төлем жасау мүмкін емес. Бұл тұтынушыларға да, банктерге де қолайсыз», — деп түсіндірді Сүлейменов.

Оның айтуынша, жыл соңына дейін бірыңғай деректер базасы пилоттық режимде жұмыс істейді.

«Ал келесі жылдың басынан бастап біз жобаны толыққанды форматта жүзеге асырамыз және оған барлық банк енеді деп ойлаймыз», — деп бөлісті ол.
Ұлттық банк басшысы журналистердің қазақстандықтардың жеке деректерінің сақталуына қатысты алаңдаушылығына да түсініктеме берді.

«Транзакцияны кім орындады, қай уақытта, оның шотында қанша ақша бар, оның аты-жөні кім екені туралы барлық жеке ақпарат қазіргідей банктің өзінде сақталады», — деді Сүлейменов.

Ол сондай-ақ бірыңғай деректер базасы бұрыннан бар QR-төлем әдістерінің жүйесін алмастыра алмайтынын, инфрақұрылым банктерде қалатынын, Ұлттық банк бұл жерде байланыстырушы көпір қызметін атқаратынын айтты.

Жақсы болған екен🔥

3️⃣ Мектеп оқулықтары 100 пайыз цифрлық форматқа көшірілді.

Ведомство мәліметінше, оқулықтар мемлекеттік сараптамадан өтіп, оқу-әдістемелік кешендер тізіміне енгізілді. Цифрлық оқулықтар елімізде 13 баспаның 11 платформасында әзірленіп жатыр.

«Пәндерді оқытуда инновациялық әдіс-тәсілдерді енгізу мақсатында педагогтердің қолдануы үшін әдістемелік ұсыныстар әзірленді. Мұғалімдер сабақтарды заманауи цифрлық технологияларды, онлайн коммуникацияларды, саралау мен даралауды пайдалана отырып өткізеді, сондай-ақ онлайн ресурстарды қолдану бойынша білімдерін жетілдіреді», — деп атап өтті білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Майра Мелдебекова.

Бұдан басқа, робототехника, STEM, химия, физика, биология пәндері бойынша 1345 заманауи кабинет ашу жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін 20 өңірдегі 1072 мектеп заманауи кабинеттермен жабдықталды.

Балалардың жүгі жеңілдейтін болыпты.👍