Банк, Садақ, Төлем. 24 сәуірдің топ жаңалықтары

Автор: редактор 24 Сәуір, 2024


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Ұлттық банк телефон алаяқтарының жаңа схемасы туралы ескертті.

Банктің мәліметінше, алаяқтар өз құрбанының туысының немесе танымал медиа тұлғаның дауысын салуды үйренген.

«Адамның шынайы дауысын пайдалану үшін қаскөйлер мессенджерлердегі (WhatsApp, Telegram және т.б.) аккаунттарды бұзып, дауыстап айтылған хабарламаларды көшіріп алып, оларды нейрондық желіге жүктейді, не болмаса дауыс өзгертетін технологияларды қолданады», – делінген хабарламада.

Кейін смартфон иесінің дауысы ақша жіберуді сұрайтын өтінішке айналып, дауыстық хабарлама түрінде жіберіледі, тіпті сол адамның атынан мәтінмен де келуі мүмкін.

Смартфонға бұзып кіру үшін алаяқтар ұялы байланыс операторының техникалық қолдау қызметінен деп қоңырау шалып, телефонға келген кодты айтуын сұрайды. Зиян тигізетін сілтемелер балалар байқауына дауыс беру немесе әлеуметтік маңызы бар тақырыптарда сауалнамаға қатысуға шақыру түрінде де жіберілуі мүмкін.
Содан кейін айласын асыруға кірісетін қаскөйлер алаяқтыққа көшіп, адамдардан ақша алу үшін туысының, әріптесінің, танысының, қандай да бір медиа-тұлғаның атынан байланысқа шығады.

«Жасанды интеллекттің әртүрлі құралымен мессенджерлерде «күштік құрылым өкілдерінің» (ҚР ІІМ, Бас прокуратура және т.б.) атынан бейнеқоңырау шалып, азаматтарды Қазақстан Ұлттық банкімен «бірлесіп жасалатын»» төлем операцияларына қатысуға үндейді», – деп жазылған хабарламада.

Әңгіме барысында резервтелген ұяшықтың немесе брондалған қаражаттың қағаздары деп Ұлттық банктің атынан жалған құжат ұсынады. Азаматтардың сеніміне кіру үшін жалған құжаттарда мемлекеттік органдардың немесе жеке компаниялардың «уәкілетті адамы» қойған қолы мен оның аты-жөні және басылған мөрі көрсетіледі.

Абай болыңыздар!🙌🏻

2️⃣ Садақ атудан Қазақстан әйелдер құрамасы тарихи жүлдеге қол жеткізді.

Жарыс Қытайдың Шанхай қаласында өтті. Бұл садақ атудан Қазақстан әйелдер құрамасының әлем кубогі кезеңдерінде жеңіп алған алғашқы жүлдесі. Бұған дейін біздің команда кубоктік сындардан мүлде медаль алмаған.

Жарыстағы жолы:
1/4 финал
Қазақстан – Оңтүстік Корея 234:230
Оңтүстік Корея Токио Олимпиадасында чемпион атанған. Бірақ бұл құрамдағы спортшылар емес.
1/2 финал
Қазақстан – Италия 227:227 (28:29)
3-орын үшін талас
Қазақстан – Эстония 231:224
Адель Жексенбинова
Виктория Лян
Айжан Сейдахметова.

Әлемдік додаға Қазақстан сапынан 16 спортшы қатысып жатыр.

Қола жүлде құтты болсын!🔥

3️⃣ 6 мыңға жуық қазақстандық арнаулы әлеуметтік төлем алады.

Жыл басынан бері 5 918 азаматқа зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істегені үшін арнаулы әлеуметтік төлем енгізілді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің
қабылдауға барлығы 6 648 адам өтініш білдіргенін хабарлады.

Арнаулы әлеуметтік төлемге 2 көзден (республикалық бюджет және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры) 2 612 адам жүгінді, оның ішінде 2 517 адамға тағайындалды.

Арнаулы әлеуметтік төлемді 4 көзден (республикалық бюджет, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, жұмыс беруші және өмірді сақтандыру ұйымы) тағайындауға 4 036 адам өтініш білдірген, оның ішінде 3 401 адамға тағайындалған.

Сондай-ақ, 447 азамат сақтандыру компаниясымен зейнеткерлік аннуитет шартының жасалуын күтіп отыр, 90 азамат СМС хабарламаға жауап бермеген. Міндетті шарттарды орындамағандықтан, 193 өтініш берушіге АӘТ тағайындаудан бас тартылды.

Аймақтар бойынша 2 көзден арнаулы әлеуметтік төлемдерді алуға өтініш білдіргендердің ең көп саны Қарағанды (2 көзден – 462 адам, 4 көзден – 798 адам), Қостанай (2 көзден – 304 адам, 4 көзден – 659 адам) және Шығыс Қазақстан (2 көзден – 235 адам, 4 көзден – 574 адам) облыстарында тіркелген.

Төлем алу үшін 55 жасқа толу әрі БЖҚ-ға кемінде 7 жыл зейнетақы аударымын жасау міндетті шарт саналады екен👍