Бауыржан Әбдіқайым, Мультсериал, Мөлдір Базарбай. 26 наурыздың топ жаңалықтары

Автор: редактор 26 Наурыз, 2023


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!📌

1️⃣ «Қазақстан дауысы. Балалар» байқауында 14 жастағы зағип қыз – Мөлдір Базарбай өз дауысымен көрерменді тәнті етті.

Ол Оралдағы нашар көретін балаларға арналған мектеп-интернатта білім алады.

Мөлдір Базарбай «Қазақстан дауысы. Балалар» байқауында тамаша өнер көрсетіп, барлық төрешіні өзіне қаратты.

Жас қыз сал ауруына шалдыққан. Алайда бұл сырқаты оның музыкамен шұғылдануына еш кедергі келтірген емес. Бойжеткен бос уақытында пианинода, домбырада, сазсырнайда ойнайды.

Талантты орындаушының басты арманы – үлкен сахна төрінде жұртты өнерімен таңқалдыру.

«Көре алмау – өмір сүруге деген құштарлығымды жоғалтқан емес. Мен басқалардың маған қарап шабыттанғанын қалаймын. Менің физикалық сау адамдармен бірдей мүмкіндігім бар екенін айтқым келеді» – дейді, Мөлдір.

Ал сен Мөлдірдің өнерін тамашаладың ба?😍

2️⃣ Қошқарды 2050 рет көтерген ефрейтор Бауыржан Әбдіқайым рекордты жаңартты.

Алматыда Наурыз мейрамына орай ұлттық спорт түрлерінен өткен жарыста Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшісі Бауыржан Әбдіқайым Қазақстанның жаңа рекордын орнатты.

Бір жыл бұрын ол қошқарды 1600 рет көтерген болатын. Бауыржан осындай жарыстарда сегізінші жеңісіне қол жеткізіп отыр. Бұл жолы бұрынғы рекордын да жаңартты.

Спортшы Алматыда ұйымдастырылатын республикалық, қалалық марафондар мен ірі спорттық іс-шараларға тұрақты қатысып келеді.

Міне, керемет! 🔥

3️⃣ Құрманғазының күйлері жайлы мультсериал жарыққа шықты.

Қазақ күйлері жайлы мультсериал жарыққа шықты. Бұл туралы «Хабар 24» телеарнасы мәлімдеді.

Мультсериал атақты күйші Құрманғазы Сағырбайұлына арналған. Жоба авторлары – отандық жас суретшілер. Олардың айтуынша, анимация арқылы жастарға, балаларға төл тарихымызды насихаттау жеңіл болады.

«Дала шырқауы» мультсериалының алғашқы маусымы 13 бөлімнен тұрады. Әзірге бірінші бөлімі ғана шықты. Екінші сериясы келесі аптада көрерменге жол тартады деп жоспарланған.
«Сценарийді өзіміз жазып жатырмыз. Басында бізде адам көп болған жоқ. 14 адаммен бастап едік. Бірінші серияны жасау 6 айға дейін созылып кетті. Қазір адам көбейді 1 серияға 2,5 – 3 ай кетеді. Қызығып, ізденіп жатқан кезде қазақта күйдің 3-4 мектебі бар екеніне көзім жетті. Енді әрбірін ашу керек. Келесі сезондар соған арналады. Күйшілердің бірі біз таңдаған Сүгір болады», – дейді жобаның арт-директоры Санжар Жүсіп.

Енді балаларға төл тарихымызды насихаттау жеңіл болады.👏🏻