Бейбіт Шүменов, Грант, Тұрмыс. 13 шілденің топ жаңалықтары

Автор: редактор 13 Шілде, 2023


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️

1️⃣ Жоғары оқу орындарына түсу үшін білім гранттарына өтініш қабылдау басталды.

Науқан 20 шілдеге дейін жалғасады, деп хабарлайды ғылым және жоғары білім министрлігі.

Талапкерлер өтінішін онлайн да, офлайн да тапсыра алады.
Биыл құжаттарды қабылдау еGov арқылы онлайн немесе ЖОО-лардың қабылдау комиссиялары арқылы офлайн форматта жүргізіледі.
Сондай-ақ, ЖОО-да виртуалды қабылдау комиссиясы жұмыс істейді. Құжаттарды қабылдау кез келген ЖОО (орналасқан жері бойынша) арқылы жүзеге асырылады.

Білім гранты иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады.
Айта кетері, осы жылы бакалавриатқа түсу үшін 73 мың грант бөлініп отыр.

Сіз қай университетке тапсырып жатсыз?😉

2️⃣ Бейбіт Шүменов 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Ішкі істер министрлігі Астанадағысауда-ойын-сауық орталығында болған бұзақылық дерегі бойынша тергеуді жалғастырып жатыр. Бұл туралы Polisia.kz мәлімдеді.

Министрліктің мәліметінше, оқиға 18 маусымда Астанадағы «Mega Silk Way» сауда-ойын-сауық орталығындағы кафелердің бірінде қоғамдық тәртіп бұзылып, келушілердің бірі екіншісін ұрып-соққан.

«Қазіргі уақытта осы факт бойынша Қылмыстық кодекстің 293-бабымен (Бұзақылық) сотқа дейінгі тергеу басталды, ол 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді», – делінген ведомство хабарламасында.

Ішкі істер органдары барлық қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатқанын, олардың нәтижелері бойынша құқықтық баға берілетінін мәлімдеді.

Еске сала кетейік, Астанадағы ірі сауда ойын-сауық орталығындағы кафелердің бірінде жанжал болып, қолында баласы бар ер адамға кәсіби боксшы Бейбіт Шүменов жұдырық ала жүгірген еді.

Тергеу әлі де жүргізіліп жатыр. 📌

3️⃣ Елімізде тұрмысы төмен отбасылардың коммуналдық шығындарының бір бөлігі өтеледі.

Мұндай тетік мемлекеттік тұрғын үй көмегін көрсету аясында көзделіп отыр.

«Ол тұрмысы төмен отбасыларға немесе азаматтарға коммуналдық қызметтер (жылу, электр және сумен жабдықтау, байланыс, лифт қызметі және т. б.) шығындарын өтеу үшін тоқсан сайын төленеді», – деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.

Басты шарт – төлем алушының меншігінде Қазақстан аумағында бір ғана баспана болуы керек немесе ол мемлекеттік тұрғын үй қорынан, жеке меншік тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған баспананы жалға алушы (тең жалға алушы) болуы тиіс.

Биыл үкімет енгізген өзгерістерге сәйкес, егер коммуналдық қызметтерге жұмсалатын сома отбасының немесе азаматтың бір айдағы жиынтық табысының 10%-нан асатын болса, тұрғын үй көмегі беріледі.

Бұрын бұл көрсеткіш әр өңірге байланысты 2-20% аралығында болған. Бұл ретте әкімдіктер рұқсат етілген шекті деңгейді 10%-дан төмендетуге құқылы.

Мысалы, егер отбасының немесе азаматтың бір айдағы жиынтық табысы 100 мың теңгені, ал коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығыны 15 мың теңгені (табыстың 10%-дан астамын) құраса, онда азаматтың жергілікті бюджет қаражаты есебінен өтем алуға құқығы бар.

Жақсы бастама екен!👍